Жеңісбек Мәуленқұлов: «Ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс»

Oinet.kz 05-05-2011 1243

Screenshot_3.jpg

Отан үшін от кешкен Ұлы отан соғысы ардагерлердің саны жылдан-жылға азайып келеді.  Былтыр  Ұлы Жеңіс мерекесін  1412 ардагер қарсы алса, содан бергі уақытта 276 ардақты ардагер аталарымыз көз жұмған екен.   сонда бір жылдың өзінде 276 ағамыз көз жұмды. Сондықтан да Ұлы Жеңіс мерекесінің маңызы жыл өткен сайын тек арта бермек. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Жеңісбек Мәуленқұловты әңгімеге тартып, бірқатар өзекті мәселелер төңірегіндегі пікірін сұрадық. 

- Ардагерлерге құрмет көрсету - тек 9 мамыр күні көрініс табатын науқанға айналған жоқ па, осы?

- Мен олай ойламаймын. Ардагерлер кеңесінің бір жылдық жұмыс  жоспарында көптеген іс-шаралар қаралған. Мәселен, соғыс ардагерлерінің туған күндерін, мерейтойларын атап өту, оларға материалдық жәрдем көрсетіп, үйін жөндеп беру секілді шараларды өз күшімізбен атқарып келеміз. Мәселен, осы мақсаттарға былтырдан бері  облыстық ардагерлер кеңесінің есеп-шотынан  27 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Одан бөлек тұрақты түрде түрлі іс-шаралар мен акциялар өткізіліп тұрады. Айталық,   «Ерлік даңқы өшпейді» атты үлкен бастама қолға алынып, оған тартылған 19500-ден астам жастар соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып   жерін аудару, үйін сырлау, ағашын түптеу, ардагерлер  атындағы көшелерді тазалау, ағаш егу секілді жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде облысымыздағы 193 ескерткіш-обелиск, 535 ардагердің үйі, 66 көше тазаланды. Яғни ардагерлерге құрмет көрсету жыл бойы жалғасады. Жалпы,  Елбасымыз Ұлы жеңіс мерекесіне, ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету ісіне қашанда айрықша назар аударатыны белгілі. Бұл бағытта биыл да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Зейнетақы 30 пайызға өссе, Ұлы отан соғысының ардагерлері алатын арнайы жәрдемақы көлемі  9 пайызға артып отыр. Нәтижесінде бір айда соғыс ардагері орта есеппен  66 мың теңге алады. Ардагер азаматтарымызды сауықтыру ісіне айрықша көңіл бөлінуде.  Облысымызда бір кезекте 290 адам демалатын екі ардагерлер үйі  бар. Биыл облыстық бюджеттің есебінен   100 орындық және бір  ардагерлер үйі салынып жатыр. Әрине, бұл қуантарлық жағдай.  Жалпы биыл 8,5 мың ардагер денсаулығын сауықтыратын болады. Былтыр ардагерлер үйінде демалғандардың саны 6 мыңды құраған. 

- Биылғы Ұлы жеңіс мерекесін атап өтуде қандай ерекшеліктер орын алмақ?

- Ерекшеліктер аз емес. Мәселен, мектептер мен жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқушыларына  шығарма жазу үшін Ұлы отан соғысының хас батырлары жайлы  тақырыптар берілді.   Мұндағы мақсат ардагерлердің өмірімен, олардың жүріп өткен жолымен таныса отырып жас буын  өзіне тәлім, өнеге алады.  Мектеп оқушыларына «Менің атам батыр», «Менің апам батыр»,  «Мәншүк пен  Әлияның ерлігі» секілді тақырыптар берілсе, студенттер  ұлтымыздың біртуар ұлдары  Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев турасында қалам тербейді. Сондай-ақ, магистратурада оқитындар Сабыр Рахымов жайлы баяндама даярлайды. Осы ауқымды байқаудың қорытындысы ертең, 6 мамыр күні жарияланып, үздік шығарма иелерін салтанатты түрде марапаттайтын боламыз.   

 - Соғыс ардагерінсіз қалған ауылдардың қатары көбейіп келеді. Уақыт өте осы елді мекендерде Ұлы Жеңістің қадірін ұмыт қалдыру қаупі бар ма? 

- Ұлы Жеңіс күнін ұмыту мүмкін емес. Өйткені, бұл тек бір мемлекет үшін емес, дүниежүзілік маңызы бар мереке. Осы жеңістің арқасында бүгін бейбіт өмір сүріп жатқанымыз жоқ па? Қазіргі таңда барлық аудандарда, мектеп қабырғаларында арнайы мұражайлар бар. Балалар осы мұражайлар арқылы соғыс ардагерлерінің ерліктерін біле алады. Біраздан бері Ұлы отан соғысына арналған облыстық мұражай ашу мәселесі талқыланып келеді. Бұл келешек ұрпақ үшін керек. Себебі майданда қан төгіп, отанын дұшпаннан қорғаған жерлестеріміздің ерлігі, олардың жүріп өткен жолы, жанкештілігі келешек ұрпақтарға өнеге болуы тиіс. 

- Осыдан біраз бұрын аудандарда Жеңіс саябақтары көптеп ашылды, алайда кейінгі жылдары солардың біразы қараусыз қалғандай. 

- Оңтүстікте 8 жеңіс саябағы бар. Қазіргі таңда қараусыз қалып кеткен саябақтар жоқ деп есептеймін. «Ерлік даңқы өшпейді» атты акция барысында саябақтар ретке келтіріліп, тазаланды. 

- Өзіңізді қандай мәселе толғандырып жүр?

- Ардагерлер кеңесі ұрпақтар сабақтастығына айрықша мән беріп келеді. Осы орайда былтыр қасиетті Ораза айында үш буын өкілдерінің басын қосып, ауызашар бердік. Бұл есеп үшін өткен жиын немесе қандай-да орган басшысын жатып кеп мақтайтын басқосу емес. Мұнда ұлтымыз үшін маңызды мәселелер қозғалып, келелі әңгімелер айтылды. Жалпы, ардагер азаматтардың көкейінде жүрген ой-пікірлерін көпшілікке жеткізу керек. Себебі,  жастардың біразы интернет пен теледидардың ықпалына түсіп, шетелге еліктейтіні жасырын емес. Қазіргі жас буын жеңіл жолмен жүргісі келеді. Ал ардагерлердің жолы – үлкен еңбекпен, жанкештілікпен, қанмен келген жол. Осыны өскелең ұрпақтың санасына жеткізуіміз керек. Бұл тұрғыда облысымыздағы  ардагерлердің жазған шығармалары мен өлеңдері, айтқан ойларының жинағын шығаруды көздеп отырмыз. Әрине, ол үшін көп ізденуімізге тура келді. Оның үстіне қаржы мәселесін шешу қажет болды. Алла бұйыртса «Ардагерлер жырлайды» атты  бұл жинақ маусым айында жарық көреді. Сонымен қатар  аға буын өкілдерінің берген бата-тілектерін  де жинақтап, кітап ретінде шығарсақ деген жоспарымыз бар. Бұл басылымдардың қоғам үшін берер пайдасы мол болатынына кәміл сенемін. 

Қазақстан Қытайдан 100 млрд теңгеден астам қарыз алмақ
Әлтаевтың тілі де, тірлігі де түзелмей тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу