Түрмеде жазылған хат

Oinet.kz 03-06-2019 1062

Screenshot_2.jpg

Әлхамдулиллаһ ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өткеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Біз тегіміз түрік,  дініміз Ислам және Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттер екенін ұмытпауымыз керек» - деп айтқан.  Кейінгі жылдары Қазақстанда намаз оқитын жастардың саны көбейді, сол сәждеге бас қойып, хақ жолына түскен жанның бірі мен едім. 

Мен ұлтым қазақ болғандықтан және ата-анам мұсылман етіп тәрбиелегендіктен өзімді мұсылман деп білдім. Бірақ маған ата-анам мұсылманшылықтың құндылықтарын үйретпегендіктен менің Ислам діні жайылы білімім таяз болды. Өйткені ата-анам кеңес дәуірінің қылышынан қан тамып тұрған уақытта өмір сүргендіктен ол кісілердің ислам діні жайлы терең түсінігі болмады.

Алла Тағала Құран Кәрімнің Ағраф сүресінің 172 аятында «(Мұхаммед с.ғ.с.) сол уақытта Раббым адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә еті: «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?», - дегенде олар: «әрине куәміз» деген. Қиямет күні бұдан хабарымыз жоқ демеңдер.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадис шарифінде: «Әрбір дүниеге жаңа келген бала ислам фитратында туылады, яғни мұсылман болып туылады, бірақ кейін ата-анасы оны яһуди, насрани, немесе мәжуси етіп тәрбиелейді» - деген. Мен өсе келе бұл дүниеге не үшін келдік және қайда барамыз деген сұрақ мазалап жүрді. Сол уақытта менімен бірге оқыған досым Асхат қаладан ауылға келеді. Ол намаз оқып жүретін еді. Онымен сөйлескенде мұсылман адам намаз оқу керек екендігін және бұл дүниеден кейін о дүние бар екендігін. Ол дүниеде жаннат пен тозақ бар екенін және бұл дүниеге Аллаға құлшылық ету үшін жаратқандығын түсіндірді. Мен ертесіне намаз оқып, досыммен бірге қалаға жұмыс істеуге келдім. Досым өзінің намаз оқитын достарымен таныстырды. Олардың арасында Араб мемлекетінде оқып келген Санат есімді азамат мәтіндерді арабшадан қазақшаға аударып уағыз айтатын. Менің де солай уағыз айтқым келетін. Мен сол кезде мәзһаб ұстанбайтынмын. Құранмен, сүннетпен жүремін деушілерден едім және имамдарды дұрыс қабылдамайтынмын. Себебі оларда білім жоқ деп ойладым.  Сосын бір жыл өткен соң үш бала болып (мен, Қайрат, Абдулуәһаб)  Мысыр елінің сауат ашу орталығына оқуға бардық. Ол жақта оқып жүріп, үшеуміз үш жаққа кеттік, мен оқып жүріп өзбек тілінде сөйлейтін Абдулбасит атты тәжік жігітпен таныстым. Ол жігіт Исламдағы жиһадты айтып маған көп уағыз айтатын және Ауғанстандағы мұсылмандарға көмектесу керектігін білдіретін. Дін туралы терең білім болмағандықтан мен қазақстандық төрт жігітті қосқанда  алтау болып (мен, Абдулбасит, Ерлан, Руслан, Рүстем, Аюб)  Пәкістан Ислам республикасындағы Вазиристан провинциясына жиһад жасап, мұсылмандарға көмектесуге бардық. Өйткені бұл жолды нағыз тура жол деп білдім, бейне бір жаннатқа кіріп бара жатқандай сезіндім. Ол жерде бізді Өзбекстаннан қашып кеткен Ибрагим, Абдулхамит атты өзбек азаматы күтіп алды. Сол ортаның басшысы бізге келіп, «дұрыс істепсіздер, әрбір мұсылман малы мен жанымен жиһад жасау керек», деп, Құраннан, хадистен  «...істің басы Ислам тірегі намаз, шыны жиһад», Анас ибн Мәлик (р.а)« Шын мәнінде, ертелі-кеш Аллаһ жолында жүру-мына дүние мен ондағы барлық нығметтерден де қайырлы»-деген үзінділер келтірді. Біз бара салып жиһадқа қарулы дайындықты бастап жібердік. Ол жерде дайындық жеті бөлімнен тұратын. Кіші қаруды қолдану, қалалық жағдайда соғысу, жарылғыш зат дайындау, жарылғыш затты қалай қолдану, электроника, жасырын жүру, үлкен қаруды қолдану.

Бірінші бөлімнен өткен соң мен  жеңіл көлікпен бір үйге бардым. Ол жерде он бес жылдан бері жүрген Ұлықбек деген Өзбекстан азаматымен жолықтым. Ол кісі өзінің еліне қайта бара алмайтынын айтып өкініш білдіріп, біреуінің сөзіне еріп бір жылдан соң қайта ораламыз деп шыққаны жайлы айтты. Бұл кісінің сөзі маған қатты жүрегіме әсер етіп «мен не үшін жүрмін?» деген сұрақ пайда болды. Өйткені ол жерде себепсіз және мақсатсыз қан төгу әрекеттерін байқадым. 

Содан жеті этаптан өтіп, мен өз еліме келдім. Үй ішім менің Мысыр елінде оқып келді деп білді. Одан басқа ештеңе айтпадым. Мен әлі өз ойымнан толық қайтпаған едім. Жеті ай өткен соң мені ҰҚК қызметкерлері ұстап, қамауға алды.  Кейін білсем менімен бірге дайындықтан өткен жігіттер Қырғызстанда лаңкестік әрекет жасап арасында үшеуі (Абдулхади, Оспан) ұсталып мен жайлы айтқан екен. Мен де өз кінәмды мойындадым.  Сөйтіп сот үкімімен бас-бостандығымнан айырылып, жазамды өтеу үшін түзеу мекемесіне келдім. Түзеу мекемесінде менімен  жедел өкілдің қызметкері және имам-теологтармен сөйлестіріп «жиһад» және ақида (сенім) мәселесінде менің істеген нәрсемнің дұрыс емес екендігін түсіндірді. Мен имам-теологтарды тыңдап, өзімнің ілімім жоқ екендігін білдім, және хадис-аяттарды Тәубе сүресінің 5 аятында «.... мүшіріктерді тапқан жерлеріңде өлтіріңдер, тұтқындаңдар, қоршауға алыңдар және әрбір жолда оларды торауылдаңдар» деген аяттарды тіке түсінгендігіме және оған дұрыс емес амал жасағандығыма көзім жетті. Өйткені хадис-аяттардың тәфсірі мен түсіндірмесі болатынын білдім. Алла Тағала Құран Кәрімнің Мұхаммед сүресінің 19 аятында «Білгің, ей, Мұхаммед расында Алладан басқа Тәңір жоқ»- деп бірінші білімді қойып тұр. Алла Тағала Зумар сүресінде «Білмесеңдер білімиелерінен сұраңдар» - деп айтты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтады: «Білім жаннатқа кіруді жеңілдетеді» -деп айтқан. Ал атам қазақ:

Жарар еді өзімізді қарасақ біз

Ғылымның керегі не жарақ біз

Ғылымды ғибадатқа ат қылып мініп

Көбірек тәфсір, хадис қарасақ біз- деп хадистерді мағынасымен оқуға ғылым үйренуге шақырған. Сол үшін жоғарыда Алла Тағала және пайғамбармызға (с.а.у.) аят хадистерде айтқандай діни білім алуымыз керек екен. Менің Қазақстандық мұсылман бауырларыма айтатыным имам-телогтардан білім алыңыздар, өз беттеріңізше және ғаламтордан білім алып, адасып кейін өкініп жүрмеңіздер. Және салт-дәстүрмен үйлесіп келген Абу Ханифа мәзһабына сәйкес бір  жеңнен қол шығарып бір жағадан бас шығарайық. Алла Тағала Құран Кәрімде ауызбіршілікке шақырып Әл-Имран сүресінің 103 аятында «Түп-түгел Алланың дініне жабысыңдар және бөлінбеңдер» -деген. Абу Мусадан жеткен риуаятта пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты «Расында мүмін мүмін үшін біртұтас құрылыс сияқты, бірін-бірі бекітіп тұрады»-деп саусақтарын айқастырған. Атам қазақ айтқандай «Ынтымақты ел озады, ынтымақсыз ел тозады». Ал ұлы Абайдың бір сөзінде: «Біріңді қазақ біріңді дос көрмесең істің бәрі бос» - деген ұлағатты сөзін іс-жүзіне асырайық бауырлар. Ей Аллаһым елімізге тыныштық, ынтымақ, ырыс-береке және жастарымыздың жүрегіне иман бере көр Амин.

С.Шүкірбеков,

Шымкенттегі ИЧ-167/3 мекемесінде жазасын

өтеуші              

Мұрағаттан, 2015 ж                                                              

Мүмкіндігі шектеулі көпбалалы әке баспаналы болды
Педофилді піштіру керек пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу