МузАрт тобы шын мәнінде не үшін бөлініп кеткені белгілі болды
Түркістан театрының актері Шерхан Саматұлы «Қайырлы таң, Қазақстан» бағдарламасына қатысып, «МузАрт» тобына арналған сахналық қойылым туралы айтып берді. Оның сөзінше, жаңа туындыда елге кеңінен танылған трионың құрылу кезеңі, шығармашылық жолы және ішкі драмасы сахна тілімен ашылған, деп жазады Ertenmedia.kz.

Актердің айтуынша, қойылымның өзегінде «МузАрт» тобының алғашқы қалыптасу тарихы жатыр. Сюжетте Мақсат Базарбаев пен Мейрамбек Бесбаевтың трио құру туралы арманы, кейін мейрамханада ән айтып жүрген Сәкен Майғазиевті көріп, үшеуінің бас қосуы көрсетіледі. Осылайша қазақ эстрадасында өзіндік орны бар топтың дүниеге келу сәті сахналық шешіммен берілген.
Шерхан Саматұлы қойылымда тек шығармашылық өрлеу ғана емес, топ ішіндегі күрделі кезеңдер де қамтылғанын айтты. Оның сөзінше, гастрольдік сапарлардан кейін араға үшінші тарап араласып, топтың ішкі бірлігіне сызат түсіре бастайды. Атап айтқанда, бір продюсер Мақсат Базарбаевтың ойын өзгертіп, оны жеке орындаушы болуға итермелейді. Сөйтіп, топ ішіне іріткі түсіріп, психологиялық ықпал арқылы Мақсаттың шеттеуіне әсер етеді.


