Танымал жазушы бас жүлде алып, 15 млн теңге сыйақыға ие болды
Бүгін Алматыда "Қазіргі заманғы қазақ романы" жобасында қазақтың талантты жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ""Үркер" бағдарламасының жүргізушісі Жүсіпбек Қорғасбек тің “Кельндегі көкжал” романы бас бәйге - 15 миллион теңгені жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қасымхан Бегманов өзінің фейсбук парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Бұл байқауға 200-ден астам роман қатысқан. Соның ішінде 8 роман іріктеліп, шорт лисқа іліккен. Олар: 1.Жүсіпбек Қорғасбек "Кельндегі көкжал"; 2. Нұржан Қуантайұлы "Опасыз ойын"; 3. Асқар Алтай "Каскат"; 4. Думан Рамазан "Сынақ"; 5. Қуаныш Жиенбай "Аралқұмдағы ақырғы аялдама"; 6. Мұрат Алмасбек "Екі жағалау"; 7. Қуат Бораш "Тәубе"; 8. Айым Ақылтай "Қарыз" романы.
"Бас жүлде Жүсіпбек Қорғасбек ағамыздың "Кельндегі көкжал" романына бұйырды. Көп нәрсе айтуға оңай ғой, бұл жазушылар қауымына үлкен қолдау, керемет шабыт силағаны сөзсіз. Биыл 8 орынға жүлде бұйырса, келер жылы 5 орынға сый берілетіні ұйымдастырушылар тарапынан ескертілді. Биыл сан соғып "әттеген-ай" деген жазушылар болса, келер жылғы байқауға сүйекті роман жазып, сүбелі силық алуына тілектеспіз. Баспа тарапынан әр жазушыға 15 кітаптан берілді. Қолға тиген кітаптың алғашқы беттерін парақтап оқи бастадық. Әуелі қарымды қаламгер, ақын "Алаш" әдеби силығының иегері Нұржан Қуантайұлының "Опасыз ойын" кітабынан бастадық. Жүлде алған барлық авторларға сәттілік тілеп, құтты болсын айтамыз!" - деп жазды әдебиетші Мырзабек Нәсіпхан.
Жүлдені Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов тапсырды. Бұл байқауға демеушілік жасаған Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов. Идея авторы Арман Сқабылұлы, ұйымдастыру тобының жетекшісі Қайнар Олжай.
Айта кетейік, Жүсіпбек Қорғасбек - 1961 жылы 6 ақпанда Алматы облысының Әулиеағаш ауылында туған.1984 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Журналистік қызметті республикалық «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінде бастаған. «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінің бас редакторы, балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры болды. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде дәріс оқып, Ютубта әдеди жобаларды жүргізеді.


