«Сақ» киностудиясының серпінді бастамасы

Oinet.kz 06-03-2026

Қазақ анимациясы соңғы жылдары мазмұн мен пішін тұрғысынан жаңа ізденістерге бет бұрып келеді. Әсіресе, ұлттық дүниетанымды заманауи технологиямен ұштастыру  уақыт талабына айналды. 

Screenshot_34.jpg

Балалар мен жасөспірімдерге арналған сапалы контент қалыптастыру, сонымен қатар оны халықаралық деңгейде ұсына алу  отандық кино өндірісі үшін маңызды міндеттердің бірі болды. Осы бағыттағы тың бастамалардың бірін «Сақ» киностудиясы бастады.  Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы және Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен «Сақ» киностудиясы «Алан туралы аңыз» атты толықметражды анимациялық фильмін көрерменге ұсынбақ. Жоба отандық анимация саласындағы жаңа белес ретінде бағалануда. Заманауи динамикалық стильде түсірілген туынды халықаралық аудиторияға түсінікті, шытырман оқиғаға толы форматта жасалған. Визуалдық шешімі мен қарқыны жағынан фильм Kung Fu Panda стиліндегі серпінді анимацияны еске түсіреді.

Фильмнің режиссері Азамат Ерназаровтың айтуынша, фильмнің оқиға желісі Алан мен оның достарының туған қаласын жаудан қорғау жолындағы күресін баяндайды. Қауіп-қатерге толы сапар барысында кейіпкерлер батылдықтың, ерліктің және шынайы достықтың мәнін терең сезінеді. Оқиға динамикасы, тартысты сәттер мен әсерлі көріністер жас көрерменді ғана емес, ересектерді де бейжай қалдырмайды. Туынды ұлттық рухты, тарихи-мәдени элементтерді заманауи 3D анимациямен үйлестіре отырып, қазақы болмысты жаңа форматта танытуды мақсат етеді. Фильм қазақ тілінде түсірілген, хронометражы – 1 сағат 15 минут, алты жастан асқан балаларға арналған. Көрсетілім сәуір айының ортасынан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

Фильмнің режиссері – Азамат Ерназаров. Сценарийін Бақытжан Құлжабаев, Батырхан Дәуренбеков және Азамат Ерназаров жазған. Продюсері – Нуриддин Паттеев. Шығармашылық топтың айтуынша, жоба отандық анимация индустриясының дамуына серпін беріп, ұлттық мазмұндағы сапалы дүниелердің көбеюіне ықпал етпек.

Фильмге арналған баспасөз конференциясында туындының идеясы, өндіріс кезеңдері, техникалық ерекшеліктері мен халықаралық нарыққа шығу жоспарлары туралы кеңінен айтылды. Жоба авторлары «Алан туралы аңыз» фильмі қазақ анимациясын жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық құндылықтарды заманауи тілмен жеткізетін маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

Бұл жоба ұлттық анимацияның жаңа сапалық кезеңге қадам басқанын аңғартатын маңызды туынды болса керек. Заманауи технология мен ұлттық мазмұнның үйлесуі көрерменге әсерлі де мағыналы өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Осындай бастамалар көбейген сайын, қазақ анимациясы тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық кеңістікте де бәсекеге қабілетті бола түсетіні анық. «Алан туралы аңыз» жас ұрпақтың рухани танымын байытып, отандық кино өндірісінің әлеуетін айқындайтын жарқын жобалардың бірі боларына біз де сенімдіміз.

Бетті дайындаған: Аида ӨТЕП

Ұлжан МҰСТАФАЕВА: Ең алдымен идеологияны күшейту қажет
Соғыстың сценарийі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу