Тағдыр тауқыметін сабырмен жеңген Мадина

Oinet.kz 18-12-2014 909

«Мен мына дүниеде кімнің көзін соқыр етіп сынасам және құлым бұған сабыр етсе, ол құлыма екі көздің орына ақыретте жәнатты беремін!». Бұл хадистен алынған сөздер. Жеті күнде жаралған көк пен жердегі табиғаттың кереметін көруге Жаратушы Алла адамзатқа көз берді. Бірақ маңдайға жазылған тағдырмен осы бір кереметті көру маңдайына жазылмаған жандар қаншама?! Олардың арасында жарық әлемді көре аламаса да, жұрт қатарлы оқып, фәни дүниеге кірпіш болып қаланып, елге қызмет жасап жатқандары да бар. Бойына осындай жігері бар жандарды көргенде еріксіз бас иесің. 

image.png

Мадина Ермаханова бір кездері балалық шақтың бал дәуреніне батып, құрбы-құрдастарының ортасында  ойнап жүрген қазақтың ерке қызы еді. Толқыны асау үлкен өмірге қадам басуға аз қалған шақта (он бірінші сыныпта) оның  көзі нашарлап, ауыра бастапты. Суқараңғылықтан қорыққан әке-шешесі қыздарын талай жерге барып емдеткен. Алайда бұдан жағдай оңалмаған. Жазмыштың жазуы демеске амал қанша, Мадина көз жанарынан айырылып, зағип жанға айналды. Бойжеткеннің мектеп бітіріп, әдебиет саласы бойынша оқуға түсіп, студент атанамын деген армандары желге ұшып, тауы шағылды. Біраз жыл қамкөңіл күйде жүріп, үйден шықпапты. Өмірдің заңы қатал, бетпе-бет келген қиындыққа төзе алмай, әлсіздік танытсаң мүжіліп, бұл өмірде бар-жоғың білінбей өтесің де кетесің. Егер ағысқа қарсы жүзіп, күрессең мақсатыңа қол жеткізесің. Осы қағиданы түсінген Мадина бойына күш-жігерін қайта жинап, жаңа өмірді бастауға бекінді. 

--Алғашқы кезде көзімнің көрмейтініне біраз уақыт сене алмай жүрдім. Адамға мына дүниенің бір-ақ рет берілетінін, оның қаншалықты қымбат екенін ұғынғанымша ешқандай қадамға барғаным жоқ. Үйден шықпадым. Тек мұңлы ойларға беріліп, қайғының түбіне ене бердім. Кейіннен мұндай жағдайға душар болған жалғыз мен емес, ондай жандардың айналамда көп екенін сезіндім. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі болса да әртүрлі қызмет істеп, жанына жақын кәсіппен айналысатындарды, тағдырларына өкініш білдірмей, қайта өмірге құштар жандарды естігенде ғазиз көңлім жұбаныш тапқандай болды. Ең бастысы сабырлық таныту керек екен,- дейді Мадина. Осыдан кейін Мадина қатарластарынан бір-екі жыл кейін қалып қойса да Шымкенттегі әлеуметтік педагогикалық университетке оқуға түседі. Шымкенттегі көрмейтін және әлсіз көретін жандарға арналған облыстық  кітапханаға жиі бассұғатын болды. Адамдармен араласып, ішінен сырластарын да тапты. Уақыт өте келе жастайынан әдеби кітаптарға құмар болып өскен Мадина қолына қаламын алып, проза жаза бастады. Айналасындағы оқиғалар мен өз өміріндегі жағдайларға  бейжай қарай алмаған жас қыз сезімін шығармаларына арқау етті. Талантты қыздың талабына риза болған белгілі ақын Әбілда Аймақ оның шығармаларын оқып, пікір жазып, батасын берген. Туып-өскен жері Сарыағаш аудандық газетте бірнеше дүниелері жарық көреді. Жақында жоғарыда аталған   кітапханада «Нұрлы арман - мөлдір мұң» атты кітабының тұсаукесері өтті. Мадинаға демеушілік білдірген кітапхана ұжымы мен облыстық мәслихаттың депутаты Бағлан Батыршаев, Сарыағаш аудандық мәслихаттың депутаты Төребай Усманов,  «Арыстанбаб» колледжінің директоры Арслан Асанов екен. Жас қаламгердің кітабы 200 данамен «Жебе» баспасынан басылып шықты.  

--Мүмкіндік болса қолыма түскен кітаптың барлығын оқып шығуға тырсамын. Көрмейтін және әлсіз көретін жандарға арналған облыстық арнайы кітапханада зағип жандарға спорттық және өзге де қоғамдық ұйымдар қол ұшын созып тұрады екен. Бедерлі нүкте Брайль алфавиті бойынша оқып-жазуды, зағиптар үшін арнайы бағдарламамен қамтамасыз етілген компьютердің қыр-сырын үйретеді. Осындай тифло кешендердің арқасында зағип жандар бүгінгі таңда ғаламторды еркін меңгеріп, замана көшінен қалмай түрлі мүмкіндіктерге қол жеткізіп келеді. Ай сайын өңіріміздегі мұңы ортақ, тағдыры ұқсас жандардың басын қосатын «Тағдырластар» клубының отырысында өзекті мәселелер талқыланып, түрлі тақырыптарда пікір сайыстар мен әдеби-сазды кештер өткізіледі. Мұнда мен өзіме көптеген достар, сырлас жандарды таптым,- дейді Мадина.   

Мадина қиналған сәттерде жанына демеу болған ата-анасы мен бауырларының барына шүкіршілік айтады. Аяулы перзентінің қолынан жетектеп жүрген әкенің жанарынан «қызымның көзі әлі де болса мына жарық дүниені көрер» деген үмітті байқадық. Иә, бір өкініш, бірақ бір үміттің бары да көңілге демеу. Сол үміт алдамасын дейік.

 Қазір Мадина Шымкент әлеуметтік педагогикалық университеттің үшінші курсын тәмамдады. Мадина тағдыр тауқыметін көріп, қиындыққа ұшыраған жандарға былай дейді:

«Қоғамда мүгедектердің жанын жаралайтын сәттер жиі кездесіп тұрады. Соның әсерінен кейбір мүмкіндігі шектеулі жандар  адамдардан оқшаулап, жарыққа шыға бермейді. Сондай кездерде тағдыр сынынан сүрінбей өтуге талпыну керек екен. Адам баласының  өмірге келудегі мақсаты – тағдырдың алдан тосқан сыйына тасымай, сынына жасымай, ұстамдылық таныту емес пе?! Көкірегінде іңкәр үміті, ертеңгі күнге деген берік сенімі бар, мұраты биік жан ғана өмірден өз орынын тауып, ойға алған арман-мақсаттарына жете алады».

 Жаратушымыз адамның мүмкіндігін бір жағынан шектегенмен бір жағынан оларға миллиондаған адамдарға бұйыра бермейтін  қасиетті дарытатынына көзіміз жеткендей болды. Мадинаның жанары біз бен сізді көре алмағанымен, көкірегі ояу, бойында өмірге деген көзқарасы ерекше, ойын қалам арқылы сөз өнерімен өре білетін дарын, қайсарлық бар. Алдағы уақытта Мадинаның қаламынан құнды шығармалар туындап, кітаптары жарыққа шығып, оқырмандардың сүйікті жазушысы болар  деген үмітіміз бар. Бұл үміт те алдамасын дейміз.   

Мұрағаттан, 06.06.2012 ж

Марина Цветаеваның азаппен өткен өмірі
Өмір қандай болса да, мен оны сүйемін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу