Асанәлі Әшімов ағаның елдің ішек-сілесін қатырған үздік әзілдері

Oinet.kz 23-09-2019 3414

Screenshot_23.jpg

Қазақ киносының мақтанышы, халық әртісі, көзі тірісінде аңызға айналған тұлға  Асанәлі Әшімовтің сөз тапқырлығы ел арасында жиі айтылып қалады. Назарларыңызға Асанәлі ағаның сәтті әзілдерін ұсынамыз.  

Асанәлi Әшiмов бiрде таксиге мiнедi. Асанәлiнiң жанында баласы Сағи болса керек. Тиiстi жерге келiп есеп айырысқанда Асанәлi 2 сом 80 тиынын нақпа-нақ санап бередi. Бұған ыңғайсызданған Сағи: — Әке, мен Сiздiң орныңызда болсам, 3 сом бере салар едiм, — дептi. Сонда Асанәлi: — Әрине, сен 3 сом бере аласың, Өйткенi сенiң әкең бар, ол саған жоқшылықтың не екенiн бiлдiрмей өсiрдi. Ал мен болсам әкесiз тас жетiммiн! — деген екен.

Асанәлi Әшiмовтың алғашқы жары дүние салған соң, арада бес-алты жыл өткенде қазақтың екiншi бiр ару қызына үйленедi. Үйлену тойы өтiп жатқанда, Гүлбанудың туысқандарына Асанәлi құрмет көрсетiп отырып: “Құдалар, дәм алыңыздар” десе керек. Сонда Асанәлiнiң досы Шота Уәлиханов отырып: — Әй, сенiң құдаларың не, сен күйеу емессiң бе, есiң дұрыс па! – дептi. Сонда Асанәлi: – Есiм дұрыс болса, тал түсте үйленемiн бе? – деген екен.

Бір отырыста ішіп алған жұрт анау-мынауды айтып отырып алыпты. Сонда Асанәлі даусын шығарыңқырап: «Данышпан Маркс айтқан екен...» – дейді. Жұрт не депті дегендей елеңдеп қарап қалады. Сол кезде Асанәлі: «Данышпан Макс кез келген отырыс түптің түбінде әйтеуір бір тарқайды депті», – деген екен.

Бірде Мәдениет министрлігінде істейтін Кәдірбек Уәлиевтің бөлмесіне Асанәлі кіріп келсе, ол: «Әй, сақал, неге есікті қақпай кіресің?» – дейді. Сонда Асанәлі: «Е, ол не тәртіп есікті қағып кіретін, сен дәретте отыр ме едің?» – деген екен. 

Бір үйдің кітап сөресіне Махамбеттің, Абайдың, Олжас Сүлейменовтің суреттері қойылса керек. Мұны көрген Асанәлі: «Қазақ халқының басынан өткен орыс экспансиясының нәтижесін танытатын көрнекі құрал сияқты екен», – депті. 

Бірде Қазақстанның бас молласы Рәтбек қажы Нысанбайұлы Асанәлі Әшімовпен кездесіп қалады да, даусын мақамдай созып:

         – Ассалаумағаләкем, Асеке! – деп қол береді. Сонда Рәтбек қажының қолын алған Асанәлі:

         – Молла бол, шырағым! – деген екен. 

Бірде Асекең Ілия Жақановтың саяжайына барады. Ілекең кетерінде оның сөмкесіне толтырып алма салып береді де, анадай жерде жатқан жемісті көрсетіп: «Бізде алмұрт та бар», – дей салады. Сонда Асекең:

–       Оу, біздің үй грушасыз отыр ғой! – деген екен. 

«Мен халқым үшін ашық парақпын» кітабынан алынды

Бала жүрегі
Ғаламат ғасыр. Көсем дәуірі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу