Қазақстанда әйелдердің беделі мен мүмкіндіктері қандай?
Бүгінде көптеген дамыған мемлекеттерде ерлер мен қатар нәзік жандыларға да тең мүмкіндік берілген. Жалпы әйел құқығы, әйел теңдігі бүгінгінің күрделі, әлеуметтік мәселесі десек қателеспейміз.
Ал Қазақстанда гендерлік саясаттың дамуы қандай? Бір қолымен бесікті екіншісімен әлемді тербете алатын біздегі әйелдер қауымының беделі мен мүмкіндіктері қандай?
Елімізде әйелдердің қоғамдағы рөлі мен беделі жоғары деуге болады. Бұл әрине, Қазақстанның гендерлік саясатты жүйелі жүргізіп отырғандығының белгісі. Қазақстандық арулармен мен аналар білім алуға, денсаулығын түзетуге, қалаған мамандығын алып шығуға, барлық жерде жұмыс істеуге, кәсіппен, шығармашылықпен айналысуға, қоғамдық жұмыстарға араласуға, мемлекеттік қызметпен шұғылдануға да мүмкіншілік қарастырылған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі тұрақты. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 55,7 пайызды құраған. 39 пайыз әйелдер басшылық лауазымдарда болса, 30,6 пайызы жергілікті биліктің сайланбалы органдарында қызмет етеді.
Елімізде әйелдерді жұмыспен қамту да жоғарылаған. Қазір 4,3 миллион әйел жұмыспен қамтылғандар қатарында. Бұл республикадағы жалпы жұмысбастылардың 48 пайызын құрайды. Ал алғаш рет еңбек жолын бастаған жас нәзік жандылар 30 мыңға жуықтайды.
Қазақстанда кәсіпкер ханымдардың да үлесі артып отырғаны байқалады. Бұл әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, гранттардың бөлінуі, мемлекеттік бағдарламалардың тұрақты түрде жүзеге асырылуының нәтижесі деп білеміз. Бүгінде елімізде әйелдердің 45 пайызы түрлі кәсіпті дөңгелетіп отыр.
Сондай-ақ республикада әйелдерге медициналық қызмет көрсету сапасының жоғарылағаны қуантып отыр. Өткен жылы Қазақстанда ан өлім-жітімі 2,6 пайызға азайған көрінеді.
Ұлы дала төсіндегі елімізде гендерлік теңдік қоғам айтарлықтай қалыптасып келеді. 2022 жылы "Гендерлік алшақтық индексі" (Global Gender Gap Index) рейтингі бойынша 15 позицияға жоғарылап, 146 елдің арасында 65-ші орынды иеленуіміз осының айғағы.
Ал бұл тақырып төңірегінде біздің нәзік жандылар не дейді?
Айгүл ЖАНСЕРІКОВА, «Qazaq-Oner» ұлттық ассоциациясы» президенті, этно-дизайнер, кәсіпкер:
Қазақстанда әйелдерге деген сый-құрмет жоғары
Мен кәсібіме байланысты әлемнің көптеген мемлекеттерінде болдым. Америкадан бастап Азия, Еуропа елдерін аралап, сонау Аустралияға дейін аяқ бастым. Сол көзкөрген елдермен салыстырып айтар болсам біздің Қазақстанда гендерлік саясаттың дамуы жақсы, әйелдерге деген қамқорлық пен мүмкіндіктер барынша жасалып жатыр. Мәселен Еуропа елдерімен салыстыратын болсақ ол жақта феминизм өте қатты дамып кеткен. Әйелдерге ерлермен бірдей тең мүмкіндік қаралған. Бизнес, қызмет болсын ері де әйелі де бірдей жұмыс істейді. Тіпті, ол жақта әйелдер ерлер секілді киініп, шаш үлгісін қойып жүре береді. Меніңше мұндай феминизм біздің елімізге қажеті жоқ. Себебі қазақ халқының салт-дәстүріне, мінезіне, тәрбиесіне сай келмейді. Әйел адамның еркектен айырмашылығының азаюы ол дұрыс емес. Табиғаттың өзі ер мен әйелді екі әлем қылып жаратқан соң оны бұзу жақсылық емес. Бұл бір. Екіншіден, Еуропамен салыстырғанда отанымызда әйелдерге деген сый-құрмет, қамқорлық ерекше. Қай жерде болсын бізде алдымен аналарға, қыз-келіншектерге жол беріп, құрмет білдіріп, көмектесуге дайын тұрады. Феминизмнің кең етек алуына байланысты еуропа халқы мұндай қадір-қасиеттерден өкінішке қарай айырылып барады.
Мен жуырда Непалға барып қайттым. Ол жерде әйелдің құқығы мүлдем төмен. Табыс табатын тек еркек. Ал әйелдер жұмыс, карьера былай тұрсын толыққанды білім алмайды. Көбісінде орта білімдері жоқ. Әйелдер тек үй шаруасы, бала тәрбиесімен үйде отырады. Саясат, қоғам шаруасына мүлдем араласпайды.
Орта Азия мемлекеттерін қарастыратын болсақ та біздің жетістігіміз көзге ұрынып тұрады. Былай қарасақ бұл мемлекеттер кезінде Кеңес Одағының қол астында бірге дамыған елдер. Бірақ қазір мен Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан секілді көршілерге барсам әйелдердің бір саты төмен тұратынын байқаймын. Ал қазақ, қырғыз әйелдерінің деңгейі бір саты жоғары тұрады. Біздер қоғамда, билікте болсын пікірімізді ашық айта аламыз, қалаған жұмысымызды істей аламыз. Ал әлгі көршілерде әйелдерге байланысты шектеулер кездеседі. Көптеген келіншектер үйдің шаруасы, бала тәрбиесімен шектеліп қалған. Қоғамдағы белсенді әйелдер өте аз. Сондықтан олармен салыстырғанда біздің әйелдер өте батыл, іскер, пысық, ер адамдардан қалыспай жұмыс істеп жатыр. Отбасының асыраушысы деп ер адамдардың бетіне қарап отырмай біздің аналар қажет жағдайда қосымша ақша тауып, жұмыс істеп, отбасын асырауға жәрдем бере алады.
Мен қолөнер шебері әрі кәсіпкермін. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүрген жанмын. Осы күнге дейін «сен әйел адамсың, саған онда кіруге болмайды, баруға болмайды, ол жерде жұмыс істеуге болмайды немесе саған грант берілмейді, жеңілдік жоқ» деген секілді кедергілерді көргенім жоқ. Керісінше мемлекеттің әйелдің кәсіпкерлігін, шығармашылығын, іскерлігін қолдауы жоғары деңгейде. Жоғарыда атап өткенімдей қоғамда нәзік жандыларға деген сый-құрмет те ерекше. Сондықтан әлгі Непал секілді мемлекеттерге қарағанда біздің жағдайымыз Аллаға шүкір жақсы.