Сапарбаев тағы сырттан кадр шақырды

Oinet.kz 01-04-2021 1517

Соңғы кездері «фейсбуктегі» парақшасында Тараздағы келеңсіздіктерді тізіп, жергілікті шенеуніктердің салғырттығын сынап жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақыры қаланың әкімі Айтқазы Қарабалаевты орнынан алды. Алайда облыс әкімі оны қызметсіз қалдырған жоқ. 

Бердибек Сапарбаев.jpg

Жалпы, Қарабалаев пен Сапарбаевтың арасындағы қарым- қатынас әу бастан жақсы болған жоқ.  Бұл орынға түбі бәрібір басқа адамның келетіні белгілі еді. Өйткені бұған дейінгі тәжірибелерден байқалғандай, Сапарбаев қай өңірге барса да облыс орталығының басшылығына  өзінің ең сенімді кадрын тағайындайды. Дәл осындай жағдай Өскеменде де, Ақтөбеде де болған. Қала әкімінің креслосына Ислам Әбішев, Ильяс Испанов сияқты Сапарбаевтың ең жақын кадрлары отырған еді. Жамбыл жерінде Сапарбаев осы «сценарийінен» де жаңылған жоқ. 

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Ержан Жылқыбаев Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды. 

– Айтқазы Қарабалаевтың атқарған жұмысына рахмет айтамын. Тараз облыс орталығы болғаннан кейін оның дамуы аймақтың дамуына тікелей байланысты. Ержан Жылқыбаев біраз жерде қызмет атқарды, сыннан өтті. Тараздың дамуына бар тәжірибесін салады деп сенемін. Ең бастысы, бірігіп жұмыс істеу керек. Тараз мәдени, туризм ордасы болуы қажет. Былтырғы жыл Қордайға көп көңіл бөлінсе, биыл Таразға ерекше назар аударылмақ. Халықтың жағдайын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу, инфрақұрылымды, келбетін жақсартуға көңіл бөлінеді, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев жаңа әкімді аппаратымен таныстыру барысында. 

Ал Айтқазы Қарабалаев Тараз жұртына алғыс білдірді. Өз кезегінде  Ержан Жылқыбаев артылған сенімді ақтаймын деп сендірді. Айтпақшы, бұған дейін ғаламторда Айтқазы Қарабалаев пен Ержан Жылқыбаевтың арасынан қара мысық жүгіріп өткені, екеуінің әлденеге келісе алмай жаға ұстасып қалғаны туралы алыпқашты әңгіме тараған болатын. Жылқыбаев енді әкімдіктегі жұмысын Қарабалаевтың кадрларынан тазартудан бастауы әбден мүмкін. 

Ержан Жылқыбаев Оңтүстіктің тумасы. Сапарбаевтың командасында көптен бері бар кадр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі қызметтерін атқарған. 2009-2014 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, әр жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі қызметінде болған.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2020 жылдың ақпанынан бастап Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған.

Ал, Қарабалаев облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Осылайша Айтқазы Қарабалаев өзінің әу бастағы құрылысшы мамандығы бойынша қызмет етуге кірісті. 

Жамбылдағы кадрлық тағайындаулар мұнымен біткен жоқ. Іле-шала біраз уақыттан бері бос тұрған Сарысу ауданы әкімінің креслосына  су жаңа кадр келіп отырды. Облыс әкімінің өкімімен және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Сарысу ауданының әкімі болып Марат Сұлтанғалиев тағайындалды. Бердібек Сапарбаев аудан активінің жиынына онлайн режимінде қатысып, жаңа басшыны таныстырды.  

- Сарысу ауданының мүмкіндігі мол. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономикасын дамытуға күш салу керек. Бұл ретте инвесторлармен жұмысты үдету маңызды. Марат Қырғызәліұлының алдына қойылған мақсаттардың бірі осы. Сондай-ақ ауданға «көгілдір отын» жеткізуді жеделдету қажет, –  деп атап өтті аймақ басшысы.

Марат Сұлтанғалиев 1982 жылы туған. Оны су жаңа кадр деп отырғанымыз бекер емес. Оның соңғы қызметі – Премьер-министр Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы. Дәлірегі Жамбылға сырттан келді. Ұзынқұлақтан жеткен ақпараттарға қарағанда, М.Сұлтанғалиев Оңтүстіктің тумасы көрінеді. 

Бос тұрған Жылқыбаевтың орны да жергілікті жерден емес сырттан келетін кадрға бұйырады деген әңгіме бар. 

Шыңғыс Мұқан: Шымкент Нұр-Сұлтан мен Алматыны қуып жетеді және оларды басып озады
Еңбегі сіңген ит бағушы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу