Жетімдігіне күйінген бала суға ағып өлді

Oinet.kz 21-04-2019 1403

Screenshot_16.jpg             

«Адамның басы Алланың добы» деген. Пенде Жаратқанның өзіне қандай сый дайындап қойғанынан қашанда  бейхабар. Сол секілді жетімдікті де адам тілеп алмайды. Елімізде балалар үйінде тастанды, жетім балалар өсіп келеді. Олар мемлекеттің қамқорлығын сезінгенімен ата-ананың мейірімінен мақұрым қалғандар. Дегенмен, жетімін жылатпаған қазақ емеспіз бе?! Тағдырдың тәлкегіне түскен бүлдіршіндерді бауырына басып, өсіріп отырған отбасылар да бар. Солардың бірі менің құрбым. 

Шынардың өзінен бес жас кіші сіңілісі болатын. Ол жүрек қалауымен сүйгеніне тұрмысқа шығып, тойларын дүркіретіп өткізді. Көп ұзамай жүкті болып, жас отбасы алғашқы сәбилерін күтіп жүрді. Ай, күні жетіп, толғағы қысып, ауруханаға жеткізілген Мерекенің денсаулығы  мәз еместігін дәрігерлер айтты. Құрбым Шынар перзентханада сіңілісінің жағдайын есітіп мазасызданып, аман-есен босанып алуын тіледі. Алайда үміттері ақталмады. Сәбиі жарық дүние есігін аша салып Мереке жан тәсілім етті. Баласын бір иіскей алмай кеткен ананы жоқтап күйеуі мен жақындары зар илеп қалды. Қайғыдан қан жұтқан күйеуі араға бір жеті салып көлік апатынан қайтыс болды. Бұл жағдай жақындарына  қатты соққы болды. Бәрінен де Арман  ата-ананың мейірімін сезініп үлгермей тұл жетім атанды. Ендігі бәрінің бас қатырғаны сол Арман болды. Мерекенің ата-енесі ертеректе қайтыс болып кеткен екен. Сондықтан Арманды  Ерғазының туыстары бауырына басуға құштарлық таныта қоймады. Жетімді ешкім есіркей қоймағасын балалар үйіне тапсыруға дәті шыдамай  жалғыз сіңілісінің артынан қалған аманатын Шынар өзі асырап алды. 

Құрбым Арманға жетімдігін сездірмей өсіруге барын салды. Өз балаларынан кем етпей, шапағатын аямады. Баласы да өзінің асыранды екенін 12 жасына дейін білмей өсті. Шынардың күйеуі анда-санда ащы суға тойып алып, шатақ шығаратын мінезі бар еді. Сондай сәттерде Арманды көзге шыққан сүйелдей көріп, болмашыға ұрысып, сабап алатын әдет шығарды.  Әкесінің қаталдығынан кенже ұл еркелеуді білмеді. Әке мен баланың арасына Шынар қанша шырылдап  түскенімен Ерғазының жетімге деген жүрегі бір жібімей-ақ қойды. Бір күні ол мас болып, өнерін қайта бастады. Арманды шақырып алып, «сені асырап отырмыз, жеген наныңды ақта, бізге масыл болғанша өлгенің артық еді» деп ауыр сөздер айтып, бар шындықты жайып салыпты. Балағаттағанымен қоймай, әкесінің құны  қалғандай көк ала қойдай етіп сабағанын айуандықпен теңеуге ғана болатын шығар.   Бала жүрегіне тікендей қадалған бұл сөздерге шыдай алмай ол үйінен қашып кетеді. Сол күні Шынар маған хабарласып жұмыстан келсе баласының жоқ екені айтып, назын айтқан. Дереу құрбымның үйіне келіп, Арманды іздеуге көштік. Көшенің ана басынан мына басын шарладық, түкпір-түкпірді іздедік, көршілердің үйіне де бардық. Алайда баланың табылатын түрі жоқ. Амал жоқ ертесіне полицияға хабарластық. Арадан бес күн өткесін жаман хабар естідік. Әбден күйінген бала жақын маңдағы каналға барып, суға ағып өліпті. 

Осы оқиғадан кейін кінәсіз, пәк бала ойымнан кетпей қойды. Жетімнің көз жасы бәрібір өтеусіз қалмаса керек.   

Зарина Өтепқабылова, Жамбыл облысы

Ринат Зайытов қамауға алынды ма?
«Қарттар үйінде» жатып, ұлының бақытын тілеген әке
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу