Жаңаөзен оқиғасы жайлы не білеміз?

Oinet.kz 18-03-2019 2077

Screenshot_11.jpg

«Әттең мұнайшылардың шешуге болатын әлеуметтік мәселесін ушықтырмай, шиеленістірмей дер шағында «майшаммен» қарағанда мұндай қанды қырғын болмас па еді? Сырттан келген емес, елдің ішінен шыққан ереуілшілер аспандағы айды әперуді сұраған жоқ. Шылқыған байлықты көктен іздемей Алла Тағаланың өзі несібелеріне сыйға тартқан жер асты байлығы мұнайдан бала-шағаларының нәпақасын  айырып жүрген олар орындалатын талап қойғаны белгілі. Әттең жанайқайына біздің билік жүрдім-бардым қарауының ақыры міне дүниенің астан-кестеңін шығарды.  Өкінішті-ақ. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы жұмыр жердің жұртшылығы қызығатындай, қызғана қарайтындай ұлан-асыр ұлықталып жатқан күні,  дәл сол қастерлі, қасиетті, ең қымбат та қуанышты күнде төрткүл дүние көз тіккен дүрбелең басталғаны өкінішті-ақ, өкінішіті-ақ. Ұлтымыздың ұлылығын менмін деген мықтыларға мойындатып үлгерген тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын бұзу, шаңырағын шайқалтуға ұмтылудан ұтатын кім, ұтылатын кім? Әрине, ұтатындар біздің елдің қарыштап дамығанына іштері күйіп, ішкендері ірің, жегендері желім болып жүрген қара ниетті, мысықтілеулі теріс пиғылдылар. Ал ұтылатын біз, дәлірегі Тәуелсіздіктің арқасында қазақпын деп айқайлап айту бақыты бұйырған жергілікті тұрғындар. Ендеше ереуілшілер Тәуелсіздіктің тыныштығын бұзғаннан ұпай жинайтын тас жүрек жауыздардың азғыруына,айтағына неге ерді? Неліктен? Не үшін? Осы кешірілмес келеңсіздікті ұйымдастырушылардың арбауына ілігіп, қақпанына түсіп қалғандар ертең-ақ өкініштен бармақтарын шайнайтын шығар, сірә. Дәл Тәуелсіздік күнінде шыдамдары таусыла қалғаны сәйкестік пе? Әй, қайдам? Бұл оқиғаның шындығы қаншалықты ашылатынына тақсыр уақыт төрелігін айтады. Ең бастысы елдің бірлігіне, ынтымағына, сыйластығына сызат енді сызат түспесінші деп тілейікші. Өткен оқиғаның өкінішті сабағынан қорытынды шығарсақ, енді қайталамастай ес жинап, етек жаба алсақ ең басты жетістігіміз осы болар еді. Ал қалғанының бәрі, әсіресе биліктегі шен тағып, шекепен кигендердің әбден тірліктің болары болып бояуы сіңген соң барып «мәселені шешіміз» деп қолдарын мезгілінен кеш сермеп жатқандары «жау кеткеннен кейін қылышын боққа шапқанмен» бірдей ғой.

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналған, 16 желтоқсан күні Жаңаөзенде болған оқиғалардың жай жапсарын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Қаланың орталық алаңында тәуелсіздіктің жиырма жылдығын тойлау мерекесі кезінде басталған тәртіпсіздік салдарынан бірнеше ғимараттар, оның ішінде «Өзенмұнайгаз» компаниясының ғимараты, қалалық әкімшілік өртелді. 14 адам мерт болды. Сексеннен астам адам жаппай тәртісіздіктер кезінде түрлі жарақаттар алған.

Оқиғаның ертеңіне, яғни 17 желтоқсанда түс мезгілінде Манғыстау облысында орналасқан Шетпе темір жол стансасында жергілікті тұрғындар Маңғышлақ-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызының қозғалысын  бөгеген. Олар осы арқылы Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды қолдауға шақырған. Жергілікті билік және құқық қорғау органдары ақсақалдар мен көп балалы аналарды тарта отырып, келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде ереуілшілердің басым көпшілігі бейбіт жолмен тараған. Алайда  50-ге жуық азамат табандап тұрып алып, полицияға қарсылық көрсете отырып, жүк поезының тепловозын өртеп жіберген, вагондарға жанғыш қоспалары бар бөтелкелер лақтырған. Осы сәтте оқиға орнына  150-200 адам келіп, полиция қызметкерлерін қоршауға алып, оларды таспен және жанғыш қоспалары бар бөтелкелермен атқылай бастаған. Тіпті  белгісіз біреуулер құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы оқ атқан. Осы шабуылдар салдарынан ішкі істер органдарының 5 қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алды. Бұдан кейін полиция қару қолдануға мәжбүр болған. Шетпеде орын алған жәйттардың салдарынан 6 адам ауруханаға түсіп, 1-еуі қайтыс болды.

Бас прокуратураның таратқан мәліметтеріне қарағанда оқиға болған 16 желтоқсаннан бастап бүгінге дейін түрлі құқық бұзушылықтар үшін 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қылмыс жасады деген күдікпен  8 адам соттың санкциясымен қамауға алынған.

Орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты 17 желтоқсанда Елбасы Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай енгізді. Жаппай тәртіпсіздіктер фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың басшылығымен жедел-тергеу тобы оқиға орнында дереу іске кірісіп кетті.

Билік қазіргі уақытта Жаңаөзендегі жағдайдың қалыпты екендігін айтып отыр.

 

Жаңаөзен-1989

Жаңаөзендегі жұртқа жаға ұстатқан оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. Бұл жолғысы Жаңөзен жаңғырығы деуге келіңкірейді. 1989 жылы қалада жаппай тәртіпсіздік орын алып, соның нәтжесінде 50-ден аса сауда және тұрмыстық нысандар бүлінді, көліктер өртеліп,  дүкендер тоналған, көптеген әкімшілік, тұрғын үй ғимараттарының, жатақханалардың терезелері қираған. Жергілікті қазақтар мен кавказ ұлтының өкілдері арасындағы төбелестен тұтанған толқудың ақыры ұзақ уақыттан сыздап келе жатқан бітеу жара--  әлеуметтік мәселені қоздырды.  Бұл негізсіз де емес еді. Бір ғана дерек, 1988 жылы «Узеньнефть» кәсіпорны мұнай мен газ өндіруден 110 миллион сом таза пайда тапты. Алайда, Жаңаөзеннің мұқтажына КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі 3,5 миллион сом ғана бөлген. Яғни, одақтық министрлік аймаққа ешнәрсе қалдырмастан Маңғыстаудың байлығын аяусыз сорып алып жатқан-ды. Қалада және оған қарасты поселкаларда жұмысыздық өсті. Дүкендерде күнделікті қажетті таурлар тапшылығы байқалды. Оларды халық дүкеннен емес, алыпсатарлардың қолынан 2-3 есе қымбатқа сатып алатын. Көтерілістен кейін Жаңаөзенге шұғыл жеткен Мәскеу мен Алматыдан келген басшыларға халық өздерінің талап-тілектерін айтып, әлеуметтік мәселені тез арада шешуді сұранған болатын. Басшылар «мәселелер зерттелуде, қаралуда және шешілетін болады» деп жауап берген екен.

 

Оқиғаға дейін

Араға 22 жыл салып барып қайта бұрқ еткен Жаңаөзендегі оқиғаның сыртық күштердің ықпалымен жасалынғаны туралы әңгіме де гулеп тұр. Оның шет жағасын қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекет басшысының өзі де айтып қалды. Дегенмен де оқиғаның түпкі себебі әлеуметтік мәселеге барып тіреледі.

Батыстағы мұнайшылардың ереуілі алдымен мамырда Қаражанбас кен орнында басталып, осы айдың аяғында оларға «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшылары қосылды. Ереуіл жүріп жатқан кезде компаниялар жүздеген жұмысшыларды жұмыстан босатты. Шілде айында еруілшілердің қатары 1,2 мың жұмысшыға жетті.

 Мұнайшылар басшыларға талап қойып жатқан кезде түсініксіз жайттар да орын алған. 2 тамызда Жаңаөзенде кәсіподақ белсенділерінің бірі Жақсылық Тұрбаев бәймәлім жағдайда қаза табады. 24 тамызда «Өзенмұнайгаз» компаниясының кәсіподақтар комитетінің төрағасы Құдайберген Қарабалаевтың қызы із-түссіз жоғалып, артынша оның өлі денесі табылған. Ереуіл белсенділерінің бірі өзін-өзі өлтіреді, бірінің үйі өртелген, бірқатарын құқық қорғау оргындары жауапкершілікке тартқан. Алайда құқық қорғау органдары кісі өлімінің ереуілге ешқандай қатысы жоқ деген қорытынды жасады.

16 желтоқсанға дейін жаңаөзендік мұнайшылар өкіметтен тек әлеуметтік мәселелерді шешуді, мұнайлы Маңғыстаудың, оның ішінде Жаңаөзендегі жағдайды жақсыртуды талап еткен. Алайда сегіз ай бойы ереуілдеген Үкімет оған жеткілікті деңгейде мән бермеген сияқты. Дәлірегі ойламаған жерден от шығып кетеді деген қауіп Астанада отырған шенеуніктердің ойына да кіріп шықпаған сыңайлы.

-Өзенмұнайгаздағы» оқиғалардың салдарынан Қазақстан қазынасы ондаған миллиард теңгеден қағылды. Ереуіл кезінде 1 миллион тоннаға жуық мұнай игерусіз қалды. Бұл көрсеткіш 2011 жылдың қорытындысына кері әсерін тигізеді, – деген болатын осыдан екі ай бұрын «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Тимур Құлыбаев. Билік осы уақытқа дейін мұнайшылардың ереуілін «Еңбек кодексінің баптарын саналы түрде бұзғандық, ешқандай негізсіз жұмыс берушіден айлық жалақыны өсіруді талап етті және «еңбек жағдайының ауырлығына байланысты мұнайшыларға тиесілі салалық 1,8 коэффициентті төлемей отыр» деген ақпарат таратып, компанияға жала жапты» деген баға берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері мен Жаңаөзен қалалық сотынан құралған үкіметтік комиссия мүшелері мұнайшылардың ереуілі заңсыз, талабы орынсыз деген шешім шығарды.

- «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жалақысы Қазақстан бойынша ең жоғары болып табылады. Қазір біздің жұмысшылар айына орта есеппен 250-350 мың теңге алады. Олар ауысыммен еңбек етеді. Меніңше, мұнайшылардың айлығы төмен деу негізсіз», – деді ресми газетке берген сұхбаттарының бірінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының корпоративтік даму және активтерді басқару жөніндегі орынбасары Асқар Әубәкіров.

 

Оқиғадан кейін

Жаңаөзендегі оқиғадан кейін үкімет батыстағы ереуілдеп жатқан мұнайшылардың мұң-мұқтажына шындап назар аудара бастады. Билік бұл жолы да «зерттеледі, қаралады, шешіледі» деді. 20 желтоқсанда бірінші вице-премьер Өмірзақ  Шөкеев Ақтаудағы  ереуілшілермен кездесіп, келіссөз жүргізді. Бірқатар ақпарат құралдары осы кездесуде барлық мәселенің сәтті шешілгені, босап қалған мұнайшыларға басқа қызмет ұсынылатыны туралы мәлімет таратқан еді. Алайда оппозицияға бүйрегі бұрып тұратын басылымдардың жазуынша, Шөкеев бастап барған мемлекеттік комиссия ереуілшілермен ымыраға келе алмаған. Мұнайшылар өздеріне ұсынылған жұмыстан бас тартып, бұрынғы орындарына қайта келуді талап еткен. Комиссия мүшелері бұл ұсынысқа келіспеген сыңай танытыпты. Дегенмен Шөкеев ереуілшілермен апта сайын келіп, келіссөз жүргізуге уәде еткен.

Қазір Үкіметте отырған шенеуніктер Ақтаудағы ереуілді барлық елде бола беретін қалыпты жағдай ретінде бағалап отыр. Алайда уақытысында құлақ аспаса, мұндай ереуілдің ақыры  жақсылыққа апармайтыны дәлелденді  емес пе? Бір жағы терроризммен, бір жағы батыстағы мұнайшылардың ереуілімен бетпе-бет келген Үкімет бұл тығырықтан қандай жол тауып шығар екен? Сарапшылар экономика үшін аса жайлы бола қоймайды деген алдағы жаңа жылда әйтеуір, ел аман, жұрт тыныш болғай.

Мұрағаттан, 23.12.2011 ж

ОҚО-дағы сайлаудағы сайқымазақ
Тимур Құлыбаевтың премьер-министр болуы мүмкін бе еді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу