Шөкеев «NUR OTAN» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып сайланды

Oinet.kz 20-03-2019 793

Screenshot_1.jpg

Бүгін «Nur Otan»  партиясының Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс ХХХVІІ конференциясы өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев және партияның облыстық филиалының барлық аудан, қалалардан келген өкілдері қатысты.

Конференцияның күн тәртібінде  «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Төрағасын сайлау, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның кезекті XVIIІ Съезінде берген тапсырмаларын орындалу барысы және  партияның Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.Жиында партия хатшысы Қаныбек Жұмашев жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, жаңа облыс атанған Түркістанның болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ұсынысын жеткізді.

«Партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келісімі бойынша Түркістан облыстық партия филиалының төрағалығына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің кандидатурасын ұсынып отырмыз», – деді ол.

Конференцияға қатысушылар бұл кандидатураны бірауыздан қолдап, Өмірзақ Шөкеев «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.  Бұдан соң Қ.Жұмашев Түркістан облыстық партия филиалының жаңа төрағасын құттықтап, оған төраға куәлігін табыс етті.

Өмірзақ Шөкеев өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаратынын айтып, сенім білдірген партияластарына алғысын жеткізді.

«Кеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдады. Елімізде дамудың жаңа сатысына қадам жасалды. Ұлт Көшбасшысы Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекемдеп, экономикасы қуатты елге айналдырды. Сондықтан Түркістан жұртшылығы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Отан алдындағы ұлы қызметтері мен бастамаларына дән риза. «Nur Otan» партиясының XVIIІ съезінде елдің әл-ауқатын арттыру, өңірлерді дамытуға бағытталған нақты жұмыстар мен жоспарлар айқындалды.  Бұл – «Nur Otan» партиясына, атқарушы билікке және бәрімізге берілген тапсырма. Түркістан облысында осы бағытта жұмысты күшейтіп, елдің тұрмыс жағдайын жақсартуға, табысын арттыруға күш салатын боламыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Жиында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және өзге де делегаттар сөз сөйлеп, ұсыныстарын жеткізді.

Конференцияда Саяси кеңесі Бюросының құрамы бекітіліп, конференцияның қаулысы қабылданды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Депутат Қаныбековтың қарқыны неге басылып қалды?
Павлодардағы ең ұзын көшеге Назарбаевтың есімі берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу