Ғаламат ғасыр. Көсем дәуірі

Oinet.kz 23-09-2019 3826

Screenshot_24.jpg        

Статистикалық мәліметтер бойынша өткен жылы Түркиядағы сериалдардың рейтингтік көшін «Ғаламат ғасыр. Көсем дәуірі» тарихи сериалы бастапты. Бірінші маусымы 2015 жылы басталған сериалдың бүгінде түрік елінде екінші маусымы көрермендерге жол тартқан. Миллиондаған көрермен жинаған атақты «Сүлеймен сұлтанның» жалғасы ретінде түсірілген фильмді қазіргі таңда қазақстандықтар «Жетінші арнадан» тамашалап жүр.

Қазақ жұртының да қызығушылығын оятқан сериал сонау XVI ғасырдың аяғындағы Осман империясын басқарған сұлтан I Ахметтің жары Көсем жайлы. Жалпы Көсем деген кім?

1603 жылы жас сұлтан Ахмет таққа отырғанда валиде сұлтан Сафие немересіне Грекияның Кафалония аралынан арнайы сыйлық алдыртады. Ол Осман империясында ең ықпалды әйелдердің біріне айналған, сұлтанның болашақ жары Көсем болатын. Күң ретінде патша сарайына тап болған венециялық көпестің қызы Анастасия ол кезде небәрі он бес жаста болған. Сарайдан бірнеше рет қашып кетуге тырысқан Настя сұлтанды қимағандықтан  ойынан бас тартады. Себебі ол патшаны сүйіп қалған еді. Асқан ақылдылығы және сұлулығымен сұлтанды өзіне ынтық еткен Анастасия көп ұзамай Көсем (ең сүйікті жар) есімін иеленіп, билікке араласа бастайды. Тарихта Ахмет пен Көсемнің берік махаббаты жайлы  жиі айтылады. Патшаның мың сұлудың ішінен артық көрген Көсемін жолдан тайдырып, араларына от салушылар көп болғанымен ақылды әйел барлық тосқауылды жеңіп шығады. Ол Ахметке 13 перзент сыйлаған. Деректер бойынша Көсем ғана патшаны есімімен атаған көрінеді.  Ел билеушісі өмірден озған соң да патшайым билікте қалып, халықты ашса алақанында жұмса жұдырығында  ұстаған. Қырық жылын сарайда өткізген патшайымның екі бірдей ұлы империяны басқарған. 1651 жылы Көсем кісі қолынан қаза табады. Патшайым бүгінде мыңдаған туристердің сүйікті орны Стамбулдағы көк мешіт атанған Сұлтанахмет мешітіне Ахмет сұлтанның жанына жерленеді. 

Көсем сұлтан Осман имериясының патшасы Сүлейменнің жары Хюрем сұлтанмен тағдырлас екенін айта кету керек. Екеуі де патшаға құл ретінде тарту етілген «сыйлықтар». Бірі орыс ұлтының қызы болса, екіншісі – грек. Ақыл мен сұлулықтың арқасында ел билеушісінің жүрегін жаулап алған қос ару тақта отырып,  түрік жұртын биледі. 

Бүгінгі таңда Арабиядан бастап Польша, Иран, Литва, Грузия секілді 15 мемлекетте көрсетіліп жатқан сериал Түркия кинематографиясындағы ең қымбат туындылардың бірі болды. Жиырма мыңдай актер түскен сериалға әртістерді іріктеудің өзіне біраз уақыт кетіпті.  Көсемнің жастық шағы Анастасия рөліне режиссерлар гректің актрисасы Анастасия Тсилимпиуды лайық деп таныпты. Ал орта жастағы патшайымның рөлін алғашқыда актриса Нұргүл Ешилчай сомдады. Алайда көрермендер тарапынан «басты рөлге жастау әртісті қойса қайтеді» деген секілді сыни пікірлер айтыла бастаған соң Нұргүлдің орнын отыз үш жастағы актриса Берен Сағат басты. Беренге келісімшарт бойынша әр сериалдың түсіріліміне жүз мың түрік лира қаламақы төленуде. Негізінде жоспар бойынша  Көсемнің образын о баста Хюрем сұлтан ретінде танылған актриса Мерием Узерли ойнауы тиіс болған. Тарихи кейіпкерді сомдауда тәжірибесі мол Мерием ол кезде басқа фильмге түсіп жатқандықтан бұл ұсыныстан бас тартыпты. Ал Ахмет сұлтанның рөлін 1992 жылы туылған түріктің жас, дарынды актері Екин Коч сомдайды.  Әйгілі Осман империясы, сарайдың ішкі әлемін көрсету үшін фильм режиссерлары әрбір ұсақ-түйекке дейін тыңғылықты дайындалған. Орта ғасырлық киімдер мен әшекейлерді әзірлеудің өзіне екі жыл уақыт кеткен көрінеді. Туындының алғашқы сериясының өзіне мамандар 600 костюм тігіпті. Сондай-ақ түсірілім үшін сол замандағы түрік сарайы  мен арнайы қалашық  тұрғызылған. 

Көрермендер әзірге сериалды «Сүлеймен Сұлтан» сериалынан артық болмаса кем түспеген деп мақтауын жеткізіп жатыр. Декорация, фильмнің сапасы, актерлік шеберлік және сценаридің мінсіз жазылуы фильмнің абыройын асқақтатып тұрғаны анық. Жаттанды сөздерден аулақ әрбір картинада сөздік қор ерекше қолданылған. Осы орайда оқиғаны қазақтың мақалдарымен нақыштап отырған отандық аудармашылардың да шеберлігіне тәнті болмасқа шараң жоқ. Қазақстандық көрермендерді әлі Көсем дәуірінің екінші маусымы күтіп тұр.                                                                                                                                                                       

Айнұр Оңғарбай, 

«Рейтинг» газеті №3, 26 қаңтар 2017 жыл

Асанәлі Әшімов ағаның елдің ішек-сілесін қатырған үздік әзілдері
Ата-ананың өмірін қалай ұзартуға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу