Суды тазалап қана қоймай, одан сүзіліп алынған қоқыстан энергия өндіреді
Дәрігер, өрт сөндіруші, полиция секілді мамандық иелерін білмейтін адам кемде-кем. Бүкіл әлемде бұл мамандық иелерін «құтқарушылар» деп атап, «тыныш ұйқымыздың себепшілері» деп құрметпен қарайды. Осы қатарға су саласының мамандарын қоссақ артықтық етпейді. Көзге аса көп түсе бермейтін су мамандарының еңбектері ұшан теңіз. Мысалы тұрғындар таңертең және кешкісін кранды бұрап жіберіп, арқырып аққан таза суға жуынып-шайынып, киім-кешек тазалап, ас дайындап, ең соңында пайдаланылған суды құбырмен ағызып жібереді. Бір адам күніне бірнеше тонна (текше метр – автор) су тұтынуы мүмкін. Ал Шымкентте адам саны миллионнан асатыны белгілі. Осыдан-ақ бір тәулікте қаншама текше метр су ластанатынын ойласақ, есебіне жете алмаймыз. Лас судың бәрі қайда кетеді? Пәтеріміздегі құлағын бұрасақ сар ете қалатын мөлдір су қайдан келіп жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын көп адам мүлде білмейді. Біз осы сұрақтарға жауап іздеп, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сарқынды суларды тазалау қондырғылары кешеніне арнайы барып қайттық.

Кешенге кіре бергеннен-ақ мұнда жұмыс қайнап жатқанынына куә болдық. Ағып жатқан су басында түрлі техникалармен жұмыс істеп және оны бақылап жүрген кешен қызметкерлерін көзіміз шалды. Мұның бәрі қаладағы канализациялық жүйелер арқылы келген лас су деп топшыладық. Ендігі кезекте кешен тоқтаусыз келіп жатқан лас суды тазалап, оны халыққа тұтынуға қайта жіберу қажет. Айтқанға оңай болғанымен бұның артында қажырлы жұмыс жатқанын білдік.
Кешен басшысы Мейіржан Есенбековтың айтуынша, аталған кешен Шымкент қаласында жалғыз. Кешеннің қуаттылығы тәулігіне – 200 мың текше метр. Дегенмен қаланың күннен-күнге аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артып келе жатқанын ескерген «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесі 2028 жылы екінші сарқынды суларды тазалау қондырғылары кешенін салу қажеттігін айтуда.
– Кешен суды тазалауда үш әдіс пайдаланады. Бірінші әдіс – механикалық тазалау, екіншісі – биологиялық тазалау. Ал үшінші әдіске тоқталсақ, әлемдік озық тәжірибеге сәйкес біздің кешенде ағынды суларды қосымша тазартудың инновациялық технологиялары енгізілген. Мұны экологиялық әдіс деп атауға болады. Яғни механикалық және биологиялық тазалаудан кейінгі сарқынды сулар Бөржар су жинақтағышына құйылады және ол жерде тағы да тазалаудан өтеді, - дейді кешен басшысы Мейіржан Есенбеков.

Мейіржан Есенбеков
2024 жылдың басынан бастап Ydro Process технологиясы қолданылуда. Бұл – тәулігіне 8,5 кг мөлшерінде дозаланатын микроорганизмдер. Аталған технология ағынды сулардан түзілетін артық тұнбаның көлемін 80 пайызға дейін азайтуға, сонымен қатар жағымсыз иісті төмендетуге мүмкіндік береді. Және де бұл технологиядай индексінің көрсеткіштерін жақсартады, энергия тұтынуды азайтады, ағынды суларды тазарту станцияларында атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газы шығарындыларын қазіргі деңгейден 50 пайыздан төменге дейін қысқарады, тазарту құрылыстары мен сорғы станцияларында майлар, мұнай өнімдері және майлы заттарды сұйылтады және және жояды. Биогаз өндіру көлемін сақтай отырып, метан мөлшерін арттырады.
Сонымен қатар, кешенде тұнбаны өңдеу цехы жұмыс істейді. Онда тәулігіне 320 текше метр көлемінде аралас тұнба (шикі тұнба және артық белсенді лай) өңделеді. Нәтижесінде сағатына 90 текше метр биогаз өндіріледі. Бұл биогаз электр генераторларын іске қосуға пайдаланылып, тәулігіне 4000 кВт/сағатқа дейін электр энергиясы өндіріледі. Сондай-ақ, тәулігіне 75 текше метр көлеміндегі ашытылған тұнбаны механикалық сусыздандыру және залалсыздандыру цехы іске қосылды. Нәтижесінде тұнба көлемі 4 текше метрге дейін, яғни 12 есеге дейін азаяды. Қазіргі таңда лай алаңдарына тұнба төгілмейді.
Кешеденгі барлық сорғылар жарамды күйде. Оның 30 пайызға жуығы 2025 жылы жаңасына ауыстырылды. Өнімділігі сағатына 25 мың, 25 мың және 12 мың текше метр болатын 3 жаңа ауа үрлегіш қондырғы орнатылды. Қалған барлық жабдықтар техникалық тұрғыдан жұмысқа жарамды.
– Кешен жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейді. Суару кезеңінде Бөржар су жинақтағышына түсіп жатқан сулар транзиттік режимде жіберіле береді. Су қоймамыздың сыйымдылығы – 25,8 миллион текше метр.
Кешендегі қондырғылар – біздің жуыну бөлмесі мен асханамыздан келетін майлы суларды тазалауға ғана арналған. Ал өндіріс орындарынан, коммерциялық нысандардан келетін суларда түрлі бояулар, химиялық қосындылар болады. Біздің технология, әсіресе биологиялық әдісіміз химияны тазалауға арналмаған. Сол себепті де өндіріс орындары арнайы фильтр қойып, құрамы ауыр қоқыстарды өздері сүзіп алып қалу қажет. Арнайы талаптарға сәйкес тазартудан өткізген соң ғана барып суды канализация жүйелеріне жібергені абзал. Бұл талаптар сақталмаса қоршаған орта ластанатыны белгілі.
Біздің кешен суды тазалауда хлор немесе химиялық препараттарды қолданбайды. Табиғи биологиялық әдіске жүгінеміз. Соның арқасында тазаланған суды ауылшаруашылығы жерлеріне беруге болады. Ең бастысы тозып жатқан жерлер жоқ. Осыдан-ақ кешенде су тиісті деңгейде тазартылатынын білуге болады.
Бірінші кезекте су қала халқын қамтамасыз етілуге жаратылып жатыр. Және мемлекет басшысы суды үнемдеу мақсатында суларды қайта пайдалану керектігін айтқан болатын. Сондықтан да біз еуропалық стандартқа сәйкес жұмыс істеп, суды барынша тазалаудан өткізіп екінші мәрте пайдалануға жібереміз, - дейді Мейіржан Есенбеков.

Судан сүзіліп алынған қоқыстар
Кешен қызметкерлері судан қоқысты қалай сүзіп алып тазалайтынын көрсетті. Бас технолог Замира Хайдарқызының айтуынша, қала тұрғындарының суды тұтыну мәдениеті әлі де болса дұрыс емес. Өйткені кешенге келетін сулардан түрлі гигиеналық заттар, пластик бөтелкелер мен шоколад, балмұздақ қораптары, құрылысқа қажетті сұйықтықтар мен материалдар, темір қалбырлар секілді көптеген қоқыстар шығып жатады.
– Одан бөлек үйінде мал сойып, оның терісін де суға ағызып жіберетіндер бар. Әдетте бізге су қоңыр түсті болып келеді, Бірақ құрбан айт кезінде су қып-қызыл болып келеді. Түрлі жіптер біздің қондырғыларға жабысып қалып, оның нәтижелі жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Тұрмыстық қалдықтардың канализацияға шамадан тыс көп тасталуының салдарынан қондырғылар мерзімінен бұрын істен шығуына алып келеді. Осыны болдырмау мақсатында біз тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын, қоғамдық тыңдаулар жүргіземіз. Егер адамдардың суға, канализация жүйелеріне деген мәдениеті болса бұндай мәселелер орын алмас еді.
Биыл қаңтар айының басында тәжірибе алмасу бойынша Қытай еліне бардық. Сарқынды суларды тазалау қондырғылары кешеніне барып жұмысымен таныстық. Кіреберісін өзінен-ақ таза суды көрдік. Су ішінде мейізден үлкен ешқандай қоқыс жоқ. Осыдан-ақ қытайлықтардың суды тұтынуда зор жауапкершілік танытатынан байқадық.
Ал біздің кешеннен аптасына 3-4 тоннаға дейін қоқыс шығады. Қалада жүргенде байқаймыз, тұрғындар кейде қоқыстарын көшедегі арықтарға, құдықтарға тастай салады. Жауын-шашынды күндері олар канализация арқылы бізге келеді. Біз тонна-тонна болып келген қоқыстарды сүзіп алып, бірнеше этапты тазалаудан өткіземіз, - дейді Замира Хайдарқызы.
Замира Хайдарқызы жұмыс барысында
Көптеген елді кәріздік қалдықтар үлкен полигондарға тасылып, толған соң өртеледі немесе көмiледi. Ал бұл кешенде тәсіл басқа. Мұнда «қалдық» деген ұғымның өзі шартты ғана. Өйткені әрбір қалдық – энергия көзі. Кешенде арнайы қалдықтарды өңдеу цехы жұмыс істейді. Тазарту құрылыстарынан келетін қалдықтар арнайы тұнбаларға араластырылып, метантенктерге жіберіледі. Бұл жерде олар мезофильді ашыту технологиясы арқылы өңделеді. Нәтижесінде аралас қалдықтан биогаз бөлінеді. Ең бастысы – осы процестен метан газы өндіріледі. Қарапайым тілмен айтқанда, кәріз қалдығынан газ алынады. Ал алынған метан арнайы газ генераторларында жағылып, электр энергиясына айналады. Кәсіпорында өз газ генераторлық қондырғылары мен шағын электр станциясы бар.
– Бүгінде пайдаланылып отырған электр энергиясының 90–95 пайызы кәсіпорынның өзінде өндіріледі. Қуат көлемі сағатына шамамен 1000 киловатт, тәулігіне 24–25 мың киловаттқа дейін жетеді. Тек аз ғана бөлігі ғана қалалық желіден сатып алынады.
Мұнымен де тоқтамайды. Тазартылған су жабық құбыр арқылы 15–16 метр төмен орналасқан жинақтағышқа жеткізіледі. Сол құбырдың соңында шағын гидроэлектр станциясы орнатылған. Су ағысының энергиясы арқылы қосымша электр өндіріледі. Яғни жүйе тек биогазға ғана емес, су энергиясына да негізделген.

Ал газ алынғаннан кейінгі қалдықтар механикалық сусыздандыру және залалсыздандыру цехына өтеді. Мұнда қалдықтан су бөлініп алынады, әк қосылып зарарсыздандырылады. Нәтижесінде иісі жоқ, топыраққа ұқсас масса пайда болады. Бұл өнім бастапқыда қалалық қоқыс полигонына жөнелтілетін. Алайда зертханалық талдаулар нәтижесінде залалсыздандырылған және сусыздандырылған қалдықтыр ауыл шаруашылығында органикалық тыңайтқыш ретінде пайдалануға жарамды екені дәлелденді. Яғни бұрынғы «қалдық» енді пайдалы ресурсқа айналды, - дейді Замира Хайдарқызы.

Жиналыс
Тағы бір маңызды жайт – метантенктердегі мезофильді ашыту процесіне тұрақты жылу қажет. Бұл жылу да сырттан алынбайды. Метаннан өндірілген энергия есебінен жүйе өзін-өзі жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын сыртқы жылу көздеріне тәуелді емес.
Осылайша, өндіріс толыққанды қалдықсыз жүйеге жақын модельде жұмыс істеп отыр: қалдықтан – газ; газдан – электр; судан – қосымша энергия; өңделген қалдықтан – тыңайтқыш алынады.
Осылайша «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС жетістігі – суды үнемдеумен бірге олар ресурсты басқару мәдениетін қалыптастырды. Ал бұл – кез келген қаланың тұрақты дамуы үшін ең маңызды фактор.
Абылайхан Сматуллаұлы


