Нұрай Серікбайды қатыгездікпен өлтірген күдікті психикалық емдеу мекемесіне жіберілген
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты күдікке ілінген азаматта психикалық ауытқулар бар екені полиция тарапынан расталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіге екі мәрте сот-психиатриялық сараптама жүргізілген. Оның қорытындысы ер адамның психикалық жай-күйінде бұзылыстар барын көрсеткен.
«Күдіктіге қатысты тергеу адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша жалғасуда. Тергеу барысы бақылауда. Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады», - деп мәлімдеді Шымкент қаласының ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін марқұмның ағасы күдіктінің жазадан жалтарып кетуінен қауіптенетінін айтқан болатын. Оның сөзінше, қарындасын аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан қазіргі таңда тергеу изоляторында емес, емдеу мекемесінде жатыр.
Сондай-ақ, қоғамда бұл жағдайға қатысты күмән білдіргендер де бар. Олардың қатарында Сұлтан Серікбай да бар. Ол бұған дейін қалыпты өмір сүріп келген адамның аяқ астынан психикалық ауытқуы бар дегенге сенімсіздік танытып, іске президент әкімшілігінің араласуын қалайтынын жеткізген.


