«Тобыл» футбол клубы миллиардер Ибрагимовтың меншігіне өтті
Қостанайлық "Тобыл" футбол клубының жаңа бас құрылтайшысы анықталды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Клуб мәліметінше, Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов қостанайлық команданың жаңа бас құрылтайшысы атанды. Бұл шешім Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі футболды коммерцияландыру және клубтардың қаржылық тұрақтылығын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында қабылданған.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ERG Директорлар Кеңесінің төрағасы – Бас атқарушы директоры Ш. Ибрагимов қостанайлық «Тобыл» футбол клубының жаңа бас құрылтайшысы атанады. Мұндай ірі әрі сенімді серіктестің қолдауымен «Тобыл» командасы жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады, - делінген хабарламада.
Шухрат Ибрагимов – ірі кәсіпкер, тау-кен және металлургия саласында жұмыс істейтін ERG компаниялар тобының басшыларының бірі. Ол белгілі қазақстандық кәсіпкер, ERG-нің негізін қалаушылардың бірі болған марқұм Әлижан Ибрагимовтың ұлы. Компания құрамына Қазақстандағы ірі өндіріс орындары, соның ішінде Қазхром, Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі және Қазақстан алюминийі сияқты кәсіпорындар кіреді.
Forbes Kazakhstan басылымының 2025 жылғы деректеріне сәйкес, "Тобыл" командасының жаңа иесі Шухрат Ибрагимов Қазақстанның 50 ықпалды бизнесмені арасында рейтингте 8-орында тұр.
Клуб өкілдерінің айтуынша, мұндай ірі инвестордың келуі команданың инфрақұрылымын дамытуға, ойыншылар құрамын күшейтуге және халықаралық деңгейдегі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл қостанайлық команда Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. Нұрбол Жұмасқалиев жаттықтыратын ұжым финалда алматылық Қайрат клубын пенальтилер сериясында жеңіп, жаңа маусымдағы алғашқы трофейін иеленді.


