Президент денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады

Oinet.kz 10-03-2026

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады.

Screenshot_2.jpg

Президентке денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен саланы дамыту перспективасы жөнінде есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер туралы баяндалды. Министр жалпы және нәрестелер өлімі 15,3 пайызға төмендегенін айтты. Қазақстанда жұқпалы емес аурулардан мерзімінен бұрын қайтыс болғандар саны 25 пайызға азайды. Осылайша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсатты көрсеткішіне қол жеткізілді.

Мемлекет басшысына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық жәрдемді жетілдіру, скрининг бағдарламаларының аясын кеңейту және ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жаңғырту жөнінде айтылды.

Онкологиялық қызметті дамыту шаралары жалғасып келеді. Астана қаласындағы жаңа онкологиялық кешен базасында Протонды терапия орталығы ашылды. Қызылорда және Ақтау қалаларында 2 жаңа ПЭТ/КТ кешені іске қосылды. Барлық өңірде эндоскопия орталықтарының жұмысы жолға қойылды.

Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен аймақтардағы бірқатар нысан құрылысы аяқталды.

Бұдан бөлек, МӘМС жүйесіндегі қаржыны бақылауды күшейту, соның ішінде қаражатты мақсатты жұмсауды мониторингтеу жүйесін автоматтандыру және медициналық қызмет көрсетушілерге талапты қатаңдату шараларына баса назар аударылған.

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жеке-жеке қызмет көрсететін ақпарат жүйелерін E-Densaulyq платформасына біріктіру қолға алынған.

Министр кейінгі екі жылда фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2,3 есе, ал дәрі-дәрмек экспорты 1,9 есе өскенін баяндады. Дәрі-дәрмектің 400-ден аса түрін өндіру бойынша 6 инвестициялық келісім жасалды. Олардың жалпы құны 316,3 миллиард теңгеге бағаланған.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа саланың кадрлық әлеуетін дамыту, медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде ақпарат ұсынылды.

Президент медициналық қызмет сапасын арттыру, саладағы қаржылық тәртіпті қатаңдату, маман даярлау жүйесін жетілдіру, цифрлық жаңғырту жұмыстарын жеделдету және отандық фармацевтика өнеркәсібін өркендету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Президент Түркістан облысының әкімін қабылдады
Атыраудағы күйеубала ата-енесін не үшін өлтіргені белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу