Төлебиде 100-ден астам әлеуметтік қызметкер жұмыстан айырылып қалуы мүмкін

Oinet.kz 25-02-2022 792

Жақында Төлеби ауданындағы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№4 Тасарық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің қызметкерлері жұмыссыз қалып, отбасын асырау мүмкіндік айрылып қалмақ. Осы орайда олар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібайға арызданды. Мәселенің мән-жайымен танысқан мәслихат депутаты осы жөнінде Facebook парақшасында тарқатып жазды.

Screenshot_1.jpg

"Жақында облыстық мәслихаттың депутаты ретінде маған Төлеби ауданындағы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№4 Тасарық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің қызметкерлері арызданған болатын. Мүгедек балаларға қызмет көрсететін мекеме 1988 жылдан бері жұмыс істейді. Мекемеде Төлеби ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Тасарық  арнайы  орта мектебі жұмыс істеп, онда  туа бітті сал ауруына шалдыққан 50-ден астам оқушы білім алады. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, қамқорлық жасау басым бағыттардың бірегейі. Әрине, әр азаматтың тағдыр теперішіне ұшыраған жандарға қол ұшын созуы  өз алдына бөлек әңгіме...

Мәселенің мән-жайы былай, «осы мекеме Кентау қаласына көшіріліп босаған ғимаратқа психо-неврологиялық ауытқулары бар туберкулезбен ауыратын балалар жайғаспақ» деген ақпарат шыққан біраз уақыттан бері мұнда жұмыс істейтін Әбілдахан Ақтаев бастаған, Бәкен Сиқымбайұлы қоштаған белсенді топтың, барша қызметкерлердің  мазасы қашуы себебі түсінікті. Бірден айтайық, кезінде 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаларға дейін қабылдаған, осынша балаға лайықталып салынған орталықта қазір 50-ден сәл ғана асатын тәрбиеленушінің болуы да  осы мекемені түбінде көшіру керектігі, адам санына сәйкес басқа  ғимаратқа қоныс аударғаны  дұрыстығы қашан болмасын бәрібір күн тәртібінде қаралатын мәселе еді. Сонымен мекеме жабылған жағдайда арнайы мектептегі 32 мұғалім мен осы орталықтағы әр алуан бағыттағы 100-ден астам әлеуметтік қызметкерге  жұмыстан айырылу қаупі төнбек.  Ал, әр қызметкер отбасының асыраушысы. Олардың арасында  жалғыз басты, көпбалалы аналар бар. Өкінішке қарай орталық көшкен кезде оның   ғимараты алдағы уақытта қандай мақсатта пайдаланатынына байланысты  әлі түбегейлі шешім қабылданбай тұрып түрлі болжамдардың айтылуы, әрқилы нұсқаларды көлденеңнен келген көк аттылар емес облыстық басқармадан барған жауапты басшылардың тілге тиек етуі көпшіліктің арасында түсінбестік туындауына, жан-жаққа арыз-шағым жазылуына, шу шығуына түрткі болды.  Арызда «айналасы темір тікенмен, қорғанмен  қоршалған психикалық мекеменің болуы табиғаты керемет өңірде  туризмді дамыту үшін қолға алынған ірі жобаларға кері әсер ететіні,  ал туберкулез ауруы өте жұқпалы болғандықтан ондай орталықтың салынуына аудан ақсақалдары мен  ауыл билерінің,  мектеп, мекеме ұжымдарының қарсы екендігі» жазылып жүргені де осыдан. 

Screenshot_2.jpg

Осы аптада Тасарық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бір топ жауапты басшылармен бірге барып, қалыптасқан жағдайды талқыладық.  Әуелі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға  алдын ала депутаттық сауал жолдап ресми жауабын алдық. Басқарманың дәл осы салаға жауапты бөлім басшысы Күміс Кемелқызын Түркістаннан арнайы шақырттық. Сонымен қатар  Төлеби ауданы әкімінің орынбасары  Сержан Дүйсебаев, «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты  Қуаныш Қансейітов,  аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рабиға Бейсебаева, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Роза Аманова, Тасарық ауылының әкімі Бақытбек Алтынбеков қатысқан жиында ұжыммен кездесіп ашық түрде даулы мәселені қалай оңынан шешу жағын ойластық.

Біріншіден халықаралық стандарттардың талабына сәйкес облыс орталығы жаққа бұл мекеменің қоныс аударатыны шешілген мәселе болғанымен әзірге нақты қашан көшетіні белгісіз. 

Екіншіден орталық көшкен жағдайда одан босаған ғимарат қандай мақсатта пайдаланылатыны толыққанды шешілмегендіктен елдің алдын ала байбаламға бармағаны жөн. Кім білсін, көпшіліктің қалауына қарай облыс басшылығы, қайталап айтайық басқарма емес облыс басшылығы босаған ғимаратта басты көзірі туризм саналатын, табиғаты тамаша таулы өңірде балаларға арналған демалыс лагерін немесе  оңалту-сауықтырумен шұғылданатын шипажай ашайық деген оң шешім қабылданып та қалар. Елдің осы қалауын орындау бағытында  мәслихат депутат ретінде мәселе көтеруден мен де аянып қалмаспын. 

Тағы бір негізгі негізгі мәселе. Мекеме ішіндегі арнайы мектеп жабылатындығы басы ашық дүние болып тұрғандықтан сол білім ошағындағы  мұғалімдер мен қызметкерлерді жұмыспен қамту жағы қазірден қолға алына бастады. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Роза Аманованың тарапынан осы өңірдегі барлық мектеп басшыларына ескертулер жіберілді. Білім ұяларында жұмыс орын босаған жағдайда ол бірінші кезекте келешекте жабылатын арнайы мектептің мұғалімдеріне ұсынылады. 

Айтпақшы Ләззат Есназарова тізгін ұстаған мекемедегі мүмкіндігі шектеулі балалардың  тыныс-тіршілігімен таныстық, жатын бөлмелердегі мұнтаздай тазалыққа, пән кабинеттеріндегі керемет көрнекіліктерге риза болдық.  Мүмкіндігі шектеулі балалармен тілдескенде көңіл толқыды, жүрек шіркін жиірек дүрсілдеді. Әсіресе, қылқаламды аяғының саусақтармен асқан ептілікпен ұстай алып  салынған суреттерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе?" - деп жазды Ғалымжан Елшібай. 

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы облыстық жастар орталықтарының басшыларымен кездесті
Ordabasy: «Парасат» - халықтың көкейіндегі мәселені көтеретін ашық алаңға айналады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу