Түркіменстан - бақытты ел

Oinet.kz 28-11-2017 739

Screenshot_14.jpg

Түркіменстанда газ, ауыз су, электр энергиясы және тұз тегін. Мұндай ерекше әлеуметтік жеңілдікті жер шарын жеті айналсаңыз да таппайсыз. Алайда түркімендер үшін мұндай жеңілдіктің ауылы алыстап бара жатқан сияқты.  Түркіменстан президенті Ғурбанғұлы Бердымұхамедов 9 қазанда Ақсақалдар кеңесінің отырысында электр қуатына, газға, су мен тұзға кезең-кезеңімен ақы енгізу қажет деп мәлімдеді. 

Жалпы диктатор билейтін елде президент өзінің сөзін сөйлететін, саясатын жүргізетін, арқа сүйейтін бір орган болады. Түркіменстанның президенті Ғурбанғұлы Бердымұхамедов үшін мұндай орган -Ақсақалдар кеңесі. Президент елдегі тұрақтылық пен тыныштықты осы кеңес арқылы сақтап келеді. «Тегін дүниеден бас тартайық» деген сөз  алғаш рет осы ақсақалдардың аузынынан шыққан болатын. 

Ақсақалдар кеңесі коммуналдық қызмет пен тұзға төлемақы енгізейік деген ұсынысты президентке 2015 жылы айтты.  Сол кезде ақсақалдар кеңесінің бір мүшесі "әлеуетті әрі бақытты елдің тұрғындары газ, су және электр қуатына ақы төлей алады" деп мәлімдеген еді. Экономикалық дағдарыс қос өкпеден қысқан соң Түркіменстан бұл мәселеге шындап кірісе бастады.    Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, жеңілдіктер мемлекеттегі экономикалық жеңілдіктер қиын уақытта енгізілген. Енді Түркіменстанда халықтың табысы жыл сайын өсіп келеді, жұмыс орындары көптеп ашылып жатыр, бұның бәрі әлеуметтік жеңілдіктерге ақы енгізуге мүмкіндік береді, деп есептейді президент.

Бердымұхамедов мұндай бастаманы Ақсақалдар кеңесі көтерген деді. Бұл жағы түсінікті. Түркіменстанда коммуналдық қызметті тегін ету бұрынғы президент Түркіменбашының тұсында енгізілген. Бердымұхамедов халықты тегін дүниеден айырып тастау жауапкершілігін  өз мойынына алғысы келмейді. Бәрін ақсақалдардың еншісіне лақтыра салмақ.

Түймебаев тізгін ұстаған 1 жыл ел есінде несімен қалды?
Тәжікстанда той-томалақ өткізудің тәртібі бекітілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу