Түймебаев тізгін ұстаған 1 жыл ел есінде несімен қалды?

Oinet.kz 28-11-2017 796

Screenshot_13.jpg

Соңғы күндері биліктің дәлізінде «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Астанаға қызмет ауыстыруы мүмкін» деген әңгіме гулеп тұр. Қаншалықты рас боларын кім білсін, Түймебаев жөнді-жөнсіз реформаларымен жұрттың жүйкесін жұқартып жүрген білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің орнын алмастыруы да мүмкін көрінеді. Бұл кресло Түймебаев үшін таңсық емес. Өткен жұмада өңірге келген премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сапарынан біреулер бір өзгеріс күтіп еді. Алайда Сағынтаев осыдан дәл бір жыл бұрын өзі әкеліп отырғызып кеткен Түймебаевты өзімен бірге Елордаға әкеткен жоқ. Қайта әкімнің қызметіне жоғары бағасын беріп, қолға алған бастамаларына қолдау білдіріп кетті...

 Осы орайда сәуірдің аяғында облысқа іссапармен келген президенттің айтқан сөзі еске түсіп отыр.

-Облыстың әкіміне тоқталудың қажеті жоқ. Алдында Асқар әкім болды. Соңғы жарты жылда Жансейіт жұмыс істеп жатыр. Расында да Оңтүстікте көп жұмыстар атқарылды. Соның арқасында Асқар Үкімет басшысының орынбасары болды. Жансейіт жақсы жұмыс істесе, ол да солай болатын шығар,-деген еді Елбасы. Түймебаевтың қазіргі тірлігіне қарасаңыз, әл-әзірге бір жаққа қызмет ауыстыратын, шабаданын буып-түйіп жатқан әкімге ұқсамайды. 

Осы аптада Жансейіт Түймебаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалғанына бір жыл толады екен. Бір жыл дегеніңіз көп уақыт емес, әрине. Әсіресе, өзінің іскерлігін дәлелдеп, атқарған жұмыстарының жемісін көрсетемін деген әкім үшін тіптен аз мерзім. Десек те...

 Қызметіне тағайындалғаннан кейін араға төрт ай салып, Түймебаев Ақордаға барып, Елбасының қабылдауында болды. Президенттің осы кездесуде айтқан сөздері тағы да еске түсіп отыр.

-Халқы ең үлкен облыс бола тұра дотацияны ең көп алатын Оңтүстік Қазақстан. Ондай екінші облыс жоқ. 80 пайызға дейін аласыңдар. Ал енді өздеріңнің салық жинауларың бұрынғыдан төмен. Жұмыссыздық Оңтүстік Қазақстан үшін әр уақытта негізгі мәселе болып саналады. Үшінші - шағын және орта бизнес. Олар көбеймейді, төмендеп жатыр немесе сол қалпында тұр. Жинаған тәжірибеңді пайдаланып, инвестиция тарт,-деген болатын президент Түймебаевқа.

Оңтүстіктің оныншы әкімі бір жыл ішінде президенттің осы тапсырмаларын қаншалықты орындай алды? Күні кеше премьер-министрдің алдында баяндама жасаған Түймебаевтың мәлімдеуінше, өңірдегі жалпы жағдай жаман емес. Оңтүстік Қазақстан инвестиция тартуда елімізде бірінші орынға шыққан. Былтыр облыс әкімі «Туған жерге тағзым» акциясын ұйымдастырып, Оңтүстіктен түлеп ұшқан азаматтардың, оның ішінде ірі бизнесмен-инвесторлардың  басын қосты. Осы акцияны кейбір ақпарат құралдары жершілдікке теңегені де есте. Алайда Түймебаев осы шара арқылы туған жерін түлетудің әрбір қазақтың парызы, қанында бар қасиет екенін көрсете білді. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 176 мыңнан асқан. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 105 пайызды құрап отыр. Облыста «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив ашылып, осы шаруашылықтарда 3 мыңнана астам жұмыс орны құрылған. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 21,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артқан. Облыс әкімі шаруаларды кооперативтерге біріктіруді орынбасарларына сырып қоя салмай, бұл өзі іске білек сыбана кірісіп, аудан-қалаларда көшпелі семинарлар өткізді. Жансейіт Қансейітұлының осы бастамасы жақсы жемісін беріп жатыр. Осылайша идеолог адам өңірдің басты көзірі—ауыл шаруашылығы саласын қалай игермек деген алаңдаушылықты жоққа шығарды. 

Бұған дейін жағажайымен, демалыс орындарымен аты шыққан Түркияда елші қызметін атқарған Түймебаев өңірдегі туризмді дамытуды қолға алды. Бұл салада тың бастамалар бар. Өткен жылмен салыстырғанда облысқа келген туристердің саны 55 пайызға көбейген. Шетелдік  инвесторлар тарту мақсатында «Сарыағаш», «Қасқасу» тау шаңғы кешені, «Шардара» жағажай демалыс аймағы, «Көне Түркістан» секілді жобалар жүзеге асуда. Үкімет жетекшісінің алдында айтылған мәліметке қарағанда, Оңтүстік халықты жұмыспен қамтуда республикада алдыңғы орындарда келеді. 54 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына қатысып, оның 33 пайызы нәтижелі жұмыс тапқан. Өз ісін ашқысы келетіндерге қолдау көрсететін «Өрлеу» жобасы да өңірде жақсы нәтиже беріп келеді. 

Түймебаевтың бастамасымен Шымкент пен аудан-қалаларды жасыл желекке айналдыруды көздейтін «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұған дейін томаға-тұйық жатқан Өзбекстанмен қарым-қатынас орнатылып, тіпті көрші елдің бизнесмендері бізге инвестиция салуға көшті. Облыста алдағы уақытта 16 су қоймасы, Өгемнен су электр стансасы  салынбақ. Биыл Түркістанның Түркі әлемінің мәдени астанасы атануы да түркітанушыТүймебаевтың абырой-беделімен байланысты десе артық айтпағанымыз шығар.  

Әрине, әкімнің жұмысына тек цифрларды сөйлетумен баға беруге болмайды. Әкім дегеніңіз әулие емес. Оның жұмысы тек жетістіктерден тұрмайтыны да айдан анық қой. 

Осы бір жыл ішінде Түймебаев туралы ақпарат құралдарында біраз сындардың жазылғанын да мойындау керек. Түймебаев қызметке келгелі облыста бірқатар аудан, қалалардың, басқарма басшыларының креслосы жаңарды.  Түймебаев соңынан шұбыртып кадр әкелген жоқ.  Таңдауды жергілікті кадрларға жасады. Десек те, облыстық білім басқармасы басшысы креслосының сегіз ай бойы бос тұрғаны жұрт арасында біраз түсінбестік туғызғаны рас. Ақыр аяғында  Түймебаев өзінің талабына жауап бере алатын кадрды сырттан әкелді. Соңғы жылдары дау-дамай, арыз-шағымнан көз ашпай тұрған өңірдің білім саласын жаңа кадр қаншалықты шырқ үйіріп әкететінін кім білсін?  «Түймебаевтың тұсында қалталы-бизнесмендер көбірек атқа қонды» деген әңгіме де аракідік айтылып жатады. Белгілі бизнесмен Қайрат Балабиевті облыстық мәслихаттың хатшылығына депкорпус сайлады демесеңіз, мұндай лауазымды қызметке облыс әкімінің келісімінсіз тағайындалудың нейғабыл екендігін кім білмейді дейсіз. Қайбір жылдары «А» корпусына іріктеуде сынақтан сүрініп, осыдан кейін бизнесін дөңгелетуге көшкен Әлімжан Құртаевты Түймебаев өзіне орынбасарлықа қызметке қабылдады (рас, әкімдіктегі емес, партиядағы). Құртаевтың бұдан ары Сенат депутаттығына сайланып кеткені белгілі. Оның орнына қайбір жылдары екі ауданға әкім болған, соңғы жылдары кәсіпкер ретінде танылып жүрген Нұрмахан Жолдасов тағайындалды. Түймебаев қызметке келген екі-үш айдан кейін үлкен бизнесте жүрген тағы бір «жаңа қазақ»  Бауыржан Жамалов мемлекеттік қызметте болмағанына қарамастан Түймебаевтың өнеркәсіп саласындағы орынбасары қызметіне кірісті. Кім біледі, бәлкім кадрды бизнесмендердің арасынан іздеу де заман талабы шығар.  

Оңтүстікте Елбасының алдында тұсауы кесілген кәсіпорынның кейіннен жұмыс істемей қалуы жаңалық болудан қалғалы қашан. Мұндай жағдайдың әсіресе, Асқар Мырзахметовтың тұсында бірнеше рет қайталанып, ақпарат құралдарына біраз уақыт «азық» болғаны есте. Өкінішке қарай, осы бір қырсық Түймебаевты да айналып өткен жоқ.  Былтыр тікелей телекөпір барысында Түймебаевтың Елбасының алдында Бадамдағы болат құю зауытының лентасын қиып, кейіннен бұл кәсіпорынның әлі күнге іске қосылмағаны республикалық ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ. Осы бір ыңғайсыз жағдай Астанада брифинг берген Түймебаевтың алдынан тағы шықты. Бертінде зауытқа коммуналдық қызметтердің дер кезінде тартылмауы Марғұлан Марайым басқаратын  облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының жауапсыздығынан орын алғаны анықталды. Десек те, кім кінәлі болса да жұрттың бәрібір айналып келгенде бірінші басшыға әкеліп тірейтіні рас. Бәлкім әкім сонысымен әкім шығар. 

Жүзінде жұртқа ұнайтын бір жылылық бар, Оңтүстікке тән қазақылығы басым Түймебаевтың әкімдік қызметіне толағай табыстар тілейміз. 

Жәнібек ТАРХАН

Мадрид Каталонияның тәуелсіздік алуына жол бермейді
Түркіменстан - бақытты ел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу