Студенттердің рухани танымына ықпал еткен мәдени кеш

Педагогикалық практика жетекшісі: Қарлығаш Борбасова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
Ғылыми жетекші: Багашаров Кудайберди Сабыржанович, PhD, қауымдастырылған профессор
Алимхан Аружан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Театр әсері: студенттердің рухани танымына ықпал еткен мәдени кеш
Мен, Алимхан Аружан, исламтану мамандығы бойынша 1-курс магистранты ретінде Тұрақты даму мақсаттары аясында бакалавриатта білім алып жатқан 2-курс исламтану студенттерімен бірге Алматы қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына барып, «Бір түп алма ағашы» спектаклін көрдік. Бұл мәдени шара студенттердің рухани дүниесіне ерекше әсер етіп, өмірлік құндылықтар туралы терең ой салған мазмұнды кештердің бірі болды. Бүгінгі таңда жастардың жан-жақты дамуы тек оқу бағдарламасымен шектелмейді. Олардың мәдени және рухани тұрғыдан қалыптасуы да маңызды орын алады. Осы тұрғыдан алғанда театр өнері қоғамдағы маңызды мәселелерді көркем түрде жеткізіп, көрерменнің ой-санасына ықпал ететін ерекше мәдени орта болып саналады. «Бір түп алма ағашы» қойылымы да осындай терең мағыналы туындылардың қатарына жатады. Қойылым барысында актерлердің шеберлігі, сахнадағы кейіпкерлердің шынайы сезімдері мен өмірлік жағдайлары көрерменді бейжай қалдырмады. Спектакльдің негізгі мазмұны отбасы құндылықтары, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, бауырлар арасындағы өзара түсіністік және адам өміріндегі шынайы бақыттың мәні туралы ой қозғайды. Қойылым арқылы көрермен өмірдің мәні тек материалдық игілікте емес, ең алдымен отбасы бірлігі мен адамдар арасындағы мейірімде екенін терең түсінеді. Спектакльді тамашалаған 2-курс исламтану студенттері де алған әсерлерімен бөлісті. Студенттердің бірі Қанаева А. қойылым туралы былай деді: «“Бір түп алма ағашы” спектаклін тамашалау маған ерекше әсер қалдырды. Актерлердің кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде екенін байқадым. Бұл қойылым арқылы өмірдің шынайы мәні байлықта емес, отбасының татулығында екенін түсіндім. Сонымен қатар бала мен ана арасындағы, бауырлар арасындағы қарым-қатынас мәселелері көтеріліп, қазіргі қоғам үшін маңызды тақырыптардың бірі екенін көрсетеді». Тағы бір студент Әйтеш Ә. Бұл мәдени кештің әсері туралы былай деп пікір білдірді:
«Спектакль көрген кеш мен үшін өте әсерлі өтті. Сахнадағы оқиғалар мен кейіпкерлердің тағдыры адамды терең ойға жетелейді. Олардың сезімдері мен қарым-қатынасы шынайы көрінгендіктен, көрермен ретінде өзімді сол оқиғаның ішінде отырғандай сезіндім. Қойылым аяқталғаннан кейін де көңілімде жылы әсер мен ой қалды».
Бұл қойылым студенттерге өмірдегі ең маңызды құндылықтар – отбасы, сыйластық, мейірімділік және өзара түсіністік екенін тағы да еске салды. Осындай мәдени іс-шаралар жастардың рухани дүниетанымын қалыптастырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе исламтану мамандығында білім алып жүрген студенттер үшін тәрбиелік мәні бар мәдени шаралардың маңызы ерекше. Мұндай іс-шаралар адамгершілік құндылықтарды терең түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шара Тұрақты даму мақсаттарының бірі – сапалы білім мен мәдени құндылықтарды дамыту қағидаларымен де үндеседі. Өйткені мәдениет пен өнер арқылы жастардың ой-өрісі кеңейіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын саналы тұлға ретінде қалыптасуына жол ашылады.
Қорытындылай айтқанда, «Бір түп алма ағашы» спектаклін тамашалау студенттер үшін тек мәдени демалыс қана емес, сонымен бірге өмірлік құндылықтарды терең түсінуге мүмкіндік берген тағылымды тәжірибе болды. Мұндай мәдени іс-шаралар жастардың рухани дамуына оң әсер етіп, олардың ұлттық мәдениетке деген құрметін арттыруда маңызды рөл атқарады.


