Қыздардың арасында достық бар ма?

Oinet.kz 07-06-2019 2787

Screenshot_3.jpg

Қыздардың достығына қарағанда ер жігіттердің арасындағы достық күштірек деген сөзді жиі естуші едім. Алайда, бұл сөзге іштей сенгім келмейтін. Себебі, бала күнімнен бірге сырлас болып келе жатқан Жазира есімді құрбым бар еді. Мектептегі қызықты күндерді де, студенттік шақты да бірге өткіздік. Талай реніштер болғанымен арамыздағы адалдыққа кірбің түспеп еді.   

Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиет емес пе? Ал сенімсіздік, күмән, шүбә келтіру бұл достық сезімді күлдіретіп жібереді. Талай қуанышты, қайғылы сәттерді бірге бөлісіп жүрген құрбым Жазираның күндердің күнінде  менің достыққа деген адалдығыма сызат түсірер деп ойламаппын. Ата-анасы, бауырлары қонаққа кетіп, жалғыз қалған соң мені үйіне шақыртып алып еді. Екеуміз өткен-кеткенді еске алып, бір дастархан басында ас ішіп, ұйқыға кеттік. 

Таңертең екеуміз де өз жұмыстарымызбен үйден шығып кеткенбіз. Кеш түскенде ол маған қоңырау шалып, анасының алтын жүзігі жоғалғанын, қанша уақыттан бері орнында тұрған бағалы заттың бір күннің ішінде жоғалып кеткенін айтып, менен күдіктеніп тұрғанын жеткізгенде төбемнен жай түскендей болды.  Айтарға сөз таппай қалдым. Арамыздан қара мысық өтпестей болған құрбымның алдында ақталып тұрғанның өзі ыңғайсыз екен. Не керек мені алтынның «салдарынан» жауындай көріп жүргенде жүзігі үйінен табылды. Осы жағдайдан кейін ол менен кешірім сұрады. Алайда, көңіл бір атым насыбайдан қалады емес пе? Енді екеуміздің арамыздағы достықтың бұрынғыдай болмайтынына көзім жетті.

Гүлмира Жаңабекова, Жамбыл облысы 

Ханс Кристиан Андерсеннің ертегіге ұқсас өмірі
Бүгін дүниеге келген сәбилерге көп қойылған есімдер - Сайлаубек, Сайлаугүл, Қасым-Жомарт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу