Қаныбековке қызметте өсуге жеті-ақ ай жеткілікті екен

Oinet.kz 08-04-2010 867

DSC_11498.jpgҚаныбековке қызметте өсуге жеті-ақ ай жеткілікті екен

 Аудан әкімдігінен босаған еді, енді қызметі жоғарылап қайта оралды

 «Арқа жылы  болса арқар ауып несі бар?». Ордабасы ауданының әкімі Сәкен Қаныбеков өткен жылы жазда қызметімен қош айтысқанда осынау мәні келіскен мәтелді елмен бірге еріксіз еске алған болатынбыз. Дұрыс қой қызметі жоғарыламаса талайлар түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылып армандайтын  аудан әкімі мансабын кім көзі қиып тастап кетеді дейсіз. Әкесі Әсембек кезінде аудан, облыс деңгейінде талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарып озық тәжірибе жинаған, көпті көрген жайсаң азамат болды. Алайда әке жолын қуған  ұлы ол салған соқпақты қайталамай  аудан әкімі болу үшін әлдекімдердей бас маман, бөлім бастығы сияқты қатардағы қызметтерде тәжірибе жинақтауға, мемлекеттік қызметтің ыстығына күю, суығына тоңу арқылы шыңдалуға бас қатырған жоқ. Облыс әкімі Болат Жылқышиевтің тұсында, дәлірегі 2006 жылдың наурызында  бизнестен билікке ауысуды қалаған ол бірден  Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары қызметіне қонжиып, артынша арада небәрі жеті айға жетер-жетпес уақыттың ішінде  облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Ордабасы ауданына басшы болып барғанына бас шайқамай көріңіз. Байқайсыз ба, облыс әкімдері оған қандай ықыласпен қарайды?! Оған қоса дәл сол тұста облыс әкімі ауысып жатса да алдын ала әзірленген сценарий бұзылмай қызметте қарқынды өсуі жарасымды жалғасын тапқаны «сиынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» дейтін халық даналығын ойға оралтпай ма? «Ойпырмай не дейсің атақты «Нимекс»  корпоацияның қожайыны Қаныбековтер Астанадағы Президент әкімшілігімен мықты қарым-қатынас орнатқан, тіпті Елбасымен де байланыстары бар екен» деген сөздің ел аузында желдей жүйткіп жүретіні бекер деймісіз. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жаңадан қызметке кіріскенде командасынан орын табылмаған Сәкен Қаныбековтің  қызметінен босап қалған соң Астанаға Президент әкімшілігіне оп-оңай жұмысқа тұрып алып, арада жеті айға жетер-жетпес уақыттың ішінде, яғни осы аптада облыс әкімінің орынбасары болып қызметі өсіп оңтүстікке қайта оралуы халық  айтса қалт айтпайтынын білдірмей ме? Сәйкестікті қараңыз: жеті айға жетер-жетпес уақыттың ішінде аудан әкімі, енді міне тағы да жеті айға жетер-жетпес уақыттың ішінде облыс әкімінің орынбасары. Оның ойда-жоқта аудан әкімдігіне тағайындалуы қалай жылдам жылжыса, жылы орыннан қозғалуы да солай тез жүзеге асқанына таңырқап жүрген едік. Сөйтсек қызметке келіп, кетуі нағашысына қыдырып барғандай оңай көрінетін Сәкен Әсембекұлы оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Туған бауыры, белгілі кәсіпкер Нұрлан Қаныбеков облыстық бокс федерациясының президенті. 

   Сонымен облыс әкімі Асқар Мырзахметов бір жылдың ішінде бір өкімімен  Сәкен Қаныбековті Ордабасы ауданының әкімі қызметінен босатып, бір өкімімен оны одан да жоғары қызметке, нақтырағы өзіне орынбасар етіп  алды. Жарайды, болар іс болып бояуы сіңіп жатыр. Ең бастысы енді екеуі бір командада « бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» халықтың игілігі үшін бірлескен түрде жұмыс істесе кәнекей!

                                                                                  Ғ. Қуандық

Биліктегі ақсақалдар...
Генерал Жаманбаев жұмыстан босады...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу