Абай шығармаларын "қате түсіндірді" деп айыпталған қазақ ғалымы Шыңжаңда сотталды
Әділ Семейханұлы – Абай Құнанбайұлы шығармаларын зерттеуші әрі редактор. Ол Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дереккөздердің мәліметінше, оған қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын “қате түсіндірді” деген айып тағылды.
Зерттеушінің ісі туралы журналист әрі құқық қорғаушы Серікжан Билаш дін бостандығы мен адам құқықтары мәселелерін зерттейтін италиялық Bitter Winter журналына жазған мақаласында жазды.
Әділ Семейханұлы – “Шынжаң” газетінің редакторы әрі белгілі, мәдениеттанушы. Жарияланымда 2024 жылдың қаңтарында ұсталған.
Туыстарының айтуынша, ол 7-8 ай қамауда болған. Кейін дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты үйқамаққа ауыстырылған.
Алайда 2025 жылғы 20 тамызда Шыңжаңдағы сот оған 6,5 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оған Абай Құнанбайұлы ілімін “теріс түсіндірді” және “өзгеше қоғамдық пікір қалыптастырды” деген айыптар тағылған. Бақылаушылардың айтуынша, мұндай тұжырымдар Қытай заңнамасында өте кең мағынада түсіндіріледі.
Сондай-ақ онымен бірге зерттеу және аударма жұмыстарымен айналысқан тағы бірнеше қазақстандық зиялы қауым өкілдері де қудалауға ұшырағаны айтылған. Берілген мәліметтерге сәйкес:
Мұрат Ибыраюлы – 5,5 жылға,
Оңалған Мүлікұлы – 7 жылға,
Жәнібек Жаудатұлы – 7,5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ал Тегіс Зайбекұлы туралы нақты жаза мерзімі көрсетілмеген.
Айта кетейік, Қытайдың ресми дереккөздерінен бұл үкімдерді растайтын мәліметтер табылмаған. Алайда жарияланым авторларының айтуынша, бұл саяси істер Шыңжаңда жабық түрде қаралады.
“Қытайдағы ашық сот деректер базаларын, үкіметтік бюллетеньдер мен құқықтық хабарламаларды шолу Әділ Семейханұлы мен тағы төрт зиялының ұсталғанын немесе сотталғанын растайтын ресми жазбаларды анықтамады. Ашық құжаттардың болмауы Шыңжаңдағы саяси істер үшін үйреншікті жағдай. Мұнда сот процестері көбіне жабық өтеді”, – деп жазады Bitter Winter басылымы.
Шетелдік басылымның мәліметінше, авторлар бұл іс бойынша ресми сұрауларды Шыңжаң билігіне және Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне жолдаған.


