«Незаменимый» Нұржанов енді хатшы болды

Oinet.kz 26-01-2012 872

Screenshot_19.png

Мақтарал ауданының әкімі қызметін бір емес бірнеше мәрте атқарып, «незаменимый» кадр атанған, соңғы жылдары амалсыздықтан Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіне жұмысқа ауысқан Омарбек Нұржанов Мақтаралға қайта оралды. Оралып қана қойған жоқ, саясат сахнасына қайта шықты.

Омекең аудандық мәслихаттың депутаттығына кандидат болып тіркелгеннен-ақ  «үлкен астаулардан ас ішіп» үйренген  азаматтың мәслихат хатшылығынан дәмесі барын елдің бәрі айтып жүрді. Қателеспеген екенбіз.

Мақтарал аудандық мәслихатының хатшысы  сайланатын сессия 24 қаңтар күні таңертеңгі сағат 11-ге белгіленгенін алдын ала сұрап біліп бардық.  Алайда белгіленген мерзімнен ерте барғанымызбен  күзетшілер аудан әкімі аппаратының басшысы іште өтіп жатқан жиынға ешкімді кіргізбеуді тапсырғанын айтты. Арада біраз уақыт өткенде іштен бір топ депутаттар улап-шулап  сыртқа шықты. Олардың сөздерінен ұққанымыз сессияның алдында мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшелерінің отырысы өткен. Оның  соңы сессияға ұласып кеткен. Мәслихат хатшылығына екі үміткер ұсынылған. Бірі Омарбек Нұржанов, екіншісі аудандағы жұмыспен қамту орталығының директоры Мүтәліп Байыспаев. Екі азамат та сайлауға «Нұр Отан» партиясының праймеризі арқылы қатысып, жеңіске жеткен.  

-- Жиында регламент сақталмады. Партияның аудандағы  төрағасының бірінші орынбасары, депутат Әбдіманап Байдуллаевтың айтуынша  мәслихат хатшысы кандидатурасын талқылағанда  21 депутат Омарбек Нұржановтың кандидатурасын қолдаған. Дауыс беруді ашық түрде өткізуді қолдап, 11 депутат дауыс берді. Бірақ жиынды өткізушілер оны 13 деп санап жіберді. Осыдан кейін 5 депутат бұған қарсылығымызды білдіріп, жиынды тастап шықтық,--деді Нұрман Дәуренбек.

Біздің түсінбегеніміз, «Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Заң бойынша мәслихат хатшысын сессияда депутаттар ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайлауы тиіс. Сессияға журналистердің жіберілмеуі қалай? Хатшы сайлауынан дау туатынын алдын ала білгендіктен бе? Халықтың сайлаған өкілдерінің халықтан жасырып-жабатыны несі бар еді?

Бақытжан Ерназар.


Кандидат Оразалы Қамбаров айтқан сөзінен неге айнып қалды?
«Ақжолдықтарды» төраға Азат Перуашев алдап соқты ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу