«Арты ашылған Үкімет»: Біржан Нұрымбетов елдің есінде несімен қалды?

Oinet.kz 19-01-2021 1770

OINET.KZ - Кеше Үкіметтің жаңа құрамы бекітілді. Бәрі өз орындарында қалды десек болады. Тек 2 министр ауысты. Осы екеудің ішінде - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бар. Оның кетуін көпшілік өкінішті қабылдады.

nwrymbetov-2-750x422.jpg

Көпшіліктің ықыласына бөленген Нұрымбетов қандай ісімен ел есінде қалды?

Нұрымбетов бұл қызметте бар болғаны 1 жыл, 5 ай отырды. 2019 жылы 20 тамызда қызметке кіріскен оның қызметінің негізгі кезеңі - коронавирус індетімен тұспа-тұс келді. Осы cын сағатында оның мойнына жауапкершілік жүгі артылды. Карантин кезде бүкіл мемлекеттік һәм жекеменшік нысандар жұмыстарын тоқтатып, халық табыссыз қалды. Табысынан айрылған адам агрессияға бейім болады. Себебі оның жоғалтар ештеңесі жоқ. Мемлекетте төтенше жағдай жарияланып ел үйде отырған кезде билікке әлеуметтік желіде ашық қарсылық көрсете бастады. 

"Енді қалай көреміз?";

"Көк тиын табысы жоқ халықты айыппұлмен қысып жатыр!";

"Маска жоқ. Бар болса да бағасы шарықтап тұр";

"Кредитті қалай төлейміз?";

Осындай ашынысқа толы сөздер билікті әбден састырды. Президент бастаған Үкімет мүшелері жұмысты қайта жүйелеуге кірісті. Осы кезде көп былықтың беті ашылды. Оқушылар үйде отырып сабақты онлайн оқуға көшкенде, біздің цифрлық даму министрлігінің бұған дайын еместігі анықталды. Әсіресе халыққа 42 500 теңге көмек берілерде оған онлайн өтініш берер кезде цифрлық саланың түкке жарамсыз екені белгілі болды. Сол кездегі Сенат Спикері Дариға Назарбаева індет көптеген Үкіметте қолға алынған көптеген амбициялы жобаның артын ашқанын, әсіресе "Цифрлы Қазақстанды" қайта қарау керектігін айтты. Нәтижесінде Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиевтың басына қара бұлт үйіріліп, ақыры қызметінен кетіп тынды. Орнына Бағдат Мусин келді. 

Осы тұста біз басқа министрліктерді былай қоя тұрып, Еңбек министрлігінің жұмысына тоқтала кетсек. Жалпы сол кездегі министр Біржан Нұрымбетов аз жұмыс істемеді. Төтенше жағдай кезде табыссыз қалған отбасыларға берілетін 42 500 теңгені алуға келгенде көпшілік өтінішті қалай дұрыс беруді білмей бастары қатты. Сонда халыққа өтініш беру тәртібін ұңғыл-шұңғылына дейін сауатты түсіндіретін адам керек болды. Сол адам - министр Біржан Нұрымбетовтың өзі болды.

Министрдің халықпен ашық жұмыс істеуінің арқасында тұрғындар әлеуметтік көмекті аларда аса қинала қоймады. Тіпті "күріштің арқасында күрмек су ішеді" демекші, әлеуметтік жағдайы төмендермен бірге бай-бақуатты азаматтар да әлеуметтік көмекті алып кетті. Бұл жайт көпшілікті ашындырды. 

Осы жағдайдан соң министрлік 42 500 теңге алғандарды тексереді деген хабар шықты. Егер көмекті заңсыз алғандар анықтса, олар қатаң жазаланады дегенді естігендер үкіметтен алған ақшасын үкіметтің өзіне қайтара бастады. "Бүйткен көмегіңнің" деп күйінгендер көбейіп кеткен кезде министр халықпен тағы ашық диалогқа шықты. 

«42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық!  Елімізде осы төтенше жағдай орын алмағанның өзінде бізде халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақының мөлшері төмен. Зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі көп емес. Сондықтан көпшілік осы төлемді алсам деген ойда. Осыған дейін де айтқанымдай, біз жаппай ешкімді тексермейміз. Жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер болсын, ешкімнің үйін аралап тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге төленді ме, алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да, бізді тексереді. Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері кірісін жоғалтқан азаматтарға әлеуметтік төлемді (42 500 теңге) айлық еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы жұмысшылар алуға құқылы екенін айтып, түсіндіріп отырмын. Жұмыс беруші ақысыз демалысқа жіберген, кірістен айырылғандарға төленеді». 

Министрдің бұл сөзі халықтың айызын қандырды. Мұнда Нұрымбетов қатып қалған ресми мәлімдеме емес, халықтың мәселесін түсінетінін білдіріп нақты жұбаныш сөз айтты. Министр өз сөзінде әлеуметтік көмекті алғандар жазаланбайтындықтан бөлек, халықтың тұрмысық жағдайы өте төмен екендігін айтты. Зейнетақы мен жәрдемақы нарықққа қабілетсіз екенін тұспалдады. Сол себепті де халық осы көмектен дәмелі болғанды айтылды. Ең бастысы министрдің бұл сөзінен халыққа деген жанашырлықты байқауға болады. "Тексерсе бізді тексереді" деп бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Халық министрдің осы бір "мейірімділігіне" сүйсініп, оған тілектес болып қала берді.

Дегенмен министрдің Жамбыл облысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып қызмет істейтін ағасы Тимуржан Нұрымбетов 9 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді. Әйгілі Сталиннің "Баласы әкесі үшін жауап бермейд" деген сөзін негізге алсақ та, бұл жайт министрдің беделіне әжептеуір нұқсан келтірді.  

Жалпы індет кезінде Біржан Нұрымбетов жаман жұмыс істемеді. Екі сөздің басын құрай алмай жатқан депутаттар креслоға жайғасып жатқанда, күрмеуі қиын кұрделі мәселені халыққа емін-еркін түсіндіре алатын, елмен бірге жұмыс істей алатын министрге жаңа қызмет бұйырады деп үміттенеміз.

Қайрат Құдайберген қаржы пирамидаларына рұқсат беретін органдарды жазалауды сұрады
Мамин Денсаулық сақтау министріне 1 апта уақыт берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу