Кенесары қырғыздарға неге барды?

Oinet.kz 06-11-2023 730

Кенесары қазасына байланысты білетінім мен естігендерімді айтып көрейін. Жеті жылға созылған қозғалыстан соң, ол өзінің жеңіліс тапқанын сезді. Енді не істеу керек? Ол өзінің қалған аздаған қолымен 1845-46 жылдары Балқаштағы Мыңаралды қыстап шықты. Ат арыды, киім тозды, сарбаздар басшысының тұйыққа тірелгенін ұға бастады. 

1200_0_7b46da5759829a5bc951998c76f84f87.jpg

Осы кезде Омбыдағы дала губернаторы қайткенде де жаралы жолбарысты қолға түсіруді ойлады. Тек қана Кенесарының басына үш мың сом алтын ақша төлейтін болып жұртқа жар салды. Омбыға Қарқаралы мен Шыңғыстаудың аға сұлтаны Құнанбай мен бүтін найман жерін билеуші аға сұлтан Барақты шақырып, Кенесарыны ұстап беруді осы екеуіне тапсырды . Бұл екеуі мақұл деп кеткенмен, ешқандай қимыл, әрекет көрсетпеді. Жайымен жатып  алды. Патша әскері туған жерін жаулап алғанда, ештеңе көрсете алмаған бұл кісілер өздерінің кінәсін іштей мойындап, жеңбесе де, елдің көкейтесті ісіне бола атқа қонған адамға қару көтеруді айып - мін санады. Бұған сандаған мысалдар бар. Демек, бұл екеуі қозғалысқа қосылмағаны болмаса, қарсы болған жоқ. Бұл айғақты нәрсе.

Бір жылдан соң Құнанбай мен Барақ Омбыға қайта шақырылды. Құнанбай Кенесарыны ұстамаған себебін әділ айтып, құтылып кетті. ,,Біздің қазақта алдында жатқан елді басып, жауға шаппайды. Менің алдымда Барақтың жалпақ елі жатты. Оны басып өтіп, мен Кенесарыға шаба алмадым,,- деді. Барақты орнынан алып, қасына тілмаш ретінде еріп барған Құнанбайды Найманға аға сұлтан етіп бекітті де, одан Кенесарыны ұстауға уәде алды. Ол уәде бере тұрып, басқаша қимылдады. Құнанбай Кенесарыны ұстаудың орнына Қытайдағы қызайларды билеуші Қызыр төреге, өзінің алыстан қосылатын бауырына жансыз жіберді. Кенесарыны өлімнен құтқарудың жалғыз жолы бар екенін айтқан болатын. Ол шетке , Қытаймен шекараға шығуға тиіс. Қызыр бес ат мінген шабарманмен Балқашқа, Мыңаралға хат жазып, жансыздар жіберді.

Кенесары Қызырдың хатын алған бойда  , Қытай шекарасына қалай кетуді ойлады. Мәмбет батырдың баласы Байзақ пен Бестеректен көмек сұрап, олардан мінетін аттар алды. Бірақ, қайдан, қалайша шекарадан өту керек? ,,Ойда орыс, қырда Қоқан,,- демекші, орыс әскері Қапал мен Жаркентке жеткен. Құлжада патша консулы тұрды. Жалғыз жол бар. Ол Ыстықкөл арнасымен асу. Міне, Кенесары қырғызды жаулауға емес, соның жерімен өтуге бет алды. Мұны Қоқан да, патша әскері де біліп отырды. Бірақ, сендерді басып алуға келе жатыр деп жар салып, үгіт насихат емес, өздері тікелей араласып, арандату жасады. Бұл қырғыз жерін басып алуға келе жатқан ақ патша әскерінің талабына, ниетіне сайма сай келетін қимыл еді. Қоқанды да, қырғызды да, Кенесарыны да әлсіретіп, қансыратып алу өте қажет еді. Сөйтіп аңқау жатқан Қоқан, қырғыз, қазақ елін бір бірімен айқастырып қоймақ. Ол кезде Кенесарыда бес мың сарбаз болған жоқ. Көп болса мың, немесе екі мың. Бұған қоса қырғыздар үш жүз адамнан айырылды дегені бекер. Ол отыз болуы мүмкін. Оның ішінде Қожамбектің екі інісі бар.  ,,Екі жүз сарт қырғызға қол ұшын берді,, -дейді. Сарт деп отырғаны қоқандықтар. Бұлардың келгені рас.

Орман манап әкелген қалың қол ішінде ақ қалпақ киген патша офицерлері, солдаттары бар еді. Олар пулеметтерді Кенесарыдан тартып алған жоқ, өздерімен бірге ала келген.,,Орман жорыққа шығарда, Кенесарыны әскерімен қоса қолға түсіремін деп уәде бергенді,, -дейді.

Кенесары екінші өтпек болғанда қолға түсті. Бірақ тұтқындау кезінде не Орман, не Жантай, не Жанқараш тағы басқа манаптардың бірде бірі Кенесарыны бетпе бет қабылдауға келмеді. Өтірікке алданғаннан ұялды, дәті шыдамады. Сонымен кек алу үшін оны Қожамбектің қолына тапсырды. Қожамбек кегіне бола, алақанына салған аздаған алтын ақшаға бола, Кенесарының басын кесіп, оны ақ патша офицерлерінің қанжығасына байлап берді. Бірақ үш мың сом алтын ешбір манаптың қалтасына түскен жоқ. Ол Қапал мен Жаркент шенеуніктерінің қалтасында қалды. Кенесары басы Жаркент, Қапал, Аягөз, Семей арқылы Петербург кетті. Реті келгенде айта кетейін, Кенесары қолға түскенде, оған Наурызбай өз бетімен жалғыз келді. Неге өзі келіп түсті? Жиыра мың қолы бар батыр тұтқынға өзі келе ме? Сонда Кенесары: ,,Наурызбай, бекер келдің. Жалғыз да болсаң, бостандықта, ат үстінде жүрсең, бұлар маған ештеңе ете алмас еді. Енді екеуміз де біттік,, деген.

Сәуірбек Бақбергеновтен.

"Қазақтың алпыс батыры" кітабынан

Баласын өлімші етіп сабаған әке (Əлемді жылатқан оқиға)
Тек адал ас ішкен адам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу