«6 миллион теңге»: Алматылық дәрігерлердің Нью-Йоркке сапары үшін бюджеттен қыруар қаражат бөлінген

Oinet.kz 08-05-2025 99

Әлеуметтік желіде Алматыдағы 24 аурухана мен емхананың дәрігерлері 19 сәуірде Нью-Йоркке барады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_3.jpg

Бір апталық сапарда әр қатысушыға 6 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді екен. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, мұның бәрі конкурссыз және бір жеткізуші арқылы ұйымдастырылған.

Ақпаратты Юлья Блажнова есімді Facebook қолданушысы мәлімдеді.Оның айтуынша, дәл осындай сапар 2024 жылдың күзінде Лос-Анджелеске де жасалған. Ол кезде денсаулық сақтау басқармасы бір жеткізушімен 166,6 миллион теңгеге ешқандай конкурссыз, тікелей келісім-шарт жасасқан.

“Мұндай сатып алулар мемлекеттік сатып алу конкурсын жарияламай-ақ жүзеге асырылады. Үнемі бір жеткізуші арқылы орындалады.  Мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу департаментіне қарасты ұйымдардың біреуі ғана аталған жеткізушімен 2024-2025 жылдарға тендерсіз, 166 миллион 620 мың теңгеге тікелей келісімшарт жасасқан”, – деп жазды ол. 

Блажнованың айтуынша, департамент әр топ дәрігерлерінің жанында Алматы денсаулық сақтау басқармасының қызметкері бар деген ақпаратты растады.

"Алматы денсаулық сақтау басқармасы басшысының алдында біздің Лондонда аптасына 2 миллион 850 мың теңге тұратын біліктілікті арттыру сабағы бойынша ұсынысымыз барын ескеру керек. Неліктен Алматы денсаулық сақтау басқармасы 2 миллион 850 мың теңге емес, алты миллиондық бағдарламаларды таңдады? Мен денсаулық сақтау басқармасына 04.04.2025 жылы 3886CL кіріс нөміріне ресми сауал жолдадым. Бірақ олардан жауап келмеді", – деп жазды Блажанова. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдаған.

Басқарма мәліметінше, дәрігерлерге қатысты біліктілікті арттыру сабағы 19-26 сәуір аралығында өткізіледі. 

"Нью – Йорк қаласында "Денсаулық сақтау менеджменті-АҚШ тәжірибесі" тақырыбында біліктілікті арттыру 2025 жылы 19-26 сәуір аралығында басқармаға бағынысты медициналық ұйымдардың өкілдері үшін өткізіледі. Ал Лондон қаласында "Денсаулық сақтау менеджменті – Англия тәжірибесі" тақырыбында біліктілікті арттыру басқармаға бағынысты медициналық ұйымдардың өкілдері үшін 2025 жылы 11-18 мамыр аралығында ұйымдастырылады", – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ жауапта бір қатысушыға жолдама бағасы 5 350 000 теңгеден 6 000 000 теңгеге дейін екені расталған. Ал сапарға баратын дәрігерлердің саны - 25. Осылайша, барлық дәрігерлерді оқыту аптасының құны 133-тен 150 миллион теңгеге дейін. 

Басқарма 2024 жылы Лос-Анджелеске жасалған сапар барысына да тоқталды. Олардың мәліметінше, бұл сапар жұмысшылардың біліктілігін арттыруға бағытталған әрі биыл ұйымдастырылған сапарқа ұқсас.  

"Мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы шарттарды талдау барысында, 2024-2025 жылдар кезеңінде Басқарманың 166,6 миллион теңгеден астам сомаға шарт жасамағаны анықталды. Осыған байланысты бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мемлекеттік сатып алу веб-порталында жасалған шарттар бойынша ақпарат жария санатында", – делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған сапарға үкіметкерлерді медициналық мекемелердің директорлары қабылдады.

Сапар нәтижесі қалай болды?

Нью-Йоркте жүргенде алматылық дәрігерлер суретке түсіп, әлеуметтік желіде жариялады. Ел бюджетінен әр дәрігерге 6 миллион теңге бөлінгенін Facebook парақшасында жариялаған Юлья Блажнова жазбаларды жан-жақты зерттеген. Ол медицина қызметкерлері барлық нысандарды жоспар бойынша аралады дегенге сенбейтінін жеткізді.

"Нью-Йоркте бір апта ішінде тек үш жұмыс сапары болған. Қатысушылар әлеуметтік желіде үш ұйымға барғандарын ғана хабарлаған”, – деді ол. 

Оның мәліметінше, "KAMADA Conference" ЖШС құрастырған бағдарлама бойынша дәрігерлер әрқайсысында бірнеше бөлімшелері бар бес медициналық ұйымға баруы тиіс болған. Дегенмен алматылық медицина қызметкерлерінің нақты қанша мекемеге барғаны белгісіз.

Балаларының көзінше әйелін пышақтап өлтіріп, кейін өзінің тамағын орып жіберген
«Телефоным қайда?»: Жамбылда баласының жоғалып кеткенін байқамаған ана сынға қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу