Назарбаев жұмысқа жасты да, кәріні де алу керек екенін айтты

Oinet.kz 06-11-2009 937

Screenshot_4.jpg

Шынын айту керек, ел Президенті Н. Назарбаевтың елмен тікелей эфир арқылы жүздесіп, сұрақтарына жауап беруінен көпшілік, әсіресе қарапайым халық қатты үміттенеді. Шағым айтып шағынар тауы, басар жері қалмаған жұртқа Елбасының тікелей эфирі ең соңғы үміті, ең соңғы мүмкіндігі секілді көрінеді. Сұрақ қоюшылардың қатары өте көп болатынын, мұның сұрағы мыңдаған сұрақтардың арасында қалып кететінін біліп тұрса да қарапайым халық мәселесі президенттің аузынан айтылып қалардай теледидарға елеңдеп отырады. Яғни, ел Елбасының тікелей эфиріне қатты сенеді, бір жақсылық күтеді. Сондықтан болар Елбасы да, оның төңірегіндегі азаматтар да бұл іс-шараға қатты дайындалады. Жасыратыны жоқ, аймақтарда дайындық жұмыстары бірнеше күн бұрын басталады. Әрине, еліміздің түкпір-түкпірінен қойылған бірнеше мыңдаған сұрақтарға Н. Назарбаевтың бір өзі жауап беруі мүмкін емес. Елбасы тікелей эфирде сол бірнеше мыңдаған сұрақтардың 1 пайызына да жауап беріп үлгерген жоқ. Ең негізгі, елдің көкейінде жүрген маңызды сауалдарға ғана жауап қатты, өз ойын білдірді, бірқатар мәселелерге байланысты қатаң тапсырма берді. Енді Елбасы тарапынан қолға алынған осы жап-жақсы іс-шараны абыроймен жалғастыру Президент аппаратындағыларға, Үкімет мүшелеріне үлкен сын, үлкен жауапкершілік. Президент қойылған сұрақтардың бәріне 10-желтоқсанға дейін жауап беруді қатаң тапсырды. Біздіңше әрбір министр, әрбір әкім, әрбір басшы өз саласы бойынша қойылған сұрақтарға Елбасының көзімен қарап, Елбасыша әрекет етуі тиіс сияқты. Әйтпесе, қойылған сұрақтардың денін министрлер, жергілікті жердегі басшылар жақсы біледі. «Е, бұл белгілі мәселе ғой, бұған дейін талай жауап бергенбіз» деп әкімдер арқаны кеңге салып, сыдыртпа сөзбен жауап бере салмауы тиіс. Бұл басшының өзіне де, Президентке абырой әпермесі анық. Әрине, Үкімет басшысы министрлерді ертеңіне-ақ жинап алып, тікелей эфирде көтерілген мәселелерді талқылауға кірісіп кетті. Тіпті К. Мәсімов кей министрлерге тікелей эфирде айтылған мәселелерді үш күннің ішінде орындауға тапсырма беріп тастады. Бұл бір жағы тым асырасілтеушілік екені рас. Жылдар бойы шеше алмаған мәселені үш күнде бір жақты ету еш ақылға сыймайды. Бірақ бір жағы Үкіметтің жан алысып, елге бір жақсылық істеуге жанталасып жатқаны қуантады-ақ. Осыдан кейін Елбасының тікелей эфирі елдің үмітін ғана емес, Үкіметті де түртіп оятып жібергенін байқап, іштей риза боласыз. Сонда Елбасы айтпаса, Үкімет қимылдамайтыны болғаны ма, қалай өзі…

Елді елең еткізген екі мәселе

Жалпы бұл тікелей эфир елге не берді? Қалай өтті, көңілден шықты ма? Президент Н. Назарбаевпен өткен сұхбатта талай мәселе көтерілді. Былайша айтқанда Елбасымен жүздесуде көтерілген мәселелерге елдің көңілі толды. Және Елбасының жауабына да ел қанағаттанды. Ел көп жәйттерге қанығып, елдің ертеңіне, болашағына сенімдері беки түсті. Қалған жауапкершілік Президент төңірегіндегі адамдардың мойнында екенін әлгінде айттық. Тікелей жүздесуде елдің елең еткізген екі жағдай болды. Оның бірі Тараз қаласынан соғылған телефондағы әңгіме. Сосын Президенттің аузынан айталған Павлодар облысы, Май ауданындағы жағдай.

Тараз қаласынан соғылған қоңырау дауысы мазасыз естілді. “Менің ұлымның жасы 15-те, мектептен қайтып келгенше жүрегім орнына түспейді. Таразда жас­өс­пірімдердің қылмыс жасауы қатты алаң­датады. Жоғары сынып оқушыларының талайы қылмысты топтарға біріккен, мек­теп пен мектеп, аудан мен аудан болып төбелесіп жатады. Мен өз аты-жөнімді әдейі айтпай тұрмын, өйткені менің бұл шағымымнан ұлыма зиян тие ме деп қорқамын”, деді әбіржіген әйел үні.

Мұндай мәселелерді жергілікті орган­дар, әкімдіктер мен құқық қорғау орган­дары қарауы керек, деді Президент. Жас балалар арасында жанжал шыға береді, бірақ ол қылмысты сипатқа ауыспауы керек. Нұрсұлтан Назарбаев сол арада Жамбыл облысының әкімі мен Ішкі істер министрін тікелей желіге қосуды тап­сырды.

-Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің аймақтан Сіздің атыңызға түсіп жатқан сауалдарды бағдарлап отырмыз, деді Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин: Денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құқық қорғау мәселелеріне қатысты 400-ден астам сауал түсіпті. Біздің өңірден түскен барлық сауалдарға толық жауап беретін боламыз. Ал мына сауалға келсек, жақында ғана басылымдардың бірінде жасөспірімдер қылмысы туралы мақала жарияланған. Сауал қойған азаматшаны да түсініп отырмын. Бұл мәселе туралы облыстық прокуратура сараптама жасап, өткен 8-9 жылдың ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстар екі есеге төмен­дегені байқалған. Мақалаға және жаңағы азаматшаның қойып отырған сауалына қатысты айтарым, прокуратура мақалада айтылған жасөспірімдер қылмысының негізсіз екенін анықтады. Бірді-екілі жасөспірімдерге байланысты қылмыстық фактілер бар. Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған. Бұларға байланысты жұмысты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.

Ішкі істер министрі Серік Баймағам­бетовтің айтуынша, бұл салада оңды өзге­рістер қазірдің өзінде байқалып отыр. Қылмыс саны 8 пайызға дейін төмен­деген. Ұйымдасқан қылмыспен күрес кү­шейтілген. Биыл ұйымдасқан қылмыстық топтардың 50 басшысы мен олардың екі жүзден астам белсенді қатысушылары қылмысты жауапкершілікке тартылған. Қазір Қазақстанда рэкетпен айналысып, елдегі қылмыстық жағдайды күрделен­діріп отырған тұрақты топтар жоқ. Бүгінде Президенттің тапсырмасы бойынша барлық облыстарда, ірі қалаларда мектеп инспекторлары қызметі енгізілді. Ұстаздар ұжымдарымен, қоғамдық құрылымдар­мен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қимылдай отырып, олар үлкен ауқымда алдын алу шараларын жүргізуде. Тамыз айында жасы кәмелетке толмағандарға сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін түнгі көңіл көтеру мекемелерінде болуға тыйым салатын заң қабылданды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қылмысты құрықтауға байланысты берген тапсырмаларыңыздың бәрі де министрліктің тұрақты бақы­лауын­да, біз кәмелетке жасы толмаған­дардың арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлетін боламыз, деп сендірді министр.

... Павлодар облысы, Май ауданындағы жағдай туралы ешкім сұрақ қойған жоқ. Бұл жәйтті Елбасының өзі айтты. Шенеуніктердің салғырттығы туралы сауал беріліп, солған жауап бере келіп Елбасы Олимпиада чемпионы Ильинге қатысты оқиғаны да қозғай кетті. Президент жағдайдан толық хабардар екенін, мәселемен Туризм және спорт министрлігі айналысып жатқанын атап көрсетті. Сонымен бірге, Президент Ильяның Лондондағы келесі Олимпиадада бізге алтын медаль әкелеті­нінен үміттенетінін де ескертіп өтті. Осыдан кейін мемлекеттік басқару жүйесін жетіл­діру туралы айта келіп, Мемлекет бас­шысы шенеунік халыққа қызмет етуге тиіс деп атап көрсетті. Өкінішке қарай, қазіргі кезде басқарушылардың бәрі бір­дей өз міндеттерін тиісінше түсіне бер­мей­ді, сол арқылы аса маңызды мем­лекеттік бағдарламаларға нұқсан келтіреді. Мәселен, Павлодар облысы Май ауда­нының әкімі ауданға еңбекке орналасуға келген ЖОО түлегін қабылдаудан бас тартқан. Мұндайға жол беруге болмайды, деп есептейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ондай адамдар өз қызметтерінде қалуға тиіс емес, олардың қызметтерінің үдерісіне жоғары тұрған басшылар бақылау жасау­лары керек. Басқаша жағдайда ол мемлекеттік саясатқа қайшы келеді.

Ертеңінде-ақ Үкімет басшысы Павлодар облысына барып, жас мамандармен жүздесіп, пәтерінің кілтін тапсырып қайтты. Әлгі аудан әкімінің орынбасары сол түні-ақ қызметтен босап кетіпті. Президенттің пәрмені деген міне, осы...

Жас маман да, жасамыс маман да жұмысқа алынуы тиіс

Жалпы алғанда Президент Н. Назарбаев Павлодар облысындағы жас мамандар мәселесін жайдан-жай айтпағаны белгілі. Қазіргі таңда ауылды тек жастар, жоғарғы оқу орнын бітірген жас мамандар ғана көтеретінін Елбасы екі күннің бірінде айтып жүр. Бұрын ауылға барған жас маманға жергілікті билік кәсіпкерлердің демеуі арқасында материалдық көмек көрсетіп келсе, қазір барлық аудан-аймақтарда жас маманға көрсетілер көмек бюджетке бекітіліп берілді. Бұл мемелкеттің жас мамандарға шындап бет бұрғаны, жастарға қамқорлық аясын кеңейте бастауының айқын көрінісі. Елбасымен өткен тікелей эфирде жас маман мәселесі де кеңінен әңгіме болды. Шынында қазір жоғарғы оқу орнында оқып жүрген студенттер ертең өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра ала ма, жоқ па, нақты болжап біле алмайды. Жоғарғы оқу орнын бітірген жастарымыз жұмыссыздар армиясының қатарын толықтырып жатса, одан мемлекетке не пайда? Павлодарлық Диана Балаханованы да осы мәселе қатты толғандырады екен. Ол келесі жылы оқуын бітіреді, әйтсе де мамандығы бойын­ша жұмыс табатынына онша сенімді емес. Ол  жас мамандардың жұмысқа орнала­суына мемлекет көмектесе ме деп сұрады.

Жақсы маман қай кезде де бағалы, – деді Президент. – Алайда, нарықтық экономикаға көшкен елдерде ешкім де оқу бітірген жастарды жұмысқа орналас­тырумен айналыспайды. Оның есесіне таңдаулы университеттер дипломдарын алып шыққан мамандар үлкен сұранысқа ие, жұмыс берушілер олардың бағасын, мысалы, Гарвард, Оксфорд, Сорбонна не­месе Вашингтон университетін бітіру­ші­нің құны қанша екенін біледі. Біздің ҚМЭБИ, ҚБУ, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті сияқты оқу орындарымыздың бітірушілері де жұмысты тез табады, кейде тіпті олардың 4-ші, 5-ші курстарының студенттері жұ­мыс істеп жатады, – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Президент мемлекет жоғары оқу орындарын мемлекеттік гранттар бойынша бітірген студенттерге ғана қолдау көрсетуге тиіс екендігін айтты. Ал мемлекеттік гранттар ең қажет маман­дықтарға ғана бөлінуі керек...

Президентке сондай-ақ жас мамандармен қатар, Қарағанды облысының тұрғыны, 56 жастағы Александр Трутно да сұрақ қойды. Ол өмірбойы тау-кен шахтасында жұмыс істеген. Қазір бірнеше айдан бері жұмысқа орналаса алмай жүр. Қайда барса да жасыңыз келмейді дейтін көрінеді. Күш-қуаты бойында, тәжірибе де, жұмысқа құлшынысы да бар.

– 56 жастағы адамды жұмысқа алмау дұрыс емес, – деді Мемлекет басшысы. – Бізде зейнет жасы ерлер үшін 63 жас. Денсаулығы келіп жатса, одан кейін де жұмыс істей алады.

Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин шағым иесіне көмек көрсе­тіле­тінін айтты. Тау-кен өнеркәсібінде жеке капиталдың үлес салмағы үлкен екендігіне қарамастан, билік орындары бұл мәселені таяу күндерде шешетін болады. “Осы жылдың басынан бері ғана Қарағанды облысында экономиканың барлық салаларында 34 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Мұнда нақты сектор да, шағын кәсіпкерлік те, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыс та бар. Нақты жағ­дайға келсек, бұл – адам тағдыры, біз көмектесеміз”, деді қай шаруаны да тез атқарып, тыңғылықты тындыратын өңір басшысы.

Ал, бала бақша мәселесі бүгінде Астана, Алматы немесе облыс орталықтарында ғана емес, аудан-ауылдарда да үлкен проблемаға айналды. Өйткені қазіргі бала бақша ата-ана жұмысқа кеткен кезде балаға бас-көз болып отыратын сәнді де әдемі мекеме ғана емес, балаға білім, тәрбие беретін, ортаға үйрететін киелі шаңыраққа айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қала түгілі даланың адамдары талай жалдан бері бала-бақша кезегінде тұр. Сондықтан бала-бақшалар мәселесін қозғаған Гүлден Әбділ­ди­наның сұрағы көпшіліктің ішіндегісін дөп басқаны анық: олардағы орындарға кезек алдағы бірнеше жылға созылады. Былайша айт­қанда ата-аналарға бөпелері туа сал­ы­сы­мен бірден кезекке жазылуға тура келеді. Бұл жағдайдан шығудың жолы бар ма?

– Өкінішке орай, Қазақстанда балалардың мектепке дейінгі мекемелері олардың 36,5%-ын ғана қамтиды. Балалар бақшаларына сұраныстың болуы –  қуанышты. Демек, елімізде бала туу өсіп келеді. Менің шақыруым құп алынған ғой, бірінші бала, екінші, үшінші және төр­тіншілері туғанда көрсетілетін мемле­кеттік көмек те – сондай арнада. Кеңес­тік кезеңде барлық балалар бақшасы мемлекеттік меншікте болды, ал біздің алғашқы “жекешелендірушілер”, сол кездегі үкімет оларды таратып берген не­ме­се сатқан, біз енді бүгін бәрін қайтадан құруға мәжбүрміз, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, дамыған елдерде ата-аналар мемлекеттің алдына балалар бақшалары туралы мәселе қоймайды. Бұл бизнес жұмысының тақырыбы. Олай болса біздің бизнес мынадай сұраныс жағдайында бұған неге назар аудармайды, деп таңданды Нұрсұлтан Назарбаев. Содан соң өзінің тапсырмасы бойынша барлық жерде мектепке дейінгі балалар мекемелерін құру жөніндегі жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Биылғы жылы ғана 20 балалар бақшасының құрылысы аяқталады, ал 2012 жылға дейін шамамен 47000 балаға арналған тағы 170-і пайдалануға беріледі. Бірақ та сұранысты қанағаттан­дыру үшін бізге әрқайсысы 280 орындық есеппен 800 балабақша салу керек.

Балғынбаев енді Елбасыға кеңес бермейтін болды
Назарбаев халыққа банктен алған қарызын қайтару керектігін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу