Педофил педагог, маняк әкелер пайда болды - Мұхамеджан Тазабек
Күні кеше Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанова ажырасуға жақын екенін мәлімдеген еді. Ол жан жарының екінші әйелі барын айтып мұңын шақты. Бұл жағдайға байланысты психолог Мұхамеджан Тазабек өз ойын білдірді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Тұрсынбектің төрінде талай қонақ боп, Мөлдірдің қолынан ыстық шәй ішуші едік…
Бұл күндер де көзден бұлбұл ұшқаны ма?! Бір әйел жыласа аспанды бұлт торлағандай, бір еркектің еңсесі түссе егінді өрт шалғандай күйге түсеміз
Соңғы жылдары, мыңдаған отбасылардың мұңы мен сырына куә боп жүріп түсінгенім; екі тұлғаныa тұтас тыңдамай, ішкі жағдайға етене араласпай, ол отбасында орын алған жағдайдың салдарын есептемей - ештеңе айтпау, бірдеңе деуге асықпау…
Екі жас екі жаққа кетіп, екеуі екі адаммен тағдыр қосып, жылдар өте келе қайта қосылғанды да көрдік…. “Әйелді былай ұстау керек қой” деп, сырттай күпініп, жылдар өте өз жарына жарты сөзін өткізе алмағанды да көрдік.
“Күйеуім бір жүрген сорлы, білгенімді істеймін, айтқанымды орындатамын” деп, абыройын жұрт алдында ұлтарақ қылған жеңгейдің жер ортасына келгенде “сорлы” күйеуінің жуас бір вахтер әйелдің қолына кіріп алғанын да көрдік. “Ей, бұл, өйтпеу керек еді ғой” деп, бетті жеңгейдің сасқаннан үш күн шаңыраққа қарап, тесіліп жатқанына да куә болдық…
Ақ көңіл жуас әйелін басынып, күндіз-түн білгенін жасап, сырттағы серілігі сарқылғанда қолдан қартайтқан бәйбішесінің есігінен сығалап, ортаға кісі салып, баяғы күнінің сынық сәтін қайтара алмай жүрген көкелерімізді де көрдік.
Қасында болдық, басу айттық, аядық…
Өмір ғой…
Не болмай жатыр?! “Әртістер-ай, сендердің өмірлерің кімге керек?” “Неге сырларыңды сыртқа шашасыңдар, тыныш жүре бермейсіңдер ме?” “Тұрсынбек-ау, нең бар еді құтырып, абыройың шашылды ғой…” дегендей не деген пікірлер легін төгіп жатырмыз…
Әртіс болса да, танымал болса да осы қоғамның мүшелері ғой. Бұл құбылыстар өмірдің шындығы, қоғамның жасыра алмайтын сипаттары. Бұл кісілер танымал болғасын сыртқа шығып кетіп жатыр. Жазғыштарға да, блогерлерге де қызық тақырып, жұрт назарын аудартар сұхбат дегендей…
Бірақ, қаншама қарапайым отбасында шегіне жетіп, шебінен өтіп тұрған проблема да осы ғой. Түк болмағандай түр жасап, өзі шешіліп кететіндей көз жұмып жүрген шерлі жан қанша ма?!
Әлемдік лидерлер де, президенттер де, ақылмандар да шырылдап жатыр. “Ойбай, адамзат күрделі кезеңге кірді. Шешілу күн сайын қиындап барады. Дипломатия дамымаса, соғыстың ұшқыны лыпылдап тұр. Технология алға қарыштап кетті, адамның табиғи сапасын сақтауы күн сайындап қиындап барады” деп дабыл қағуда…
Сол “күрделі кезеңнің”, “жаңа проблемалардың” алғашқы құрбандары - дәстүрлі қоғамдағы отбасы құндылығы боп тұрғаны өкінішті…
Ажырасу ғарыштық жылдамдықпен жүзеге асуда. Ажырасу ниетінде жүргендер одан да көп. Үйленуді ұмытқан, тұрмысқа шығуды қарастырмайтын жастардың қалың нөпірі өсіп келе жатыр… Қоғам қожырап тұр. Сапаның түскені сондай - педофил педагог, маняк әкелер пайда болды. Туысқа қарыз бермейтін, досқа сыр айтпайтын суық, секемшіл, “сен тимесең мен тиме” болып барамыз. Бабалар сауап алған істен біз стресс аламыз. Бабалар “мал құлағы саңырау” деп қашқан тақырыптардан біз сериал түсіріп, ақша жасаймыз.
Бізге қазір сүрінгенді әжуалап, ақылмансып біреудің үстінен үкім айтатын емес, шын мағынасында шырылдап, шаңырағыңның астында өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің тағдырына алаңдайтын уақыт кеп тұр. “Қыздарымның бағы ашылмады” деген депутаттың”, “ұлым туралы айтуға ұяламын” деген академиктің сұхбаттары бізді толғандыру керек…
Ең құрығында біреуді табалап, сол арқылы басымызға бәле шақырып алмайықшы… “Әйел қырық шырақты!” Мөлдірге хайырлы тағдыр тілейміз.
Бұл күндер де өтер. Уайымды ұмыттырар қуаныш сыйласын, Жаратқан!
Тұрсынбек те түсінер. Еркек қой, есін жиып, туын түзетіп, қолын түсірмей аманаттарын арқалауға Алла күш қуат берсін! Қиып жіберетін қызымыз, қуып жіберетін ұлымыз көп емес. Аз ғана халықпыз… Алла сақтасын!
Тыныш кезде тыртыңдау, тоқ кезде тобасыз сөйлеу оңай. Құдай басқа салмасын! - деп жазды Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желідегі парақшасында.


