О дүниеге барып қайтқан келіншектің айтқандары

Oinet.kz 22-12-2020 3441

Күйеуге шыққаныма бес жылдың жүзі болса да әлі күнге дейін бір перзентке зар болып жүрмін. Алла-тағала сәбиді беруін бергенмен, балаларым жарық дүниенің есігін ашпай кетіп жатыр.

Жер.jpg

Бірінші перзентім үш айлығында түсіп қалған болатын, екіншім жүрегімнің түбін жылытып бес ай жатты. Бес айдан кейін өлі болып туылды. Үшінші перзентім жатырдан тыс бітіп, оны дәрігерлер алып тастады. Шарана екі айдан асып кеткен екен, дәрігерлер «наркоз» егіп, ота жасап, бір жатыр тү­тікшесімен қосып алып тастады. Сонда басымнан өткерген тылсым жайттан кейін мен арғы дүниенің бар екеніне, өлген соң адамның жаны сонда тіршілік ететініне көз жеткізген­дей болдым. Әңгімем түсінікті болу үшін бәрін басынан баяндағаным жөн шығар.

Алғашқы екеуін түсіріп ал­ғаннан кейін мен бір жылдай дәрі-дәрмек қабылдап, жақсылап күтіндім. Ауруханаға да жатып шықтым. Алғаш құрсақ кө­тергенімді білген кезде енем де, күйеуім де менің ауыр тірлік істеуіме қарсы болды. Тіпті өз кірімді де жуғызбайтын. Іштей осы сәби­імнің өмірге аман-есен келуін тілеп жүрген болатынмын. Бірақ оның да көрер жарығы жоқ болып шықты.

Бірде таңертең оң жағымнан шаншу қадалып, бүк түсіп отырып қалдым. Кеудемді жазайын десем, жазылмайды. Бағыма қарай енем үйде болатын. Бозарып кеткен түріме қарап қорыққан ол кісі дереу жедел жәрдем шақырып, мені ауруханаға алып кетті. Мен дәрігерлерге аяғымның енді ғана ауырлағанын, сәбиді аман алып қалуларын сұрап жыладым. УЗИ-ге түсіріп көрген дәрігерлер шарананың жатырдан тыс біткенін, тез арада ота жасау керектігін айтып, мені да­йындауға кірісіп кетті.

Операция столына жатқызғанын білемін. Одан ары қарай­ғысы есімде емес. Қанша уақыт өткенін білмеймін, біраздан кейін мен жоғарыға ұшып кеттім. Денем операция столында сұлқ түсіп жатыр. Дәрігерлер әлде­нелерді айтып, бір-біріне қарап басын шайқайды. Олардың анық не айтып жатқанын түсіне алмадым. Содан аурухананың ұзын дәлізіне ұшып шықтым. Енем жылап, күйеуім оған әл­денені айтып отыр. Шамасы бәрі жақсы болып кететінін айтып, жұбатып отырған болар. Бірер минуттан кейін мен асқан жылдамдықпен ұшып отырып, қап-қара бір құбырдың ішінен өтіп, жазық бір алаңқайға шықтым. Онда марқұм әжем тұр екен. Оны көргеніме қуанып, құшақтай беріп едім, ол менен сырт айналып, жанына жақындатпады. Содан кейін әжемнің жанына бір қыз, бір ұл келді. Екеуі де сүп-сүйкімді. Шырамытқаныммен тани алмай тұр едім, әжем олар менің ұлым мен қызым екенін айтты. Екеуін құшақтамақ болғанымда, әжем оларды да құшақтатпады. Тезі­рек қайтуым керектігін айтып жатыр. Қызым мен ұлы­ма қа­ра­сам, олар да әжемнің сөзін сөйлеп жатыр. Мен солармен бірге қалғым келе­тінімді айтып едім, әжем қой­май, мені әлгі құбырдың аузына дейін алып келді. Сөйтіп, үшеуі мені қайтадан құбырға салып жіберді. Оларды қимай, ай­қайлап жылап жатып оянып кеттім.

Есімді жисам, дәрігерлер бетімді шапалақтап, есімді жината алмай жатыр екен. Кейін білдім, дәрігерлер маған наркозды мөлшерден тыс көп салып жіберіпті. Соның салдарынан менде операциядан кейін клиникалық өлім болған. Сол кезде менің жаным арғы дүниені, әруақтар әлемін аралап қайт­қан екен. Біреулер оны шын дүние десе, енді бірі сенбейтінін айтады. Ал мен өз көзіммен көргендіктен о дүниенің барына, өлгеннен кейін дүниеден қайтқан жақындарымен жолығатынына сенемін. Тек Жаратқан иеміз о дүниеге баршамызды таза жүрекпен қайтуға нәсіп етсін.

Л. БАЙБОЛОВА.

Замана газеті

Көрден тірі шыққан кемпір
Ақ көйлекті әйел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу