«Ең маңыздысы — Дастанның толықтай сауығуы»: Құралбек Ордабаев Дастан Сатпаевтың жағдайы туралы
"Қайрат" футбол клубының ардагері Құралбек Ордабаев Дастан Сатпаевтың Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылуына байланысты жағдайға пікір айтты; деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Сөзінше, Дастан өзін жайсыз сезініп жүрсе де, ешкімге тіс жармаған.
“Соңғы матч алдында Дастан командаға көмектескісі келіп, толық ойын өткізіп, тіпті гол да соқты. Бірақ матчтан кейін ауырсыну күшейіп, ол медициналық штабқа жүгінуге мәжбүр болды. Тексеру нәтижесінде сол жақ жамбас бұлшықетінде шамамен төрт сантиметрге жуық ісіну, сіңірдің созылуы, микрожарықтар анықталды. Бұл жас ағза үшін айтарлықтай жүктеме, сондықтан дәрігерлер оған клуб базасында қалып, қалпына келу курсынан өтуді ұсынды”, – деді Ордабаев.
Клуб бұл мәселені құраманың медициналық штабымен келісіп, жағдай туралы ресми түрде хабарлады. Өкінішке қарай, Дастан ұлттық құрамада ойнай алмайды.
“Жігіттеріміз ешқашан құрамадан бас тартпайды. "Қайрат" футболшылары үшін Қазақстан намысын халықаралық деңгейде қорғау — әрдайым үлкен мәртебе мен мақтаныш. Сондықтан дәл қазір ең маңыздысы — Дастанның толықтай сауығып, жаңа күшпен оралуы. Ол әлі де клубқа да, ұлттық құрамаға да көмек көрсете алады”, – деді ол.