Нұрғали Әшімов: Оңтүстікке қандай басшы келсе де жергілікті халық өз талабын қоя алады

Oinet.kz 21-07-2011 1060

Screenshot_10.jpg

Өткен жылы елімізде экологиялық заңнаманы бұзушылық бойынша жалпы сомамен 5,8 млрд. теңгеге 8203 айыппұл салынып, оның 5,02 млрд. теңге сомасындағы 7142 айыппұл өндіріп алынған. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшіммен сұхбатымызды да экологиялық талаптардың сақталу барысы жөніндегі сұрақтан бастаған едік.

-- -- Нұрғали Сәдуақасұлы, еліміздегі әлемдік көшбасшы мұнай өндіруші компаниялардың экологиялық талапты сақтауын бақылау бағытында министрлік қандай іс-шаралар жүргізуде? Талаптарды қатаңдату, экологиялық жауапкершілікті күшейте түсу бағытында қандай шаралар қолданылуда?

-- Шетелдік инвесторлар біздің елімізде шаруашылық қызметтерін келісім шарттар аясында жүзеге асырады. Әр жылы ірі табиғат пайдаланушы компаниялар, мұнай өндіруші мекемелер ҚР «Бақылау және қадағалау» Заңының талаптарына сай инспекторлық тексеру кестесіне енгізіліп, экологиялық инспекция тарапынан тексеру жүзеге асырылады. Тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарға, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес инспекторлық шаралар қолданылады. Мысалы, өткен жылы «Норт Каспиан Оперейтинг Б.В.» компаниясына экологиялық талаптарды бұзғандығы үшін, өндіріс және тұтыну қалдықтарына шектен тыс ластану фактілері бойынша   1,9 млрд. тенге айыппұл салынып, сот органдары арқылы мемлекет пайдасына шешілді. «Теңізшевройл» ЖШС-інде өткен жылы экологиялық заңнама талаптарын сақтау бойынша жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 57 заң бұзушылықтары анықталып, 1 622,366 млн. теңгеге 65 айыппұл салынды және қоршаған ортаға келтірілген экономикалық залалды өтеу мақсатында 4 851, 645 млн. теңге құрайтын 42 талап қойылды. Жалпы республика  бойынша тексерулер жүргізу нәтижесінде 4,035 млрд.  тенге айыппұл салынды. Қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 7,019 млрд.тенге шағым ұсынылып, кемшіліктерді жою бойынша нұсқамалар берілді. Қолданылған шаралар кешені есебінен еліміздегі экологиялық жағдай тұрақтылығын сақтауда. Эмиссияларды азайту, тиімдірек экологиялық таза технологияларға көшу үшін алғышарттар жүзеге асырылуда. Министрлік әзірлеген жаңа нормативтік құжаттар қабылданып, ол рұқсаттар беру кезінде талаптарды қатаңдатуға, өндірістік экологиялық бақылауды күшейтуге және сот тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сондай ақ, қолданылған қатаң шаралар нәтижесінде атмосфераға шығарындылар, ластанған сулар төгінділері азайды. Дегенмен, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экологиялық жағдайдың төмендеуіне жол бермеу бойынша алдын алу шараларын қабылдау қажет. Бұл орайда, министрлік өз тарапынан Каспий теңізінде мұнай-газ операцияларын жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде Экологиялық кодекске өзгертулер енгізуді ұсынды. Бұдан басқа,  «Экологиялық мәселелер жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді.

-- Жыл сайын елімізде 100 млрд. тоннадан астам қалдықтар жиналады екен. Оның басым бөлігі өндіріс және тұрмыстық қалдықтар. Еліміздің қай өңірлерінде қалдықтарды өңдеу зауыттары бар және олар қалай жұмыс істеуде? Қалдықтарды қайта өңдеудің экономикалық тиімділігі қандай? Қалдықтарды кәдеге жарату, қайта өңдеу бойынша жергілікті атқарушы және мүдделі органдармен өзара әрекеттеріңіз қай деңгейде?

-- Алдымен қалдықтар көлемі бойынша мәліметтерді нақтылай кетсек. Қазіргі уақытта еліміздегі кәсіпорындардың аумақтарында 100 млрд. емес 23,6 млрд. тонна қалдықтар жинақталған. Олардың ішінде тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі шамамен 100 млн. тоннаны құрайды. Жыл сайын елімізде 4-5 млн. тонна шамасында тұрмыстық қатты қалдықтар, 700 млн. тоннадай өндіріс қалдықтары пайда болады. Өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату мәселесіне келсек, табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу барысында табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарын әзірлейді. Онда қалдықтардың көлемін азайту, соның ішінде оларды кәдеге жарату, технологиялық процесте қайта пайдалану, жою жұмыстары қарастырылады. Оған тиісті қаражат бөлінеді. Егер өндіріс қалдықтарының көлемін азайту бойынша кәсіпорындарда бірқатар жұмыстар жүргізілсе және өндіріс қалдықтарын жою пайызы 20%-ды құраса, тұрмыстық қатты қалдықтардың 5%-ы ғана өңделеді. Тұрмыстық қатты қалдықтардың басым бөлігі, яғни 95%-ы полигондарда орналастырылады. 

Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт ең алғаш елімізде Алматы қаласында 2007 жылы салынды. Зауытта қолданылатын «Imabe Iberica» испандық технологиямен жылына 450 мың, ал тәулік сайын 1,5 мың тонна металл сынықтары, пластик, полиэтилен қалдықтары, макулатура, органикалық қалдықтар секілді  қоқыс сұрыпталады. Зауыт екі жылдың ішінде 628 мың тоннадан астам қалдық өңдеді. Ал өңдеуге жатпайтын 563 мың тонна қалдық қалалық полигонда орналастырылды.  Жоғары деңгейдегі тығыздау арқылы полигонда орналастырылатын қалдықтар көлемі 5 есеге қысқарады, сонымен қатар ауаға шығарылатын зиянды заттар 3 есеге азаяды. Қазіргі уақытта Астана қаласында осындай тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін екінші зауыт салынып жатыр. Ол қолданыстағы полигон аумағында орналасқан. Инвестициялық қаражат есебінен салынып жатқан зауытты биыл тамыз айында іске қосу жоспарлануда. Сонымен бірге министрлік, Даму және реконструкциялау Еуропалық банкімен бірлесіп тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару және жою бойынша жаңа стандарттарды әзірлеуге міндеттелген техникалық жәрдемдесу жобасын іске асыра бастады. Биыл маусым айында Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент, Семей, Қарағанды қалаларында жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен аталған жобаны таныстыру және бұдан арғы әрекеттерді айқындау үшін кездесулер өткізілді. 

-- Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, ауа температурасының көтерілуі жөнінде жиі айтылып жүр. Біздің елімізде температуралық өзгерістің деңгейі қандай?

-- Иә, бұл мәселе жөнінде және климаттың өзгеруіне қатысты түрлі ұсыныстар соңғы кездері жиі айтылып келеді. Тосын табиғи құбылыстар да жиі орын алуда.  Қазір адамзат алдында 3 маңызды мәселе тұр – бұл ауаны, суды және энергияқуатын ұтымды пайдалану. Климат адамзат баласының қатысуынсыз өзгеріп жатпағаны анық. Яғни, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық тазалықты сақтау, табиғатты аялау да маңызды рөл атқарады. Елбасымыз 90-жылдардың басында-ақ  ауаны, суды және энергияқуатын  ұтымды пайдалануды, экологиялық таза технологияларды енгізуді міндет еткен болатын.  Экономиканың айтарлықтай өсуі аталған мәселеде белгілі нәтижелерге қол жеткізуімізге көмектесті. Оған қызметіміздің заңнамалық қамтамасыз етілуі ықпал етті. Қазіргі таңда экологиялық мәселелер жаһандық сипатқа ие. Әлемдік қоғамдастықтың қызығушылығын танытуда. Сондықтан, Қазақстан да бұдан шет қалмауы тиіс. Осыған орай, бірқатар ең өзекті экологиялық мәселелерді шешу – министрліктің алдағы жылдарға қойған басым міндеттері болып отыр. 

Табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыруға 2010 жылы жалпы республика бойынша жергілікті бюджеттен жергілікті атқарушы органдармен 24,6 млрд. теңге жұмсалған, ол жергілікті бюджетке түскен эмиссия үшін төлемақының 42,6 пайызын құрады. Соңғы бірнеше жылдар бойы жергілікті атқарушы органдармен өткізілетін табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру көлемі қоршаған ортаны ластағаны үшін түскен жалпы төлемақының 30 пайызынан аспаған. Табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыруға бірқатар облыстардан аз ғана қаржы бөлініп келгені анықталып отыр. Мысалы, табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландырудың қоршаған ортаға эмиссия үшін түскен төлемақыға арақатынасы ең төмен облыстар: Батыс Қазақстан облысы – 1,6 %, Қарағанды облысы - 1,6 %, Павлодар облысы – 4,4 % болып саналады. Мұндай қалыптасқан жағдаймен келісуге болмайды.

Климаттың өзгеруі жаһандық проблема болып тұр. Оған экономикалық жағдайларына қарамастан әлемнің барлық елдері қатысуы тиіс. Зерттеулер нәтижесіне жүгінсек,  әрбір 10 жылда ауаның орташа жылдық температурасы 0,31 °С өскен. Еліміздің орталық және солтүстік аймақтарынан басқа Қазақстан бойынша орташа 0,44 °С және батыста 0,60-0,65 °С қыс айларында айрықша жылыну, ал орташа температура жаз айларында 10 жылда 0,14°С, батыста 0,10 °С төмендеу байқалған. 1995 жылғы мамырда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын ратификациялады. 1999 жылы  12 наурызда Киото хаттамасына қол қойды. Киото хаттамасы шеңберінде Қазақстан 2012 жылға дейін 1992 жылғы шығарындылар деңгейінен аспау туралы өзіне ерікті сандық міндеттемелер қабылдады. Пост-Киото кезеңінде Қазақстан Республикасының Үкіметі парниктік газдар шығарындыларын 1992 жылмен салыстырғанда 2020 жылға қарай 15 %-ға, ал 2050 жылы 25%-ға төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан «Жасыл өсу» жолына түсуі тиіс, яғни қоршаған ортаның тұтастығын қолдай отырып, экономикалық өсімге қол жеткізу қажет. Осыған орай, Үкімет  2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасын мақұлдады.  

Климаттың өзгеруіне бейімделу процесімен байланысты шығындарды азайту мақсатында климаттың өзгеру салдарларын жеңілдету бойынша белсенді іс-әрекеттер қолданылуда. Экономиканың негізгі салаларында табиғи өзгерістер жағдайларында бейімделу мүмкіндіктерін беретін Климаттың өзгеруіне бейімделу тұжырымдамасының жобасы әзірленді. 

-- Басқа облыстармен салыстырғанда оңтүстік өңірдің экологиялық ахуалы қандай?

-- Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «Петро Қазақстан Ойл Продактс» АҚ мұнай өңдеу зауытында шикі мұнайды өңдеудің ұлғаюынан және де «Шымкентцемент» АҚ цемент зауытында цемент өндірісінің ұлғаюынан атмосфералық ауаға мөлшерден тыс заттектердің шығарылу фактісі тіркелді. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында ерекше назар аударатын жағдай, кәсіпорындардың табиғатты қорғау шараларын атқаруы үшін жоспар дайындауына мән беріліп отыр. Мысалға, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-да жыл сайын жылжымалы қайнар көздерді қолдануда ластайтын заттектердің шығарылуын азайтатын дизелді отынға және бензинге жуатын көп функционалды құрылғыларды өндірісте қолдану бойынша шаралар жүргізіліп тұрады. 

Сонымен қатар, атмосфералық ауаның жағдайына жыл сайын көбейіп келе жатқан автокөлік саны жағымсыз әсер етеді. Мысалға алсақ, автомобиль көліктері санының күрт өсуі, жүретін жолда көше-жол жүйесінің жеткіліксіз шамада дамымауы және оның техникалық жағдайы, көліктердің тым көп концентрациясы қала көшелері мен магистральдарында  шиеленіскен жағдай тудырады, ал ол өз кезегінде экологиялық жағдайының одан сайын күрделенуіне әкеледі.  

Өз кезегінде Республика қалаларында ауаның ластануы көп жағдайда  физико-географиялық және климаттық жағдаймен тереңдетіледі. Мысалға алсақ, Өскемен қаласында ауа ластануының деңгейін анықтайтын және қалада штаттық жағдайдың болмау мүмкіндігін анықтайтын факторлардың бірі болып – күрт өзгеретін жел режимі болып табылады. Өскеменге  негізінен әр түрлі деңгейлі қолайсыз метеошарттар, әлсіз кезеңді желдер, тұмандар, тымық күндер, атмосфералық құбылыстардың тоқырауы және  ұзақ сақталуы тән.  Бүгінгі күні тарихи ластану болып табылатын жер асты және жер үсті суларының ластану мәселесін шешу, бірлескен шешімді қажет етеді.  Осыған орай, халық денсаулығын, экологиялық жағдайды жақсарту сауалын шешуге кешенді тәсіл қажет. Облыс қалаларының географиялық орналасуын есепке ала отырып, қоршаған ортаны сауықтыру мәселелерін шешуде жұртшылықтың белсенді қатысуын, мемлекеттік органдардың орындаушы биліктің үйлестірілген жұмысы қажет. 

-- Нұрғали Сәдуақасұлы, оңтүстікқазақстандық журналистер сізді бұқаралық ақпарат құралдарына ашық, жариялылықты жақтайтын әкім ретінде жақсы таныды. Жалпы, өткенді саралай келе, қолға алған мынадай тірлікті аяқтай алмай қалдым, деген өкінішіңіз бар ма? Мысалы, саябақтардағы заңсыз құрылыстар бойынша. Қай салада қиындыққа тап болдыңыз немесе қолдау таптыңыз? Кедергі болған, толыққанды жұмыс істеуіңізге мүмкіндік бермеген жәйттер болды ма? Жалпы оңтүстік жөнінде Сізде қандай пікір қалыптасты? Бұл арада туған өлкесіне перзенттік көзқарасты емес, облысты басқару секілді жауапты қызметтен түйген пікіріңізді білсек деп едік? Бүгінгі таңдағы тіршілігінен сырттай хабардар шығарсыз?

-- Ұлтымыздың рухани көсемі, алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтсам: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Сондықтан, мен БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасап, ел игілігі үшін атқарылған істерді халыққа жариялап, қоғам талқысына ұсынғанды жөн деп санаймын. Сонымен қатар, әрбір журналист қоғамның өркендеуі үшін өзінің ізгі ниеттегі үлесін қосуы – оның азаматтық борышы деп есептеймін. Оңтүстік Қазақстан облысы халқына перзенттік көзқарасым да, басшы ретіндегі көзқарасым да өте жоғары. Қай саланы алсақ та, оның ішінде спорт саласында, өнер, шоу-бизнес саласында Шымкент өлкесі өкілдерінің орны ерекше. Аталған облыс халқының бойындағы адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ауызбіршілік сынды мінездеріне тәнтімін. Әсіресе, олардың кәсіпкерлік немесе заман талабына сай бейімделушілік қасиеттерін ерекше атап өтуге болады.

Менің ойымша, қоғамның дамуы, оның жаһандану үрдісіне өзіндік үн қосуы, адамдардың мәдениет үлгісін қалыптастыруы тек халыққа байланысты болмақ. Ал, облыс әкімінің міндеті – Елбасымыздың алға қойған міндеттерін орындау, түрлі бастамашылықтарға қолдау көрсету, олардың іске асырылуына ықпал ету. Қазіргі таңда облыс тізгінін ұстап отырған Асқар Исабекұлы Мырзахметовті білікті маман, парасатты басшы деп санаймын. Асқар Исабекұлы жетекшілік еткен топ бұрын бастау алған игі бастамаларға жаңа реңк беріп, олардың соны ойлар мен жаңа серпінге ие болуы үшін аянбай еңбек етеді деп ойлаймын. 

Хакім Абай «Сегіз аяқ» өлеңінде: «Біріңді, қазақ, бірің дос,   Көрмесең, істің бәрі  бос»,- дегендей, қазіргі облыс басшылығына беретін бағамыз өте жоғары. Өйткені, қандай басшы келсе де, облыс халқы өз талабын қоя алады және кез-келген адам басшы ретінде елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақты болуы үшін еңбек ететініне сенімділік білдіремін. Мен республикалық орталық орган басшысы болсам да, ауылымнан шалғайда жүрсем де, туған жерімнің мәселелерін ешқашан есімнен шығармаймын. Қазір маған тек оңтүстік өлкенің ғана емес, еліміздің бүкіл аймағының экологиялық проблемалары туралы толғану, оларды шешуге атсалысу құзыреті сеніп тапсырылды. Сондықтан, қазір мен бұрын өзімді толғандырған мәселелерді шешуде облыс әкімдіктерімен қоян-қолтық жұмыс жүргізудемін. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Жасыл даму» салалық бағдарламасын әзірлеп, ол Үкімет тарапынан қолдау тапты. Аталған бағдарламада еліміздің барлық өңірлерінің экологиялық өзекті мәселелері қамтылды. Ендігі кезекте осы бағдарламаның іске асырылуына барлық күш-жігерімізді арнаймыз деп ойлаймын.

-- Сізді жұрт командалық жүйені оң көретін басшы ретінде жақсы біледі. Осы жүйе сізге оңтайлы ма, әлде басқа себептері бар ма?

-- Қазақстан Республикасының Президенті әрбір басшыға міндет қойып, оның халық үшін қызмет етуін талап етеді. Барлығымыздың алға қойған мақсатымыз айқын – елімізге қызмет ету, Мемлекет Басшысының саралы саясатын сәтті жүзеге асыру. Дегенмен, әрбір басшы кадрлық резерв қалыптастыратыны, өзіне шәкірт немесе ізбасар дайындайтыны белгілі. Сондықтан, қандай да бір басшы тапсырмаларын сапалы және дер кезінде орындайтын білікті мамандарға қолдау көрсету және олардың қызметте өсуіне жағдай жасауы міндет деп ойлаймын.

-- Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған кезіңізде ұлы Абайдың өлендерін жатқа оқитынсыз, атпен серуендеп, тауда  шаңғы тебуге де уақыт табушы едіңіз. Қызмет басқа, орта бөлек қазіргі уақытта жұмыстан бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

-- Қолым тигенде кітап оқығанды ұнатамын. Күнделікті күйкі тірлікте адам рухани баюы үшін, көкірек көзін ашу үшін кітап оқуы қажет. Төл әдебиетіміздің классикалық туындыларын оқығанды жөн санаймын. Қазіргі дәуір әдебиетінен Дулат Исабеков пен Мұхтар Мағауиннің шығармаларын бас алмай оқимын десем артық болмас. Бұл жазушыларды өте қатты құрметтеймін. Менің өтінішім бойынша Дулат ағамыздың Орал қаласында  «Бонапарттың үйленуі»,  ал  Шымкентте «Мұңлық-Зарлық» пьесалары сахналанды.  Егер «Мұңлық-Зарлық» пьесасын Голливуд режиссерлары түсірген  болса нағыз блокбастер болады деп ойлаймын. Дулат Исабековтың «Мұңлық-Зарлық» пьесасында жатқан терең ой, әлемге әйгілі «Аватар» фильмінен әлдеқайда артық.

Қазақты қызғыш құстай қорыған Махамбеттен, Бұқар жыраудан  және  ұлт ұраншысындай Мағжандардан кейінгі «асылдың сынығы» Мұхтар ағамыз деп білем. М.Мағауин әлі де өз дәрежесінде мойындалған жоқ.  Ол жазушының  шығар шыңы да әлі де алда деп ойлаймын. «Аласапыран», «Алдаспан», «Жармақ» және басқа да шығармаларын қызыға оқыдым. Мұхтар аға “Мен” атты мемуарлық романында: “Аласапыранға” менің өмір бойы қастерлеп жинаған табиғат эскиздерім, таңдаулы слайдтарым мен ең жақсы күнге сақтаған түрлі-түсті, деректі таспаларым түгел кетсе керек. Жанды сурет қана емес, көңіл түкпіріндегі сырлы, мұңды сезімдер, мидың барлық қатпарындағы ой-толғам, парасат-пайым – табиғат берген, тағдыр сыйлаған ең асыл, ең қымбат қазынамызды осы кітаптың бетіне төктік” – деуінде үлкен мән бар. Шығармада Ораз-Мұхаммед сұлтан қастерлей жырланып, парасатты парыз арқалап, тарихи биікке көтергенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Роман халықтың бай әдеби мұрасының біріне айналды. «Өмірімнің басты шығармасы – «Аласапыран» деп автордың өзі баға бергендей, бұл шығарма Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны»  секілді шоқтығы биік туынды екені белгілі.

Әлем әдебиетіндегі Генрик Сенкевичтің «Огнём и мечом», «Потоп» және «Пан Володыевский» атты трилогиясы мен «Аласапыран» романының бас кейіпкерлері Ораз-Мұхаммед сұлтан мен Анджей Кмициц тағдырларында, олардың өмірлік ұстанымдарында өзара үндестік бар. Генрик Сенкевичтің ата-тегі ХІV ғасырда Тоқтамыс хан тұсында Алтын ордадан жер аударып кеткен  ноғайлар екені және олардың тек XVIII ғасырда ғана ислам дінінен шығып, католик дінін қабылдағаны жөнінде қызық дерек те бар. Генрик Сенкевичтің романы XVII ғасырдағы оқиғаны қамтыса, «Аласапыран» 1588-1610 жылдар аралығындағы Еуразия кеңістігінде орын алған қилы-қилы оқиғалар, қазақ халқының ұлттық санасы, мемлекеттік құрылымы, көрші жұрттармен ара қатынасы, сол замандағы белгілі тарихи тұлғалардың болмыс-бітімі турасында сыр толғайды. Романда Ораз-Мұхамед тағдыры отарлық кепке түскен, азаттыққа ұмтылған тұтас бір ұлт тағдыры ретінде көрінеді. Сондай-ақ, оқырман ретінде қосатыным, Мұхтар Мағауинге де Генрик  Сенкевич сияқты трилогия жазуды уақыт талап ететін сияқты. Жазушы ағамызға Алла тағала денсаулық берсе, әлі де үлкен туындылар дүниеге келер деп сенеміз.

Ал, спорт мәселесіне келсем, қазір бассейнде жүзгенді ұнатамын. Жұмыстан тыс уақытта атқа мініп, серуендегенді жөн көремін.

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


Кентаудағы ел ереуілге шықпақшы
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға сапарламақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу