Кореяда қанша «Айка» жүр?

Oinet.kz 23-03-2019 953

Screenshot_14.png

Қазақтың ұл-қызы ешқашан отанын тастап, шетелге жұмыс іздеп бармайды. Жоқ, ешқашан да... Қазақтың қызы шетелде құлдықтың қамытып киіп, азап шегіп жүрген  қырғыз қызының рөлін кинода сомдауы мүмкін. Бірақ мұндай масқара тірлікке ешқашан аттап баспайды.  

8 наурыз- халықаралық әйелдер күнінде Ақордада бірнеше нәзік жандыны қабылдаған президенттің ойынша, солай. Дәлірегі Елбасы мұны жуырда ғана экранға жол тартқан «Айка» фильмінде басты рөлді ойнап, сол үшін Канн кинофестивалінің жүлдесін алған Самал Еслямоваға қарата айтты. Сөзбе-сөз келтірсек былай:

-Самал Еслямова ең үздік әйел рөлі жүлдесі арқылы Қазақстанды жақсы жарнамалады. Ең бастысы, шетелдегі эмигранттардың жағдайын көрсетті. Құдайға шүкір, мен барлық уақытта айтамын, Тәуелсіздік алғалы 27 жылда қазақстандықтар басқа елдердегідей шетелге барып құлдықтың қамытын киген жоқ,-деді президент.

Айта кетейік, «Айка» Шымкентте туып өскен режиссер Сергей Дворцевойдың фильмі.

Президент «басқа елдердегідей» деп кімдерді айтып отырғанын аңғару қиын емес. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған өзбекстандықтар, тәжікстандықтар, қырғызстандықтар тұрмыстың қиындығынан, турасын айтқанда өз елдерінде аштан өлмеу үшін Ресейге, Еуропа, Таяу Шығыс, Шығыс Азия елдеріне, Америкаға барып, жұмыс істеді. Олармен салыстырғанда, әрине, қазақтың жағдайы әлдеқайда жақсы. Бұған тәубә дейсің.

 Алайда Тәуелсіздік жылдары шетелге барып жұмыс істеген қазақ жоқ па еді? Болғанда қандай. Олардың саны мыңдап, тіпті он, жүз мыңдап саналады.  Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, соңғы жылдары түрлі себеппен Оңтүстік Кореяға кетіп жатқан қазақстандықтардың саны күрт өскен. Бірі емделу үшін, бірі саяхаттау үшін. Ал негізгі бөлігі нәпақа табу үшін. 2017 жылы Оңтүстік Кореяға 46 мың қазақстандық кеткен болса, былтырдың 8 айында бұл көрсеткіш 39 мыңға жеткен. Кәрістердің қолына малайлыққа жалданған қазақтар   бәрін істей береді. Қонақ үйлерде кір жуады,  ауыл шаруашылығында күріш егеді, капуста тереді. Кореяға Қазақстаннан барған емделушілерге тілмәштық қызмет көрсететіндер де көп.

Оңтүстік Кореяда жалданып жұмыс істейтін отандастарымыз айына 2000-2500 доллар көлемінде пайда табатын көрінеді. Қазақстанда мұншама қаржыны біреулер бір жылда да таппауы мүмкін. Яғни шетелге қазақтар жақсы жалақы, жақсы өмір үшін аттанып жатыр деген сөз.

Ресми мәлімет бойынша, 2018 жылы Қазақстаннан 41 894 адам кеткен. Олардың көбі ТМД елдеріне көшіп кеткен.

Дереккөз: "Рейтинг" газеті

Асқар АҚАЕВ: Атамбаев сотталады
БОЛАТ Жылқышиев, сенатор; «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР БӘРІНЕ ШЫДАУЫ КЕРЕК»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу