Орынбасар Пашимов дүниеден өтті

Oinet.kz 24-01-2022 1388

Бүгін есімі Түркістан облысының спорт жанкүйерлеріне етене таныс ардагер бапкер Орынбасар Пашимов 70-тен асқан шағында дүниеден өтті. 

Screenshot_1.jpg

Орынбасар Мерқұлұлы 1951 жылы Мақтаарал ауданы Ильич (қазіргі Атакент) ауылында дүниеге келген. Ес білгелі спортқа жақын болып өсті. Өсе келе ол өзін спортшы емес, волейбол бапкері ретінде сынап көрді. Себебі оның ұстаздық қыры зор болды. Ол балалармен тез тіл табысып, нәтижелі диалог орната білетін. Әрбір шәкіртінің жан дүниесіне терең үңілді. 

Орынбасар Мерқұлұлы Мақтаарал ауданының волейболын тынымсыз еңбегінің арқасында жаңа белеске шығарды. Оның жетелеуімен ауданнан қазақ елін тамсандырған талай талантты волейболшы қыздар шықты. Үздік ойыншылары ұлттық құрама командасының сапында халықаралық дүбірлі додаларда Қазақстанның намысын қорғап, жасындай жарқылдады. 

Орынбасар Пашимовтың спорт десе ішкен асын жерге қоятын қасиетіне тәнті болған басшылық оны аудандық спорт мектебінің директоры етіп тағайындайды. Ол директор ретінде талай балалар мен жасөспірімдерді қанаттандырып, өмірден өз орындарын табуға зор септігін тигізді. Ол қиын-қыстау замандарда айналасындағыларға барынша жанашырлық танытқандығымен әлі күнге ел есінде. 90-шы жылдардың тоқырау заманында аудандағы спорт мектебінің жойылып кетпеуі үшін аудан, облыс түгілі елордадағы министрліктердің табалдырығын тоздырып, айлап-жылдап жалақы алмаса да өз ісіне деген адалдығынан айнымаған ел ағасына өңір тұрғындары дән ризашылықтарын жасырған емес.

Screenshot_2.jpg

Ол адал еңбегінің, елге, туған жерге деген перзенттік борышын мүлтіксіз орындауының арқасында Мақтаарал ауданының құрметті азаматы атанған. Орынбасар Мерқұлының қоғамның дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алған марапаттары бір төбе. Туған жері мен еліне бергені көп ел ағасының қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Түркістан жұрты Марқұмның орны толмас қазасына қайғырып, артында қалған отбасына көңіл айтуда.

Жүрсін Ерманның құдасында қуанышты жаңалық болып жатыр
Электр энергиясын пайдалануға қатысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу