Түркия Ресей мұнайынан бас тартып, Қазақстан мен Ирактан сатып алуда

Oinet.kz 04-11-2025 48

Түркиядағы ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорындары Ресейге қарсы енгізілген жаңа Батыс санкцияларынан кейін басқа елдерден мұнай сатып алу көлемін көбейткен. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды Oinet.kz.

Screenshot_3.jpg

Агенттіктің мәліметінше, SOCAR Turkey Aegean Refinery (STAR) зауыты Ирак, Қазақстан және басқа елдерден төрт партия мұнай сатып алған. Бұл шамамен тәулігіне 77–129 мың баррель көлеміне тең.

Сол жеткізілімдердің бірі — Қазақстанның KEBCO маркалы мұнайы, ол сапасы жағынан ресейлік Urals маркасымен ұқсас.

Reuters дерегінше, 2025 жылы STAR зауыты Қазақстан мұнайының тек бір партиясын ғана импорттаса, 2024 жылы мүлде алмаған. Ал қыркүйек пен қазан айларында зауытқа түскен шикізаттың басым бөлігі — ресейлік мұнай болған (шамамен тәулігіне 210 мың баррель).

Басқа ірі өндіруші — Tupras компаниясы да сапасы жағынан ұқсас ирактық және басқа да мұнай түрлерінің жеткізілімін арттыруда. Бұл қадам компанияға санкцияларға ілінбей жалғастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, ресейлік мұнайды өңдеу Tupras-тың басқа зауытында жалғасатыны айтылған.

РБК агенттігінің мәліметінше, Түркия ресейлік мұнайды ең көп сатып алатын елдердің бірі болып қала береді. 2024 жылы Түркия Ресейден рекорд көлемде мұнай импорттаған — тәулігіне 323 мың баррель, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға көп.

АҚШ 22 қазанда «Роснефть» және «Лукойл» секілді ресейлік мұнай компанияларына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Ал келесі күні Еуроодақ Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін қабылдады.

Бұған дейін хабарланғандай, жаңа америкалық санкциялардан кейін кейбір үнді мұнай өңдеу зауыттары Ресей мұнайына тапсырысты уақытша тоқтатқан. Алайда Үндістанның мемлекеттік Indian Oil компаниясы 28 қазанда Ресей мұнайын сатып алуды жалғастыратынын мәлімдеді.

Бишімбаевтың анасы 1 млн доллар үшін туысымен соттасып жатыр
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу