Шөкеевке жәбір көрсеткен кім? - Отставкіге кеткен экс-әкім сотта жүр

Oinet.kz 21-06-2023 6482

«Адамның басы Алланың добы» деген сөз бекер айтылмаған. Бір кездері әлемдік деңгейдегі саясаткер, Ганди, Ататүрік, Вашингтон сияқты ұлыларға теңелген, есімі елдің бас қаласына берілген Нұрсұлтан Назарбаевтың тау тұлғасы бір-ақ күнде быт-шыт болды. Бұған кім кінәлі? Сол сияқты, бір кездері атағы дүркіреген, базбіреулер Премьер, тіпті Назарбаевтың мұрагері болуға лайық деген Өмірзақ Шөкеевтің де керемет карьерасы бір-ақ сәтте шорт үзілді. Бұған кімді айыптайсың? Шенеуніктік тағдырды ма, әлде қысқа күнде қырық құбылған заманды ма?

Screenshot_3.jpg

Мұның бәрін неге айтып отыр дейтін шығарсыздар?

Осыдан он ай бұрын Түркістан облысының әкімі лауазымынан  отставкіге кеткен Өмірзақ Шөкеев туралы ақпарат жоқтың қасы. Содан бергі аралықта ол тек екі жерде төбе көрсетті. Оның біріншісі, былтыр қарашада Шөкеев  Алматыдағы «Жайлау» гольф клубында Қазақстан гольф федерациясының отырысына қатысты.  Екіншісі, былтыр желтоқсанда Тоқаевтың Ташкентке жасаған сапарында көзге түсті. Журналистерге берген қысқа сұхбатында ол осы жерде қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің форумына инвесторларға жәрдем беру үшін келгенін мәлім етті. Осыдан кейін Шөкеевтің жұлдызы қайта жанатындай көрінген еді. Алайда экс-әкім қайтадан тұңғиыққа батты. Содан бергі аралықта жым-жырт кеткен Шөкеевтің аты-жөні жуырда тағы бір рет, бұл жолы қылмыстық істің ішінде аталды. Жоқ, Шөкеев айыпталушы немесе сотталушы емес, Шөкеев жәбірленуші болып шықты. Ал осындай танымал тұлғаға жәбір көрсеткен кім? 

Түсініктірек болу үшін осы жерде аздап шегініс жасайық. Былтыр ақпанда Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген мердігерден пара алды деген күдікпен ұсталды.

Ұсталған бойда оны антикордың қызметкерлері Алматыға алып кетті. Оған шілдеде үкімді Алматының соты оқыды. Осы үкімге қарағанда, Махажанов мердігерден   98 500 доллар (теңгеге шаққанда 42 миллион) параны алдын ала талап еткен. Тіпті өз-өзіне сенімді болу үшін ол  мердігерді осыншама қаражатты қарызға алғаны туралы келісімшартқа қол қоюға мәжбүр еткен.  Дәлірегі Махажанов  «откатты» құжат жүзінде заңдастырған. Алайда параны екіортадағы делдалдар арқылы алмақ болған әкім ақыр аяғында сыбайластарымен бірге тұтылды. Сот оны ірі көлемде пара алуға оқталды деген айыппен кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бір қызығы, Махажановтың ісін, апелляциялық шағымын қарау өте жедел түрде жүргізілді.  

Осы оқиғадан кейін Шөкеев Тоқаевтың 2019 жылы бекіткен тәртібіне сәйкес  отставкіге кетуге арыз берді. Міне, осындай аумалы-төкпелі, қиын-қыстау кезеңде Ө.Шөкеевке  әлдебір азаматтан хат келген. Хат авторы Серік Байназаров деген азамат. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, оның жасы алпысқа келген, кәсіподақ ұйымдарында істеген, қоғам белсендісі, саяси партиялардың облыстық филиалына жетекшілік еткенге ұқсайды. Хош, сонымен әкімге жазған ұзақ-сонар хатында С.Байназаров өте тың ұсыныс білдірген. Ол Шөкеевке отставканың құрсауынан құтылудың жоба-жоспарын таныстырған. Оның не жоба-жоспар екендігі бізге белгісіз. Бірақ бағдарламаның ішінде ақпарат құралдары арқылы Шөкеевтің біртуар тұлға, өте іскер әкім екендігін көрсететін нағыз пиар-науқан болғанға ұқсайды. Өзіңіз ойлап қараңыз, отставкіге кеткен шенеуніктің қайта көгеруі екіталай. Әсіресе, Шөкеев сияқты танымал, саясатта ауыр салмақтағы ойыншы үшін отставкі дегеніңіз тіптен обал дүние екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Сондықтан хат иесі Шөкеевті бұл ұсыныстан бас тартпайды деп ойласа керек. «Айран сұрай келсең, шелегіңді жасырма» демекші, әрине, мұндай «құтқару жобасының» тегін еместігі белгілі ғой. Ratel.kz порталының жазуынша, Байназаров өзінің қызметін 1 миллион АҚШ долларына бағалаған. Ақша жобаның сәтті жүзеге асқанына қарай 4 бөлініп берілуі тиіс болған.

Ал мұндай жағдайда Шөкеев не істеу керек еді? Шамасы, ол өзінің креслосын сақтап қалудың енді мүмкін еместігін, «Жаңа Қазақстанның» көшіне ілесе алмайтынын білген сияқты. Ол дереу осы жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданған.   Тамыздың басында Байназаров Шөкеевке екінші хатын жіберген. Бұл жолы ол уақыттың өтіп кеткенін, сол себепті өзінің ұсынысынан бас тартатынын жазады. Бірақ осы кезде Шөкеевтің көмекшісі Байназаровпен байланысып, қазіргі уақытта ақшаның жиналып жатқанын, күте тұруы қажеттігін хабарлаған (шамасы, оған осылай деп жауап беруді ҰҚК қызметкерлері тапсырса керек). 

10 тамызда Шөкеевтің көмекшісі Байназаровпен жолығып, оған 30 мың доллар берген. Екіарада ешқандай келісім шарт жасалмаған. Байназаров ақшаны алған соң өзін аңдып отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне ұсталған. Бұдан әрі не болғаны  белгілі ғой, ұсталғанның үстінен іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.   Ал сол тамыздың аяғында  Шөкеевтің өзі отставкіге кетті.

Сот отырысында С.Байназаров өзінің кінәсін мойындамаған. Адвокаты сотталушының әрекетінде алаяқтық белгілерінің жоқтығын, оның тек ұсыныс бергенін, өзара келісім жасағанын алға тартқан. Түркістан қалалық сотының таратқан мәліметіне қарағанда, Байназаров сұраған ақшаның тек бір бөлігін, 30 мың долларды (14 351 700 теңге)  ғана алған.  Өзіне қатысты емес мән-жайларға байланысты қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізе алмаған. Сол себепті оның әрекеті аса ірі көлемде алаяқтық жасауға оқталу бабымен сараланған. Сот оны осы айыптармен кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Үкім әлі күшіне енген жоқ. 

Ал Өмірзақ Шөкеевтің өзі сот отырысында жәбірленуші ретінде жауап беріп, Байназаровқа кешірім беретінін мәлім еткен көрінеді.

Айтпақшы, Шөкеевтің аты-жөні өткен аптада тағы бір сотта аталды. Жуырда Астанада Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың соты басталған. Оған «адамды пара беруге итермелеу» баптарымен айып тағылып отыр.

Прокурор айыптау қорытындысын оқыған соң судья Аюповқа сөз берген. Ол: «Құрметті судья! (Өмірзақ) Шөкеев пен (Ғабидолла) Әбдірахымовқа қарсы жалған куәлік беруден бас тартқандықтан, барлық айыпты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ойдан құрастырды. Тағылған айыпты мойындамаймын. Сот процесі барысында шындықты дәлелдеймін», – деген сөздерді айтқан.

Рашид Аюпов уақтысында Шөкеевтің қамқорлығын көп көрген азамат. Шөкеев оны Түркістан қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, одан кейін Кентау қаласының әкімі қызметіне тағайындаған болатын.  Шөкеев пен Әбдірахымовқа қарсы жауап алу антикорға не үшін қажет болды?  Бұл тақырыпқа уақыты келгенде біз арнайы тоқталатын боламыз.

"Рейтинг" ақпаратттық-сараптамалық газеті,

№24-25, 21 маусым 2023

«Қазақстан барысы» басшыларына қатысты тінту шаралары жүргізілуде
Болатбек Әлиев елді тағы шулатып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу