Сотталған полковниктер, соттатқан подполковник

Oinet.kz 02-06-2011 840

8863918f4085d85b1eed224af6d33537_resize_w_840_h_-735x400.jpg

Үкімет жетекшісінің кейінгі кездері болгында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің жұмысындағы заңсыздықтардың, кадрлық тағайындауларда сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны жөніндегі арыз-шағым қаптап кетті. Сол арыздарда өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Айдар Бұралқиевтің есімі қайта-қайта көлбеңдей беретіні неліктен екен? Осындайда  «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейтін халық даналыға еріксіз ойға оралды. 

«Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серімжан Досымов пен оның оң қолы өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Айдар Бұралқиев департаменттегі кадр жұмысын сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналдырды. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, шығару тек доллармен бағаланады» дейді сол арыздардың бірінде. Арыздарда тіпті әр орынның қанша доллар тұратына дейін тәпіштеп келтірілгенімен, Ішкі істер министрлігінен келген тексерушілер ешқандай заңбұзушылық таппай кеткен болатын. 

Арыздағы жазылған жайттар ақиқат па, әлде «жаптым жала, жақтым күйе» ме? Департаменттің ішкі «асханасын» жақсы білетін азаматтардың арызын аңдаусызда жазыла салған деуге тағы болмайды. Бірақ ақиқат болған күннің өзінде оған дәлел қайда?

Дәлел жоқ. Өткен аптада Айдар Бұралқиевтің арызы негізінде іс қараған әл-Фараби аудандық соты осы  осындай шешімге келді. Үкімет жетекшісінің болгына арыз жазған  бұрынғы алты полицей сот үкімімен сотталды. Бұрын департаментте лауазымды қызмет атқарған Ермахан Тоқсейітов, Асылхан Қалаубаев және Сызым Сырмағамбетов Қылмыстық кодекстің 129-бабы бойынша (жала жабу) екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ал қалған үш экс-полицейге бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. 

Ермахан Тоқсейітов бұған дейін департаментте штаб бастығы қызметін атқарған. Блокка жазылған шағымдарға қарағанда,  ішкі істер органдарында 34 жыл жұмыс істеген оны департамент басшылығы 2009 жылы отставкіге кетуге мәжбүр етіпті. Бірақ осы уақытқа дейін зейнетақымен қамтамасыз етілмеген көрінеді. Оның қызметтен босап қалуына департаменттегі бассыздықтар туралы Ішкі істер министріне қайта-қайта арыздануы себеп болғанға ұқсайды. Департаменттегі бұрынғы инспектор Сызым Сырмағамбетовтың, бұған дейін Төле би және Мақтарал аудандық ішкі істер басқармаларын басқарған Асылхан Қалаубаевтың қызметінен қандай себептермен кеткені бізге беймәлім. 

Сот процесі журналистер үшін жабық жағдайда өтті. Оны арызданушы да, сотталушылар да қаламапты. Үкімді оқылған кезде сот залында сотталушылардың өздері болмаған. Енді олар  үкімге нарызылық білдіріп, Жоғарғы сотқа дейін арызданбақ. Ішкі істер органдарында талай жыл еңбек еткен олар да оңай шағыла салатын жаңғақ емес шығар?! 

Жалпы, облыстың бұрынғы бас полицейі Хибратулла Досқалиевтің кезінде де генерал мен полковниктердің арасында текетірес болып, ол абырой болғанда сотсыз, соттатусыз тынған еді. Серімжан Досымов та қызметіне келгелі айтыс-тартыстан, арыз-шағымнан көз аша алмай келеді.  Бірақ ол қарсыластарын жуасытудың өзгеше амалына кіріскен тәрізді. «Жала жаптың» деп, ұлынан айырылған ананы да аямастан, темір торға қаматқан департаменттің бұл әрекетінен әділдіктен әлі де үмітін үзбеген өзге арызданушылар ыға қояр ма екен?! 

Осылайша екі полковник, бір подполковник және үш прапорщик сотты болды. Соттатуға арыз берген бұрынғы әріптестері. Заңдық жағынан бәрі дұрыс шығар-ау, бірақ күні кеше бір табақтан ас ішіп, бірге жүрген азаматтардың бірін-бірі сотқа сүйрелеп, жазаға тартқызып жатуы адамгершілікке қаншалықты сыятынын өзіңіз салмақтаңыз. Әйтеуір, жақсы емес. Халықтың құқығын қорғайтын, тізе қосып қимылдап пәрменділігін танытатын полицейлердің бірін-бірі сотқа сүйрелеген сиқы осы. Ал қылмыс өршіп бара жатыр...  

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg



Мырзахметов «бүйректен сирақ шығарды ма?»
Ирак Елекеевпен «ерегіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу