Перизат Қайрат түрмеде тазалықшы болып жұмысқа орналасты
Колонияда жазасын өтеп жатқан Перизат Қайрат жұмысқа орналасты. Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, ол мекемеде тазалық жұмыстарымен айналысады.

"Сотталған азаматша жұмысқа орналасты. Қызметтік бөлмелерді тазалаумен айналысады", – деп хабарлады ведомство.
2025 жылдың қазан айында Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмысқа орналастыру мәселесі оның дағдылары мен бос жұмыс орындарының болуына қарай шешілетінін айтқан.
Кейін ҚАЖК сотталғандар 48 түрлі мамандықтың бірін меңгере алатынын нақтылады. Мысалы, колонияда аспаз, киім дизайнері немесе омарташы болуға болады. Сонымен қатар 34 бағыт бойынша қысқа мерзімді курстар да бар.
Іс материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат пандемия кезінде кең тараған "Біз Біргеміз" ұранын пайдаланып, “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” атты қоғамдық бірлестіктің құрылуына бастамашы болды. Заңға сәйкес бірлестікті жеке ашуға рұқсат болмағандықтан, ол құрылтайшы ретінде тоғыз адамды (көбі Nur Otan партиясының жастар қанаты мүшелері) тартқан және олардың қолдарын қолдан жасаған.


