Президент полицейлерге шабуыл жасау фактілерін қатаң сынға алды
Президент полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілеріне жол бермеу керегін айтты.

Президенттің сөзінше, мұндай әрекеттерге және құқықтық нигилизмге бой алдырған адамдарды "қаһарман" етіп көрсетуге заң аясында қатаң тосқауыл қойылуға тиіс.
“Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет”, – деді президент.
Сонымен қатар президент елде заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру керегін айтты.
"Қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни, заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет. Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс. Ол қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек”, – деді президент.
Мемлекет басшысы жантүршігерлік жол апаты тақырыбына тоқталды.
“Бұған дейін де өз сөзімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды. Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр”, – деді президент.


