Шардара ауданы әкімінің есебі көзбояушылықпен өтті

Oinet.kz 13-02-2020

Қайрат Жолдыбайдың есебі көзбояушылықпен өтті деп хабарлайды "Рейтинг" газеті. Газеттің жазуы бойынша, есеп сценарийі сәтсіз болған. Мақаланы қаз-қалпында беруді ұсындық. 

Screenshot_1.jpg

Фотода Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркістанға жасаған сапары барысында және ақпарат құралдарына берген сұхбатында әкімдердің есеп беру форматының ескіргенін, жұртты жалықтырғанын, баяндамалардың тек жадағай цифрлардан тұратынын сынаған еді. Президенттің сөзінен кейін кейбір әкімдердің есеп беруіне аздап өзгерістер енгізілді. Одан анау айтқандай нәтиже жоқ шығар, бірақ  әйтеуір ұмтылыс, ниет бар. Бұған да шүкір дейсің.

Өзгелер осылайша өзгеріс жасасақ, жаңартсақ, тиімді етсек деп жатқан кезде Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың  халыққа берген қорытынды есебі тіптен сорақы жағдайда көзбояушылықпен өтті.

Апта басында аудандық әкімдіктің акті залында өткен  есеп алдын ала дайындалған сценарий бойынша жүргізілді. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы біздің журналист екендігімізді естіген соң қолымызға «Шардара ауданы әкімі Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлының кездесуінің баспасөз релизі» деген жазуы бар қағазды ұсынды. Осы қағазда есеп беру жиынының сценарийі басынан аяғынан дейін «өткен шақпен»  жазулы тұр. Сценарийдің сықпытына қарасаңыз, жиынды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан  Шомпиев жүргізеді.  Баяндамадан кейін жарыссөзге  Қыстау Ілесов, Тоқсанбай Бердібеков, Баян Қанайбекова, Сайлау Шалхарбаев, Жамал Төлешова деген азаматтар шығады. Ауыл биі Жанайдар Биту Шардара қаласын газдандыру бойынша, еңбек ардагері Төлбасы Бектас қаладағы Майқала, Ақбала мөлтек аудандарында  канализация жүйелерінің құрылысын жүргізу мәселесі бойынша, «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Лаханов ауызсу сапасын арттыру туралы сұрақтар қойғаны жазулы тұр. Мәссаған, тіпті релизді мұртын бұзбастан баспасөзге жариялай салуға болады. Әлі өтпеген есеп беруде кімнің қандай сұрақ қоятынын әкімдіктегілердің алдын ала қайдан біліп қойғанын түсіне алмай, аң-таң қалдық. Әлде Қайрат Жолдыбайдың қарамағындағылар көріпкелдікпен, сәуегейлікпен айналысатын болған ба?

Сценарий бойынша мінбеге шыққан  аудан әкімі әңгімесінің біссмілләсін былтыр өткен Президент сайлауынан бастап, осы науқанда шардаралықтардың Тоқаевты бірауыздан сайлағанын атап өтті.  Одан кейін ауданның 55 жылдық мерейтойының дүркіреп өткенін еске салды.

Баяндамадан кейін сценарий бойынша  Жанайдар Биту деген азамат газ мәселесі бойынша, Төлбасы Бектас қаладағы канализация жүйесі бойынша, ал «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары  Сәбит Лаханов ауызсудың сапасы бойынша сұрақ қойды. Сұрақтардың бәрі сұрыптаудан өткен, әбден сыпайланған. Ең бастысы, нағыз «іздегенге сұраған» сауалдар. Әкім ауызсудың сапасын арттыру үшін Шардара су торабының биыл жөндеуден өтетінін баяндамасында атап өткен еді.  Осыдан кейін дәл осы мәселе әкімге сауал ретінде тағы қойылады. Канализация да, газ мәселесі де солай. Яғни, сценарий бойынша қойылған сауалдардың бәрі де әкімнің атқарған, немесе енді атқаратын жұмыстарын жан-жақты, жететін жеріне дейін жеткізе жарнамалап, толықтыру үшін алдын ала дайындалғаны көрініп тұр.

Рас, бір азаматша коронавирустың Шардараға қаншалықты қауіп төндіретіні туралы тосындау сауал қойды. Әкім күні кеше ғана аудандық ауруханада осыған қатысты жаттығу өткенін айтып, әңгімесінің соңын «құдай сақтасын» деген сөздермен аяқтады. Одан кейін бір азамат шетелдік нөмірлі көліктерге қатысты сұрақты алға тартты. Тағы бір азамат Шардарада қашан қоғамдық көліктің жүретінін сұрады. Әкім шетелдік көліктерді рәсімдеудің келесі жылдың наурызына дейін ұзартылғанын, биыл Шардарада екі бағытта қоғамдық көлік жүретінін айтып жұртшылықты қуантып қойды. Яғни, «өте өзекті», ең бастысы «дер кезінде» және әкімдерінің атқарған жұмыстарын әйгілей түсетін осындай сауалдардың да сценарийден тыс еместігі байқалады. Сауал қоюшыларға  жауаптан кейін әкімге рахметтерін айтып, есеп берудің өте керемет деңгейде өткенін айтып отыруы да алдын ала тапсырылса керек.

Егер осы жиын көзбояушылықтан таза өтсе  қойылатын сауалдардың мән-мағынасы, форматы мүлдем басқаша сипатта болар ма еді деп ойладық. Қайбір жылдары атқамінерлер Шардарадағы индустриалдық аймақта кәсіпорындардың ашылғалы жатқанын ақпарат құралдары арқылы таратып еді.  Қайрат Жолдыбай есеп беру жиынында Индустриалдық аймақ туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Яғни бұл салада атқарылған ешқандай тірлік жоқ деген сөз. Аудандағы кәсіпкерліктің дамуы туралы да жартымды мәлімет жарияланбады. Шардарада жағажай туризмінің өркендейтінін шенеуніктер бірнеше жылдардан бері жақтары талмай айтып келеді. Қайрат Жолдыбайұлы ол туралы да жұмған аузын ашқан жоқ.  Неге? Әлде Шардараның шенеуніктері өкіметтен ақша алып, соны жаратудан басқаны білмей ме?

Ал Шардара қаласының өзінде проблема дегеніңіз шаш етектен. Халық тұщы суды «Омегадан» сатып ішеді. Колонкадағы су лас болғандықтан ішуге жарамайды. Мейлі халық ауызсудың азабынан бір-екі жылда құтылады дейік. Қаладағы  көпқабаты үйлердің басым бөлігінде осы уақытқа дейін жылу жоқ.  Тұрғындар пәтерлеріне баяғыша пеш орнатып, көмір жағады. Бұл қашанға дейін созылады? Жиында ауыл шаруашылығына, субсидияға, атаулы әлеуметтік көмекке, жұмыссыздыққа, қаланың тазалығына қатысты бірде-бір сауалдың ашық қойылмауы сценарийдің өте сәтсіз жасалғанын байқататын сияқты.  Шардара тап бір басқа әлемде өмір сүріп жатқан сияқты. Осындай көзбояушылық кімге керек?  Қайрат Жолдыбайдың  есеп беру жиынын өткізу үшін жасалған сценарий осындай өзекті деген проблемаларды айналып өтуді мақсат тұтқан сияқты. Ал Шардараның әкімі сонда проблеманы шешудің орнына одан қашып құтылғысы келе ме?

P.S. Қалай айтса да, қайтіп айтса да Қасым-Жомарт Тоқаев Қайрат Жолдыбай сияқты әкімдердің диагнозын дөп басып қойған сияқты. Ал әкімдері өте керемет есеп беретін ауданның тұрғындары өздерінің мұң-мұқтаждарын, талап-тілектерін газет арқыл білдіреміз десе, біз оны жариялауға дайынбыз.   

Сенген сотым сен болсаң...
Танымал айтыскер ақын Ринат Зайытовтың саяси көзқарасын қатаң сынға алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу