Сенген сотым сен болсаң...

Oinet.kz 13-02-2020 1681


суд_60af56e5_4f47c542.jpg

Соңғы уақытта журналистерді, әлеуметтік желі қолданушыларын сотқа сүйрелеудің, моралдық   шығын талап етудің жиілегені рас. Әрине, бұл мәселеде біржақты пікір айтудан аулақпыз. Өйткені әр істің өзінше бір тарихы болады. Біз қозғағалы отырған істің де өзгеше мән-жайы бар. 

Төлеби аудандық соты  былтыр 19 қарашада  талапкер  Төлеби аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлікті  техникалық тексеру бөлімінің басшысы Н.Кемелов, жауапкер «Төлеби туы» газетінің бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұловтың ісі бойынша шешім шығарды. 

Осы шешімге қарағанда, былтыр аталған ауданның Сұлтан Рабат ауылының тұрғыны  А.Рахымғазиев деген  азамат аталған басылымның редакциясына барып шағымданады. Осы шағым бойынша журналистік зерттеу жүргізуді сұранған. Зерттеу барысында мынандай жәйттар анықталады:

  Арызданушы Рахымғазиевтің  Жүнісбеков деген азаматпен арада жер дауы болған. Кейінгі азаматтың салған дүкені Рахымғазиевтің шекарасына 7 метрге кіріп кеткен. Рахымғазиев сотқа талап арыз береді. Бірақ сот барысында екі жақ келісімге келген. Осы келісім бойынша Жүнісбеков 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін салған дүкенін бұзуы тиіс болған. Екіарадағы келісім сот ұйғарымымен бекітілген. 

Бірақ Жүнісбеков 1 сәуірге дейін келісімді орындамаған. Осыдан кейін сот актісін мәжүрлі түрде орындату  жеке сот орындаушысы Б.Асылбековке тапсырылады. Ал ол  Рахымғазиев пен Жүнісбеков екеуінің арасындағы жер дауы жөнінде Төлеби аудандық жер кадастары  және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру  бөлімшесінен  қорытынды сұратады. Аталған мекеменің басшысы Н.Кемелов 16 сәуір 2019 жылы сот орындаушысына  Жүнісбековтың дүкені өз шекарасында салынғаны жөнінде анықтама береді. Осыдан кейін сот актісінің орындалуы созбалаңға салына береді. Біраз уақыттан кейін ол тіпті қысқартылған. 

Осы жерде мына қызықты қараңыз, 2018 жылдың желтоқсанында талапкер Рахымғазиев пен жауапкер Жүнісбековтің ісі сотта қаралып жатқан кезде Н.Кемелов  судья Жорабековке Жүнісбековтің дүкені Рахымғазиевтің жеріне нақты пайдалануы бойынша енінен 0,90 м, ұзындығы 7,34 м, жалпы көлемі 0,00066 гектарға кіріп кеткені жөнінде зерделеу актісін берген. Сонда бас-аяғы 3-4 айда бір мекеменің басшысы екі түрлі анықтама берген болып тұр ғой. «Сот шешімін орындауға кім кедергі?» деген тақырыппен «Төлеби туы» газетінде жарияланған мақалада дәл осы мәселе жазылады. Мақаланың мазмұнында біреудің намысына, жеке басына тиісу жоқ. Тіпті басшының әрекетінен де қателік іздеу байқалмайды. Журналист тек мәселе көтерген. Бірақ өзінің атына айтылған сынды жұмысын жақсартуға пайдалануы тиіс мемлекеттік қызметкер Н.Кемелов бас редактор  әрі мақаланың авторы Әбдімәлік Рахманқұловтың үстінен сотқа талап арыз береді. Сот ұйғарымы бойынша жауапкер М.Жүнісбековтің даулы жерде соғылған дүкеннің дуалын бұзып, алып тастағаны туралы сотқа жалған ақпаратты арыз беріп, журналистен моральдық шығын өндіруді және мақаланы теріске шығаруды сұранған. 

Мұндай жағдайда соттың сараптама қорытындысына сүйенетіндігі белгілі. Алайда, жауапкер жақтың айтуынша, істі қараған судья Н.Смайлова сот психологиялық-филологиялық сараптамаға мақаланы тұтастай емес, ондағы тек кейбір сөздерді үзіп-жұлып ұсынған. Сот сараптамаға «Себебі, Н.Кемелов берген жауап хатта қасқыр да тоқ, қой да аман, Мұхтар Серәліұлының құжаттары қанттай», «Баяғыда жаны күйген біреу сен білесің бе, селсебет біле ме деген екен. Ал сот не дейді?», «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік Корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Төлеби аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру бөлімшесінің басшысы Нұрлан Кемеловтың әрекеті кедергі болып тұр» деген сөздерде Кемеловтің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер бар ма деген мәселені қояды. 

-Сот барысында менің қорғаушым мақала ішінен теріліп алынған сөйлемдер сараптамаға жолданған жағдайда мақаланың мазмұны мен қандай бағытта  айтылғаны өзгеретінін ескеріп, сараптамаға мақаланы түгелдей тапсыру туралы талап тілек қойды. Алайда судья Н.Смайлова бұған құлақ асқан жоқ,-дейді Ә.Рахманқұлов. 

3 қазан 2019 жылы  сот психологиялық-филологиялық сараптама зерттеуге ұсынылған мақала мәтінінде шындыққа сәйкес келмеген жағдайда Н.Кемеловтың ар-намысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімет бар, ал іскерлік беделін төмендететін мәліметтің жоқтығы туралы қорытынды береді. Осы қорытындының негізінде сот Ә.Рахманқұловтан  талап қоюшы Н.Кемеловтің пайдасына моралдық шығын ретінде 100 000 теңге, сот сараптамасына жұмсалған сот шығыны 62 523,02 теңге және 1 263 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру жөнінде шешім шығарады. Ал дүкен дуалының мұрты бұзылмай тұрғанына назар аудармайды.

 Яғни бір сөзбен айтқанда соттың шығарған шешімі  «қой да аман, қасқыр да тыныш», дәлірегі «қара қылды қақ жаратын» төрелік еместігі айтпаса да түсінікті сияқты. 

Ал, Рахымғазиев пен Жүнісбеков арасындағы жер дауы одан әрі жалғаса береді. Сот орындаушыларының істі қысқарту туралы қаулысына қарсылық білдірген Рахымғазиев сотқа арызданады. Ақыр аяғында Төлеби аудандық соты (судья Қожанов) сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысын жарамсыз деп табу туралы шешім шығарады. Яғни осы сот актісінің өзі-ақ Кемеловтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірудің қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін дәлелдеп тұрған сияқты. Ендігі үміт апелляциялық алқада. Жауапкер жақ облыстық сотқа шағымдарын тапсырып қойыпты.

  Айтпақшы, осы іске төрелік айтқан судья Н.Смайлова былтырғы жылдың соңында Жоғарғы соттың аттестациясынан өте алмай, қызметінен шеттетілді. Оның біліктілігі мен тәжірибесінің қаншалықты дәрежеде екендігін осыдан кейін өзіңіз таразылай беріңіз. Сенген сотым сен болсаң.... 

"Рейтинг" газеті, 13 ақпан, 2020 жыл.


Коронавирус. Жұқпалы дерттен 1357 адам көз жұмды
Шардара ауданы әкімінің есебі көзбояушылықпен өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу