Құрманғазы қасқырды қалай алдады?

Oinet.kz 22-11-2019 1912

Біздің ауылда Тұрмахан деген аңшы, сері, әңгімеші кісі бар еді. Бірде Тұрекеңе Құрманғазы деген шопан жігіт жолығып қалыпты. Құрманғазының  көптен бері Тұрекеңе жолыққанда айтармын деген көкейінде сауалы бар екен. Кездесе кеткен соң:

-Тұреке, менің сізден сұрайын деп жүрген сауалым бар еді. Осы уақытқа дейін менің шаруашылығымды ит-құс әбден мазалап болды. Бас-аяғы он мүйізді ірі қарамды жеп кетті. Соған қарсы қояр қандай шараңыз, айтар кеңесіңіз бар. Сіз өзіңіз аңшысыз ғой,-дейді  шарасы таусылған Құрманғазы қу қасқырдан құтылар амал іздеп.

Сәл ойланып тұрып Тұрекең:

-Құрманғазы сен былай істе, ең дауасы қалаға барсаң дүкендердің айнасының ішінде қызылды-жасылды киінген қыздардың макеті тұрады ғой соның біреуін әкеліп сиырға мінгізіп қой,-дейді. 

Screenshot_8.jpg

Естіп тұрған жұрт жапатармағай күлкіге айналдырады. Құрманғазы «Тұрекең әзілге айналдырғаны несі?» дейді іштей. Малды ауылға барған соң оңаша қалған сәтте Тұрмаханның айтқан амалы қайта-қайта есіне түсе береді. Содан ақыры «Тәуекел!» деп сиырдың үстіне адамның сұлбасын отырғызбақ болып іске кіріседі. Алдымен паданың соңында жүретін жуастау бір сиырды ұстап алып, оған құр орыс ерді ерттейді. Құр ерден шошып ала шапқын болып біршама уақыт мөңкіген жануар екі-үш күнде біртіндеп бойы үйрете бастайды. Содан соң қалың сымнан адамның сұлбасын жасап, ерге мықтап бекітіп, оған  жаман киімдерді кигізіп қояды. Арада бір апта өткенде  паданың алдын бермейтін асаулау сиырды да ұстап алып, оны да үйретіп алады. Құрманғазыға қиындық тудырған бір мәселе,  сиыр үстіндегі тұлыптан құтылу үшін  көрінген ағашқа, бұтақтарға сүйкеніп үстіндегі сұлбаны бүлдіріп тастайтыны еді. Құрманғазы оған да амал тауып сұлбаны резинамен тартып қояды. Бұтаққа ілініп шалқайған сұлба бұтақтан өткен соң резинаның көмегімен қайта орнына келеді. Сол күндерден бастап Құрманғазы қасқыр деген пәледен құтыла бастайды. Сиырлары да ауылдан алысқа ұзап жайылады. Таң азаннан паданың соңында жүретін көмекшісінің де қолы босап, қораның ішкі жұмысына кіріседі. 

Ал қасекең болса: «мына қазекеңнің сиырын жеу қиын болды ғой. Қашан көрсең бірі алдында, бірі соңында паданы екі адам жайып жүретін болды. Жақындасам оққа ұшармын» деді ме, құмдағы  қасқыр атаулы Құрманғазының сиырларына жоламайтын болды. Ақырында Құрманғазы ауылдың шетінде жүретін 50-60 шақты нашар малдарының ішінде жүретін сұр есекке де бір адамның сұлбасын орнатып қояды. Енді нашар майда малына да арнайы адамның қажеті болмай қалады. Құрманғазы өткен жолы идея авторы Тұрмахан ағасының үйіне  арнайы келіп рахметін айтып, сәлем сауқатын тапсырып, иығына шапанын жауып кетіпті.   

-Енді осы мәселені өнертапқыштар одан ары қарай жандандырып, жетілдіріп ішінде арнайы дауыс шығаратын аппараты бар шопан-робот ойлап тапса, әрі бұл құрылғы кез-келген шаруаның қалтасы көтерердей  бағасы арзан болса дұрыс болар еді,-дейді Құрманғазы  бауырымыз. Қалауын тапса қар жанар демекші, осы бір кішкентай жаңалық  шағын ауылдан шартарапқа лезде жайылды.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,

Созақ ауданы

Туысқанға көмектессең табысың артады
Жасындай жарқ еткен...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу