Шымкентте аудан әкімі футбол алаңында ер адамды соққыға жықты деп айыпталған: Тәртіптік іс қозғалды
Шымкенттің Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде. Тексеру материалдарын мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әдеп жөніндегі комиссиясы қарайды.

Тексерудің басталуына әлеуметтік желілерде тараған видео себеп болды. Бейнежазбада Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа сырттай ұқсайтын ер адамның футбол алаңында басқа бір ер адамды бірнеше рет ұрып жатқан сәті көрінеді. Агенттік бұл істің қаралып жатқанын растады.
“Көрсетілген деректер бойынша Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі А.Е. Абаевқа қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеу тағайындалды. Қызметтік тергеу материалдары агенттіктің әдеп жөніндегі комиссиясының отырысында қаралады”, – деді жергілікті мемлекеттік органдар қызметін бақылау басқармасының басшысы Жасұлан Тулаков.
Жұмыс орнында жанжалдасқан Серік Сәпиев пен оның орынбасары қызметінен кетті
Оның айтуынша, әдеп жөніндегі комиссия шенеуніктің әрекетіне баға беріп, тәртіптік құқықбұзушылықтың болған-болмағанын анықтайды.
“Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ереженің 20-тармағына сәйкес (Агенттік төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы №19 бұйрығымен бекітілген), мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасауы, қолданылатын жаза түрі және өзге де мәселелер комиссия отырысында қаралады. Сол жерде лауазымды тұлғаның әрекетіне де тиісті баға беріледі”, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Алмас Абаев Қаратау ауданының әкімі лауазымына былтыр сәуірде тағайындалған. Бұған дейін ол Шымкент және Абай облыстарындағы мемлекеттік сатып алу басқармаларын басқарған.


