«Кең бабаның» жерін сатқан қай әкім?
Шымкент қаласының орталығында жатқан “Кең баба” саябағы мемлекетке қайтарылып жатқаны бұған дейін де ақпарат құралдарында айтылды. Осыған қатысты сот отырыстары толығымен Шымкент қалалық әкімдігінің пайдасына шешілді.
Экономикалық соттың шешіміне қарағанда, «Кең баба» (ол кезде нысан Пионерлер паркі деп аталатын) жерінің жекеменшікке өтуі 1997 жылдан басталады.
Осы кездері «Сапар» ӨКЖФ» ЖШС-і парк жерінің біразын сатып алады, енді бір бөлігін жалға алған. Бұл жерлерге кәсіпкер бизнес орталығын, басқа да ғимараттар тұрғызған. Ал, «Сапар» ЖШС-інің белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Қайрат Сапарбаевқа тиесілі екендігі жұртшылыққа мәлім.
2008 жылы облыс басшысы Нұрғали Әшімовтың кезінде жекешеленіп кеткен парктердің біразының әкімдікке қайтарылғаны белгілі. Осы жылдары сот шешімімен «Сапарға» берілген 3,9 гектар жердің 2,6 гектары мемлекет меншігіне өтеді. Алайда түсініксіз жағдайда мемлекетке қайтарылған 1,9 гектар жер «Международный Торговый дом «Клара-центр-Сапар» ЖШС-нің атына рәсімделіп кеткен.
«Кең бабаның» жерін «Сапарға» беру шараларының екінші кезеңі 2009-2011 жылдары жүргізілген. Кейінірек, серіктестік банкрот болып, жердің бәрін «АлматыСапар» ЖШС-не сатып жіберген.
Сот «Международный Торговый Дом «Клара-Центр-Сапар» ЖШС-і мен «Алматы-Сапар» ЖШС-іне «Кең бабаның» аумағындағы ғимараттарын, оның ішінде бизнес орталығын бұзуды міндеттеді.
P.S. 2009-2011 жылдар аралығында, яғни «Сапарға» ЖШС-іне «Кең бабаның» жері берілген кезде Шымкент қаласының әкімі лауазымын Арман Жетпісбаев атқарған.