Абайсызда жоғалған асық

Oinet.kz 22-03-2019 947

Screenshot_11.jpg

Ғасырлар тоғысында абайсызда жоғалтып алған алтын асықтың қайғысы бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырып жібергені шындық. Көлік апатынан көз жұмған саңлақ спортшы, мықты боксшы Бекзат Саттарханов тірі болғанда сәуірдің 4-күні 32 жасқа толған болар еді. 20 жасында Олимп шыңын бағындырған саңлақ, 30-ында бәлкім Олимпиаданың 3 дүркін чемпионы атанар ма еді? Бұл, Бекзаттың асқақ арманы болатын. Амал нешік, арда ұлымыз арамызда жоқ. Маңдайға біткен мақтанышымыз болған Бекзат жайында баспасөз беттерінде жарық көрген  елінің, ата-анасының сағынышқа толы естеліктерінен үзінділер бергенді жөн көрдік. 

   “БАРЫС” 

(Бекзат Саттархановқа арналады) 

Алты  Алашқа сүйікті еткен,

Асып  туған текті ер едің.

Жұрт  жетпеген биіктікке,

Жиырма жаста-ақ жеткен ерім. 


Атой салып  халқың жатты:

«Бекзат ұлдың еңбегі ерен!»

Жиырмаңда оттай жарқылдатты,

Махаббатың  елге деген. 


Ұлттық қаның  – намысың бар,

Қайсар рухты  текті өренім.

Ұлы көштің ағысында,

Қолың бұлғап кеткен едің. 


Амал нешік, ажалға ара

Бола  ала ма адам аты?!

Қайдасың  сен, 

Азат, 

Дара  –

Қазағымның  қазанаты? 


Тірлігіңде тас-түйін ең,

Толағайдай  күшің бар-ды.

Адалдығың, 

Пәктігің  мен

Артыңда адал ісің қалды. 


Барыстайын мықты  болып,

Жастығында  жанған оты.

Сендей  болса ұлттың ұлы  –

Қазағымның  арманы осы. 


Бүгін сендей барыстар жоқ,

Қарсақтар жүр айбат шегіп.

Ақыршы  аға, арыстан боп,

Інілерге  қайрат беріп… 


Таудың асыл барысы едің,

Биігінен  құламаған.

Есіміңді  мәңгі сенің,

Ұмытпайды-ау, сірә далам! 


Уақыт – жүйрік…

Алға  асады,

Алаш  үшін туған ұлан.

Сендей  тұлпар болмасам да,

Тілдей  ғана жыр қалдырам.

   Серікбол  ХАСАН

Сырлыкүл Шойбекова, Бекзаттың анасы:

Бірдеңеге асығып жүретін...

–Дәрігерлер «саған енді бала көтеруге болмайды» деп бірауыздан қарсылық білдірген. Алайда, мен «осы баламды қалай да дүниеге алып келемін» деп, алдыма мақсат қойдым. Бекзатым іште 7 айлық болғанша, ол туралы ауыз ашқаным жоқ, есепке де тұрмадым. Дәрігерім естіген кезде қатты ұрысты. «Сен өзі өмір сүргің келе ме? Кеш қаралған өзіммін деп тілхат жазып бересің», деді. Жазып бердім.

Өмірінің соңғы кездерінде ол болашағына жоспар құрғыш болып алды. Күнделік арнап, соған алдағы атқаратын істерін, жоба-жоспарын жазып жүретін әдет шығарды. Бірдеңеге асығып жүргендей, бір нәрседен қалып кететіндей күйгелектеніп кететін. Баламның асыл армандары, жоспарлары өзімен бірге бақилыққа кетті. 

Сейілхан Саттарханов, Бекзаттың әкесі:

 Намазын қаза қылмайтын

– Бекзат өсе келе аят жаттап, дінге бет бұра бастап еді. Сиднейге кеткенше намазын тастамады. Кетер алдында екі апта бойы үйге келіп демалған болатын. Сонда «әй, балам-ау, өзің азаннан кешке дейін дайындаласың, жаттығуың бар, бес уақыт намаз оқисың. Әзірге таң намазын ғана оқысайшы» деп өтініш айттым. Балам үндемеді. Қазір сол айтқандарыма өкінемін. Дінге бет бұрғанының, Алланың жолына түскенінің арқасы шығар, сондай биікке көтерілгені. Ермаханның айтуынша Бекзат Сиднейге барғанда да таң намазын қаза қылмапты.

Мұрағаттан: 05.04.2012

Қонаев: «Жол азабын жүрген біледі»
Ерболат Құдайбергенов: «Екінші әйелімді заңдастыра алмай жүрмін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу