Қазақстандық спортшы 250 мың теңге жүлдеақысын ала алмай жүр

Oinet.kz 23-01-2026 40

Азия чемпионы атанған қазақстандық спортшы Аделина Земс жеңіс тұғырынан түскелі жарты жылдан асса да, еңбегінің өтеуін ала алмай келеді. Өзбекстанда өткен халықаралық жарыстарда топ жарып, ел намысын қорғаған атлетке уәде етілген 1500 доллар жүлдеақы әлі күнге дейін төленбеген деп хабарлайды Оinet.kz тілшісі   Tengrisport.kz порталына сілтеме жасап.

image.png

2024 жылғы 21–22 маусымда өткен Arzumanov Memorial турнирінде жеңіске жеткені үшін Аделинаға 500 доллар (250 мың теңге), ал 16–17 тамыздағы Road to Tokyo жарысына қатысқаны үшін тағы 1000 (500 мың теңге) доллар қарастырылған. Алайда жарыстар аяқталғанына алты айдан астам уақыт өтсе де, қазақстандық спортшының есепшотына бір тиын түспеген. Бұл туралы Stan.kz Tengrisport.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Спортшының айтуынша, төлемдердің кешігуі федерация басшылығының жиі ауысуымен түсіндіріліп отыр. Яғни жауап біреу — «ақша іздеп жатырмыз». Бірақ бұл уәж уақыт өткен сайын спортшылардың сенімін ғана емес, халықаралық спорттағы әділдік принциптерін де шайқалтып отыр.

«Басқа федерацияларда жүлдеақы кешіксе де, нақты мерзім айтылады. Ақыры төленеді. Ал Еуропада мұндай мәселе мүлде жоқ — жүлдеақы бір айдың ішінде беріледі», – дейді Аделина Земс.

Мәселе бір спортшымен шектелмейді. Аделинаның айтуынша, Ташкентте өткен кейбір турнирлерде қазақстандық атлеттер ғана емес, өзбек спортшыларының өзі жүлдеақыны әлі алмаған.

Соған қарамастан, спортшы бұл жағдайды екі ел арасындағы қатынасқа телуге болмайтынын айтады. Бірақ ол бір нәрсені ашық айтты — спорттағы уәде орындалмаса, жеңістің өзі құнсызданады.

«Мен Өзбекстанды құрметтеймін. Бірақ спортшылар алдындағы қаржылық міндеттемелер сөзсіз орындалуы керек», – деді ол.

Айта кетейік, 27 жастағы Аделина Земс — Қазақстан құрамасының жетекші спортшыларының бірі. Ол 2018, 2023 және 2024 жылдары 4×400 метрлік эстафетада Азияның жабық кешендегі чемпионы атанған. Алайда бүгін оның басты жарысы — стадионда емес, уәде етілген ақшаны өндіріп алу жолында өтіп жатыр.


«Қайрат» клубына бөлінетін қаржы жайлы Алматы қаласының Спорт басқармасы түсініктеме берді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу