Оңтүстікте құдық көп пе, құбыр көп пе?

Oinet.kz 03-06-2010 1018

 Screenshot_3.jpg

Жақында Шымкентте шу шықты. Шудың шығуына себеп – су. Бірақ, бір шындық бар емес пе, бәрін шатастырған қу табылмай тұр. Наурыз айының соңына таман өткен бір жиында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серік Ибадуллаев таза су мәселесі бойынша бірқатар аудан әкімдерін «тазалауды» ұсынғаны әлі ел жадынан шыға қойған жоқ. Сол жолы Мақтаарал, Созақ аудандары және Кентау қаласы әкімдерін қызметінен босатуға ұсыныс жасаған Ибадуллаев «Елдімекендерге су есептегіш құралдарын орнату жұмыстары әсіресе, Кентау, Бәйдібек, Мақтаарал, Созақта -- ноль. Мақтааралдың ауыз суына соңғы бес жылда 1 миллиард, Созақ ауданына соңғы төрт жылда 736 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бірақ бұдан не пайда? Мақтааралда су тәулігіне тек 6-8 сағат беріледі. Шолаққорғандағы құбырлардың отыз пайызы ғана іске қосылып, қалған 70 пайызы жердің астында жатыр. Кентауда су есептегіштерін орнатудың көрсеткіші 1,6 пайыз ғана. Ал, су беру 10 сағаттан асқан емес» деп қатты кеткен болатын. Осы әңгімеден кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтылған кемшіліктерді 1-шілдеге дейін жою туралы тапсырма берді. Міне, содан бері екі ай өтіпті. Не өзгерді? Қандай жұмыстар атқарылды? Ауылда құдық азайып, ауыз су құбыры ұзарды ма? Шынында шілде айында ауыз судың шуы шешіле ме? Осы сұрақтарға жауап табу мақсатында бірқатар  шенеуніктерге хабарласқанымызда біз мынаны байқадық. Баяғы жартас сол жартас. Басқарма мен аудандық әкімшілік бірлесіп, түсінісіп жұмыс істеудің орнына бір-бірінің мәліметін жоққа шығарып, «айтысып» кеткен тәрізді. Екі жақтың әңгімесін тыңдасаңыз, шынында су бар, шу бар, бірақ қу жоқ екеніне көз жеткізесіз.

 Созақбай Әбдіқұлов, Созақ ауданының әкімі: 

«Жұмыс тек жиыннан соң ғана қолға алынған жоқ»

Қазіргі таңда аудан орталығы  Шолаққорған ауылының 12 100 тұрғыны ауыз суды құбыр арқылы ішіп отыр. Бұл дегеніңіз тұрғындардың 86,6 пайызы. Ұзындығы 38 шақырым құрайтын су құбырын жүргізу жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталып, былтыр қараша айында толығымен  аяқталды.  Сондай-ақ, осы аралықта 3 ұңғы құдық қазылып, пайдалануға берілді. Жалпы, Шолаққорған ауылында 2420 абоненттің 1572-іне, яғни халықтың 65 пайызына су есептегіш құралдары орнатылған. Қалған абоненттерге де есептегіш құралдарды орнату жұмыстары жүргізілуде.

«Таза су» бағдарламасына байланысты ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттардың дер кезінде дайындалуының арқасында биыл ауданымыздың 8 елдімекенінде 6 нысан бойынша 1 миллиард 198 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда Құмкент, Қызылқанат және Қызылкөл тораптық су құбырын тартуға 433 миллион теңге бөлінді. Құдай қаласа, осының арқасында үш жарым мыңнан астам тұрғын таза сумен толық қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, Жартытөбе, Аққолтық, Бабата, Ыбырай және Жыныс ауылдық су құбырларына да қомақты қаражат бөлінді. Осы жұмыстар аяқталған соң аудандағы  9 300-ден астам адам таза суға қол жеткізеді.  Бұл ауылдардағы құрылыс нысандарының жоспарына сәйкес үйме-үй су есептегіш құралдары орнатылады. Бүгінгі таңда аудан халқының 62,2  пайызы, яғни 34334  тұрғын құбыр арқылы ауыз су ішетін болса, жаңа құбырлар іске қосылған соң бұл сан 78,29 пайызға, яғни 43216 адамға жетеді.

Жалпы халықты таза сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар соңғы айларда ғана емес, бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр. Айталық, былтыр Қаратау, Қарақұр, Созақ, Сызған ауылдарына облыстық және аудандық бюджет есебінен 36 миллион теңге бөлініп, 6 ұңғы қазылды. Қазір ел соның игілігін көріп отыр. Осы ауылдарға түгел су беріліп, Созақ және Сызған ауылдарындағы үйлерге су кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Қаратау ауылындағы су құбырларның жағдайы тым мүшкіл еді, соларды ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 1 миллион 800 мың теңге қаржы қаралып отыр. Жалпы, біздің ауданда «Таза су» бағдарламасы жыл басынан бері де, былтыр да өз деңгейінде орындалып келеді. Жұмыс тек облыс әкімдігінде өткен жиыннан соң қолға алынды деу дұрыс емес.

 Қасымбек Хаметов, Мақтарал ауданының әкімі:

«Ибадуллаев мәселені толық зерттемеген»

Жалпы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының қазіргі ұстанымы дұрыс емес. Басқарма қызметкерлері тек біреуді кінәлаумен ғана әлек. Ал өзінің жасап отырған жұмыстары көңіл көншіте ме? Бағдарламаның жетекшісі басқарманың өзі, сондықтан тендер өткізіп,  өзі қаржыландыратын болғандықтан өзі бақылау жасауы керек. Біріншіден, Ибадуллаевтың аудан әкімінің қызметтен кетуін талап етуге  құзыры жоқ.  Екіншіден, мәселені толық зерттемеген. Ибадуллаевтың  айтып отырған келеңсіздіктер 2007-2008 жылдары болған жағдайлар. Бұл мәселелерді түсіндіріп облыс әкімі Асқар Мырзахметовке де, оның бірінші орынбасары Берік Оспановқа хат жаздық. Бір мысал келтірейін. Былтыр Мырзакент кентінде қаржы игерілмей қалды. Оны игерсек, біз сотталатын едік. Себебі, бұл қаржыны  игеруге ешқандай негіз жоқ болатын. Ал енді энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан бізге бірнеше рет хат келді, тіпті «қайтсеңдер де игеріңдер» деп қатқыл сөздер айтқан хат та алдық. Мұндағы бар қателік 2007 жылы жоба жасалған кезде басқарма тарапынан кеткен.

Ал, Асық ата кентіндегі жағдайға келер болсақ, онда көзге көрінбейтін тартыс бар. Ол өте ұзақ мәселе, оны жазу үшін зерттеу жүргізуіңіз керек. Бұл мәселені әркім әрқалай бұрмалайды. Су жүйесі жекеменшікте болғанымен оның да айтар сөзі бар. Біз су құбырларын  мемлекетке қайтару жайлы ұсыныс айтқанбыз. Қазір арнайы жұмыс тобын құрып, Асық атада судың тәулігіне қанша уақыт берілетінін анықтау мақсатында күнделікті бақылау жасап жатырмыз.

- Жұмыс тобы қашан құрылды?

- Шамамен бір айдай болды. Тосан ауыз сөздің тобықтай түйіні облыста біздегідей ауыз сумен қамтамасыз етілген ешқандай аудан жоқ. Халықтың 96 пайызы құбыр арқылы су ішіп отыр. Қалған 4 пайызы ғана қолмен тасып ішеді.

Көктембек Табылдиев, Кентау қаласының әкімі:

«Бұл қаулының маған қатысы жоқ»

Сол жиында бізге «Кентауда су тәулігіне 10 сағат-ақ беріледі» деген айып таққан еді. Бұл шындыққа жанаспайды. Кентауда су тәулігіне 24 сағат бойы берілуде. Тек жазғы айларда 14 сағатқа дейін төмендейді. «Таза су» бағдарламасына қатысты барлық шаралар өз деңгейінде атқарылып жатыр. Былтыр бюджеттен 10 миллион теңге бөлініп, шахтадан шығып жатқан техникалық суларды ауыз суға айналдыру мәселесі қолға алынды. Соңғы жылдарда су жүйесін қалпына келтіру жұмыстары бойынша жалпы құны 1 миллиард 153 миллион теңгені құрайтын жобалар іске асырылып жатыр. 2008 жылы 100 миллион теңге, 2009 жылы 411 миллион теңге бөлініп, жұмыстар атқарылды. Серік Ибадуллаев аудан басшыларына «қыруар қаржы игерілді, бірақ, халық ауыз суға жарымай отыр» деген айып тақты. Оның ішінде бізге қатысты: «Кентау қаласындағы су жүйесін жүргізуге 600 миллион теңге бөлінгенімен сол құбырлар арқылы су тұтынушыларға әлі де жетпепті» дегенді айтты. Мұндай жайттар бізде ғана емес, басқа аудандарда да бар. Мәселен Шардарадағы су жүйесіне миллиардтаған қаржы бөлінгенімен,  әлі күнге дейін су мәселесі шешімін таппай келеді. Бірақ, біздегі жағдай басқаша, бөлінген қаржыға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Барлық жұмыстарды аяқтау үшін  600-700 миллиондай қаржы керек. Дағдарысқа байланысты биыл тек 270 миллион бөлініп, жұмыстарды аяқтау келесі жылға қалып отыр. Сондағы біздің ойымыз – жоба қашан толық аяқталады деп қарап отыру емес, жартысы біткен соң-ақ құбырды іске қосып, тұрғындарға су бере бастауды көздейміз.

-- Дегенмен, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, сізге жұмысты ретке келтіру үшін 1 шілдеге дейін уақыт берілді емес пе?

- Әкімдікте қабылданған  қаулыда «аталған аудандардағы жағдай үш ай ішінде қалыпқа келтірілсін» делінгені рас. Бірақ, бізде бүлінген ешнәрсе жоқ. Сондықтан бұл қаулының маған қатысты жоқ деп есептеймін. 

- Осы жөнінде Ибадуллаевтың өзімен сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп көрдіңіз бе?

- Жоқ, ол кісімен сөйлескен жоқпын. Бәрібір 1-шілдеден соң тексерушілер келеді ғой, сонда мәселенің анық-қанығы белгілі болады.

... Міне, байқап отырсыздар, «Таза су» бағдарламасының орындалуы бойынша мәселесі «майшаммен» қаралады деген әкімдер өздеріне шаң жуытпай отыр. Ал, бұған облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серік Ибадуллаев не дер екен?

Серік Ибадуллаев, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:

«Хаметов қателеседі, ал, Табылдиевтің айтқанын тексереміз...»

- Қаулы қабылданғаннан кейін кемшіліктерді жою үшін қандай тірліктер атқарылды?

- Мақтарал, Шардара, Сарыағаш аудандары мен Кентауда ешқандай өзгеріс жоқ. Барлығы таз-қалпында. Аудан басшыларында «Бізге ешқандай шара көрілмейді» деген бейғамдық бар сияқты. Тек Созақ ауданында ғана қимыл бар.

- Сіздің баяндамаңызда келтірілген деректерді аудан әкімдері жоққа шығарып отыр. Айталық, Мақтарал ауданының әкімі Қасымбек Хаметов сіздің тарапыңыздан айтылған сынды негізсіз деп есептейді. 

- Менің  баяндамамда айтылған кемшіліктерді Мақтаарал ауданының әкімі қалайша жоққа шығарады? Бір ғана Асық ата кентіндегі жағдайға тоқталайық. Мұндағы  су жүйесін жеке кәсіпкер сатып алған. 11 мыңдай халықты ауыз сумен 24 сағат бойы қамтамасыз ету оның міндеті. Өзім осы ауылда екі тәулік бойы жатып, жағдайды бақыладым. Бүгінде су орта есеппен тәулігіне 4 сағат, әрі кетсе 6 сағат беріледі. Ал сол жеке кәсіпкердің жұмысын қадағалауды аудан әкімі ұмыт қалдырған. Негізі ауда әкімі мәселені төтесінен қою керек: «не инвестиция тартып су құбырларын жөнде, не су жүйесін коммуналдық меншікке өткіз». Ал, бұл не кәсіпкерді жұмыс істете алмайды, не құбырларды аудандық меншігіне ала алмай отыр.

- Аудан әкімі жұмыс тобын құрылғанын алға тартып отыр ғой.

- Ол комиссия облыс әкімдігінде өткен жиналыстан соң құрылды, оның өзінде өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Екі ортада ешқандай міндеттеме жоқ, тек ауыз екі әңгіме. Сонда жұмыс тобының құрғаннан не пайда? Облыс әкімінің тапсырмасын жүйелі түрде орындауда Мақтарал ауданының әкімі Қасымбек Хаметовтің атқарып отырған жұмысы қанағаттанарлықсыз. Мақтарал ауданында басқа да проблемалық нысандар шаш етектен. Көптеген ауылдарда жоба түзіліп, атқарылған  жұмыс қабылдап алынды. Бірақ  елдімекендерде су жоқ. Басталған істі соңына дейін жеткізуге байланысты жүйелі жұмысты көріп отырғаным жоқ. Тек қосымша қаржы сұрап, облыс әкімдігіне хат жазумен әлек. Мақтаралдағы 71 елдімекенге 79 су тазарту қондырғысын орнаттық. Аудан басшылығы барлығын қабылдап алды, ал бүгінде 26 елді мекенде ауыз су атымен жоқ. Әлгі қондырғылар қосылмаған. Оо осылайша жалған мәлімет беріп отыр.

- Қасымбек Хаметов  «Тендерді басқарма өткізгендіктен жобаның аяқталуын неге өздері  қадағаламайды?» деген уәжін айтады... 

 - Хаметов қателеседі. Негізгі тапсырыс беруші - аудан әкімі. Айталық,  белгілі бір ауылдағы су жүйесін қалпына келтіру үшін қаржы керек. Ол қаражат аудандық бюджетте жоқ. Ақшаны облыстық бюджет бөлетіндіктен тендерді де біз өткіземіз. Жеңімпазды анықтап берген соң біздің жұмысымыз бітеді. Ал қалған кейінгі тірліктердің барысын  бақылау, мердігердің жұмысын қабылдап алу немесе қабылдамау, ақшасын төлеу-төлемеу аудан әкімінің шаруасы. Мұны аудан әкімі жақсы біледі. Олай болса неге жаңылысады?

- Мақтаарал ауданы халқының 96 пайызы суды құбыр арқылы ішеді. Басқа аудандардың біреуінде мұндай көрсеткіш жоқ екен...

- Мақтааралдың халқының 96 пайызы бұрын суды құбырдан ішкені рас. Бірақ сол 96 пайыздың 70 пайызынан астамы бүгінде істен шыққан. Барлығы ескірген, шіріген немесе жекешеленіп, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен.

-  Кентаудың әкімі Көктембек Табылдиев те сіз келтірген мәліметті жоққа  шығарып отыр. Оның сөзіне жүгінсек Кентауда су 24 сағат бойы беріледі, сіздің дерегіңіз бойынша бұл көрсеткіш 10 сағаттан аспайды. Кімге сенеміз?

- Кентау халқының қанша сағат су ішіп отырғанын тексеру түк те қиын емес. Кентаудағы ауыз су мәселесі дұрыс жолға қойылмаған, мұны мен сеніммен айта аламын. Жалпы аудан әкімдері мен келтірген мәліметтерді ескіріп кеткен, шындыққа жанаспайды деп айтады. Біз апта сайын аудандардан мәлімет алып отырамыз. Сол мәліметтерді жіберетін – аудандық әкімдіктегі жауапты қызметкерлердің өзі. Қолдарын қойып, құжатын  жіберген. Өзіміз де аудандарды аралап, жағдаймен танысамыз. Өтірік айтып неміз бар? Мен неге Шымкентті мақтаймын? Себебі мұнда шынында да тәулігіне 24 сағат үздіксіз су беріліп отыр. Сайрам ауданында да жұмыс жақсы жолға қойылған. Мақтарал, Созақ, Шардара, Сарыағаш, Кентау әкімдері жауакершілігін сезінуі керек. Маған аудан басшыларының ақталғанының ешқандай қажеті жоқ. Тек сөзбен емес, іспен дәлелдесін. 

... Биыл Оңтүстікте 139 елдімекенді ауыз сумен, 42 елдімекенді табиғи газбен және тағы бір 9 елдімекенді электр энергиясымен қамтамасыз ететін жобалар басатылады. Жалпы құны 36 миллиард теңгеге бағаланған бұл ауқымды тірліктердің жобалық-сметалық құжаттарын даярлау үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметов бюджеттен 485 миллион теңгенің бөлінуіне ықпал етіпті. Бірақ С. Ибадуллаев «Аудан, қала әкімдері өз бюджеттерінен қаржы бөліп жасаған бірде-бір жобалау сметалық құжаты жоқ. «2011 жылға маған осы жобаға қаржы бөліп бер» деп алдыма келген  аудан әкімін көрмедім.  Сонда облыс әкімі іске кіріспегенде  қол қусырып отыра бермекші ме? Неге өз ауданындағы жағдайды ойламайды?» деп тағы да аудан басшыларын бір түйреп өтті. Бәлкім, бұған да аудан әкімдері уәж табар. Екі жақ тағы «айтысар». Бірақ, бұдан кім ұтады, кім ұтылады? Екі ортада ауыз суға жарымай ауылдың халқы сорлайды. Шу шыққан жерге ешқашан су шықпайтынын шенеуніктер қашан түсінеді?

Screenshot_19.jpg

Мұрағаттан, 2010 ж

Дархан Қалетаев - Сағынтаевтың бірінші орынбасары қызметіне кірісті
Назарбаев бірқатар тағайындаулар жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу