Садақ атуды ұлттық спорт ретінде ұлықтай алмай жүрміз

Oinet.kz 28-04-2011 1418

article-3395-1539702453.jpg

Әлемде спорттың түрін бұқаралық және элиталық деп екі топқа бөледі. Аражігін ашып айтсақ гольф, теннис, ат спорты және садақ ату элиталық спорт түрлері саналады. Көбінесе ақсүйектер қызығушылық танытатын элиталық спортты дамытуға соңғы жылдары Қазақстанда да айтарлықтай бетбұрыс жасалды. Жыл сайын жүлде қоры жарты миллион долларды құрайтын гольф турниріне  қатысу үшін әлемнің әр қиырынан «сен тұр, мен атайын» дейтін сайыпқырандардың Алматыға жиналуы осының айғағы. Ауыр салмақтағы саясаткер Нұртай Әбіқаевтың өзі елімізде гольфтың тасын өрге домалатуды   тікелей басшылығына алуы бекер деймісіз.  

   Элиталық спорттың ендігі бір түрі-теннис десек, тағы бір танымал саясаткер Болат Өтемұратов басшылық жасайтын Ұлттық теннис федерациясы қазақстандықтардың әлемдік деңгейдегі табыстарын мақтан тұтып жүр. Жөн-ақ. Алайда біздегі айтулы азаматтардың  элиталық спорттың ең ерекшесі есептелетін садақ атудың айын оңынан тудыруға құлшыныс танытпай жүргендері қайран қалдырады. Әйтпесе, қазақтың қанына гольф пен теннистен гөрі садақ ату өнері әлдеқайда жақын екені талас тудырмайды. Құралайды көзден атқан нағыз мергендік өнер қазақ даласында қашан да жоғары  бағаланған. Ат үстінде жүріп қазақтың ұлан-ғайыр даласын қорғап қалған баһадүр бабаларымыз әркезде садағын асынып жүруді әсте ұмытқан емес. Ендеше садақ атуды ұлттық спорт түрі ретінде ұлықтап, дамытуға не кедергі?

Бүгінде Шымкент қаласында садақ  ату секциясын жүргізетін  төрт спорт мектебі бар. Ел намысын қорғайтын үздік садақшылардың  дені оңтүстікқазақстандықтар. Бір қарағанда, атқарылған тірлік тәп-тәуір секілді. Бірақ, шын мәнінде осы спорт түрін дамытуда кемшіліктер аз емес. Ең бастысы – жастарды осы спортқа қызықтыру ісінің кенжелеп қалғаны өкінішті-ақ. Әсіресе қазақ жастарының арасында садақ атуға деген құлшыныс тым аз. Бұған көз жеткізу үшін ұлттық құрама команда мүшелерінің тізімін көзбен шолып шықсаңыз жеткілікті. Басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. 

-  Шымкентте спорттың садақ ату түрі бар екенін тіпті білмейтіндер көп, - дейді садақ атудан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Жұмат Бұзауов. -  Жарнаманың жоқтығынан, жаттықтырушылар санының аздығынан осы спортқа балаларды көптеп тарта алмай жатырмыз. Орта мектептерді аралап,  осы спортқа икемі барларды іріктеуге мүмкіндігіміз жоқ. Мәселен, Оңтүстік Кореяда садақ ату ұлттық спорт түрі ретінде дәріптеліп, оның дамуын мемлекет басшысының өзі жеке қадағалайды. Ол ол ма, Кореяның мектептеріндегі дене шынықтыру сабағы екі түрге бөлінеді: таэквондо және садақ ату. Яғни,  мыңдаған  балалардың арасынан іріктеу жүргізіліп, нәтижесінде кореялық садақшылар бүгінде олимпиада және әлем чемпионы атанып жүр. Біздегі жағдай мүлдем басқа. Мектебімізге бір бала келсе  де қуанамыз. 

Бапкерлердің айтуынша, садақ ату спортын таңдағандардың өзі  кейін басқа спорт түріне ауысып кетіп жатады. Себеп көп. Жаттығу өткізетін  дені дұрыс спорт зал да жоқ. Стандарт бойынша садақшылар көлемі кемі 25х20 метрді құрайтын спорт залында жаттығуы тиіс. Ал шымкенттік садақшыларға  бұйырған жалғыз залдың  ұзындығы 15, ені 9 метрден аспайды. Ол аздай, бұл бір залда  үш спорт мектебі жаттығу өткізетіндіктен тар бөлмедегі тығылыстан-ақ балалар жан-жаққа қаша бастайды.  «Әйтеуір, балаларды өзімізде ұстап қалу үшін кейде алдап, кейде мақтап қоямыз. Әйтпесе, қызығушылығын жоғалтып кетіп қалса жаттығатын жастарды да таппай қалуымыз мүмкін ғой.  Осылайша амалдп жүрміз», дейді жаттықтырушы Жұмат Бұзауов. 

   Садақ ату – командалық спорт түрі емес. Жоғары жетістікке жету үшін әр спортшының жеке садағы болуы тиіс. Ал шымкенттік садақшылар бір садаққа бірнешеуі жармасып, әркім өзінің бойына, қолының ұзындығына қарап икемдей берген соң тоз-тозы шықпағанда қайтсін? 2004 жылдан бері жаңа садақтарды сатып алуға қаржы бөлінбей, тек былтыр аз-кем қаражат қарастырылған. Осындай «тар жол, тайғақ кешуге» қарамастан шымкенттік садақ атушылар республика бойынша алдына жан салмай келеді. Бұған ең әуелі ауа райының қолайлылығы мен  жаттықтырушылардың біліктілігі септігін тигізуде. Қайсыбір жылдары Азия біріншілігінде екінші орынға табан тіреген ұлттық құраманың сапында шымкенттік Айбек Сайдиев, Ерман Мұсабеков секілді талантты спортшылар өнер көрсетті. Жуырда ғана Тайландта өткен ірі жарыста жерлестеріміз  4-орынға тұрақтады. Дегенмен, олимпиада ойындары мен  әлем чемпионаттарында мықтылармен тайталасу әлі ерте. Кезінде Сидней олимпиадасына облысымыздың атынан қатысқан Александр Ли 37-орынды қанағат тұтып қайтты. Шымкенттік садақшылар Лондон олимпиадасына екі жолдама алуды көздеп отыр. Ол үшін биылғы әлем чемпионатында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу қажет. 

Жасыратыны жоқ, елімізде қандай да спорт түрінің дамуы көп жағдайда федерация басшысы немесе облыс әкіміне тәуелді. Бұған келтіретін дәлел-дәйектер жетіп артылады. Айталық, кезінде Өмірзақ Шөкеев Қостанай облысын басқарып тұрғанда ойыны оңалмай жүрген жергілікті «Тобыл» футбол клубына барынша қолдау көрсетіп, нәтижесінде бұл команда ел біріншілігінде үлкен табыстарға жетіп жүр. Садақ ату спортына осындай  жанашырлық танытатын атпал азаматтар жоқтың қасы. 

- Облыстың бұрынғы әкімі  Нұрғали Әшімов садақ атуды ұнатады.  Тіпті журналистер арасында садақ атудан жарыс та ұйымдастырған. Бірақ одан осы спорт түріне келіп-кетер пайдасы болмады, - дейді Ж.Бұзауов. 

Шымкенттік садақшылар еліміздің беткеұстарлары есептеліп отырғанымен мұның қайтарымы ретінде қолдау көрсету жағынан қайран болмай тұр. Қара күштің табысы қашанға дейін жетер екен десеңізші. 

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Аңыз адам: Октябрь
Аида Арапбаева әлем чемпионы атанды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу