Махажанов мойын бұрмаған мәселені Рысбеков шеше ала ма?

Oinet.kz 03-06-2021 1800

OINET.KZ - Алла бұйыртса, биыл ауыл әкімдерін тікелей халықтың өзі сайлайтын дәрежеге жетеміз. Алайда бұл жаңалық қазіргі Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылына қаншалықты өзгеріс  әкелетінін алдын ала тап басып айту қиын.  Өйткені бұл ауылдың  қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері, өзіндік менталитеті бар.

Screenshot_4.jpg

Дәурен Махажанов, Ғани Рысбеков

Естеріңізде болса, Бабайқорғандағы ауыл әкімі мен жергілікті белсенділер арасындағы текетірес туралы біз осыдан үш жыл бұрын «4 жылда 4 әкімді ауыстырған ауыл» деген көлемді сараптама жариялаған болатынбыз. Сол жолы ауыл әкімі Жантөре Қарабаев бізге:

– Соңғы 4-5 жылдың көлемінде осы Бабайқорғанда 4-5 әкім ауысты. Мен бесінші әкіммін.  Келген әкімдерге айтқанын істету, көнбегендерінің үстіне арыз жазып, жұмыстан кетіру әдетке айналды,– деген еді.

Ауылдағы белсенділердің жазған арызы бойынша ақыр аяғында Ж.Қарабаевтың мәселесі Әдеп кеңесінде қаралып, оны қызметінен босату туралы ұсыныс берілді. Бірақ әкімнің өзі: «Мен кеткеннен кейін де бәрібір Бабайқорғанда тыныштық болмайды. Оған толық көзім жетеді. Мен бұл қызметті 150 мың теңге жалақы үшін істеп жүргенім жоқ. Басында ақсақалдар сенім артты.  Сол сенімді ақтауым керек. Қызметке келген бір жылдың ішінде ағын суды реттедім. Халықтың маған деген сенімі де күшейді. Халық қолдап тұрған кезде жұмысымды ары қарай жалғастыра беремін. Жұрт кімнің кім екенін біліп қалды»,– деген еді. Ж.Қарабаев қызметінде қала алмағанымен айтқаны айдай келген сияқты.

Screenshot_5.jpg

Әбдімүтәліп Абдырайымов

Кешегі күні Бабайқорғанның тізгінін Ж.Қарабаевтан кейін алған, алтыншы әкім Әбдімүтәліп Абдырайымовтың ісі Әдеп кеңесінде қаралды. Бұл жолғы мәселенің қысқаша мән-жайы былай.

Ауыл әкімінің үстінен  арызданған Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Серт ауылының тұрғыны, осындағы мектепте ұзақ жылдардан бері мектеп директоры болып істейтін  Шералы Талиповтың айтуынша, наурыз айында ол Серт ауылындағы 5-6 әлеуметтік проблемаларды алға тартып, Кентау қаласы әкімдігінің «фейсбуктегі» парақшасына жазба қалдырыпты.

– Біріншіден, – дейді Ш.Талипов – Ауылда осы уақытқа дейін ұялы байланыс қызметі жоқ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы шалғайдағы ауылдарға сапалы интернет тартылып жатқан кезде Кентау сияқты қаланың іргесінде отырған  ауылда әлі күнге ұялы байланыстың болмауы айтуға да ұят.  Екіншіден, жас отбасыларға тұрғын үй салатын жер телімдері жоқ. Елді мекенге іргелес жатқан 40 гектар алқапты ауыл әкімі «суармалы жер» деп бермей отыр. Алайда  сол жерге тас түсіріп, үй салуға әрекет жасап жүргендер бар. Сонда біреуге бар, біреуге жоқ па? Осы мәселе халықтың наразылығын тудырып жатыр. Үшіншіден, мектепке  келіп кететін оқушыларға,  жаяу жүргіншілерге арналған  тратуар салынса деген тілегіміз бар. Төртінші мәселе- ауыз су тапшылығы. Су 1 сағат берілсе, 1 сағат берілмейді. Халық 24 сағат сумен қамтылса дейміз. Бесіншіден,  егін алқаптарын суаратын  тас арықтар  жөнделсе, алтыншыдан Укаш ата кесенесіне баратын жолдың бойы қоқыстардан тазартылса деген талап-тілегіміз бар. Осы ауылдың баласы болғандықтан қарап отыра алмаймыз,  жуырда жолдың бойынан 4 тележка мусор шығардым, иттің өлігіне дейін өзім салдым.

Әрине, жазба ауыл әкімі Ә.Абдрайымовқа ұнамай қалған көрінеді.

2 сәуірде мынандай жағдай болады. Түн ішінде көлікпен кетіп бара жатқан директорды осы ауылдың тұрғыны, қоғамдық кеңестің мүшесі Әлібек Құрбанов деген азамат көлігімен қысып тоқтатады. Ол директорға күш көрсетеді. Осы оқиға бойынша Кентау қалалық сотының 7 сәуір күні шығарған қаулысында: «Құрбанов 2021 жылғы 2 сәуірде Кентау қаласы, Қарнақ ауылы мен Серт ауылының орта тұсында орналасқан тас жолдың бойында Ш.Талиповтың жағасынан ұстап жұлқылап, оны былапыт сөздермен балағаттап, оң жұдырығымен сол жақ бетінен ұрып, нәтижесінде өз іс-әрекетімен денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына әкеп соққан жәбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген»,– деп жазылған.

Сот қаулысымен оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 43 755  теңге айыппұл салынады.

Screenshot_3.jpg

Ш.Талипов

Енді сол 2 сәуір күні болған жәйтқа қайта оралайық. Оқиғадан кейін Ш.Талипов Кентау қаласына барып, қалалық полиция бөліміне арызданады.

– Мен тәртіп сақшыларына «маған қызметкерлер беріңіздер. Ол мас күйінде көлік айдап жүр, ұстап, жауапқа тартыңыздар»,-деген едім. Алайда бұл өтінішімді тәртіп сақшылары орындамады. Есесіне учаскелік инспектор жақсы жұмыс істеді. Құрбанов заң аясында жауапқа тартылды,– деді директор. Талипов Құрбановтың мас күйінде, түн ішінде соқтығысуын ауыл әкімімен байланыстырады. Бұл жөнінде біраз күдіктер бар. 

– Мен сол Кентауда тұрып Ә.Құрбановтың ұялы телефонына қоңырау шалдым. Тұтқаны ауыл әкімі Абдрайымов көтерді. Екеуіміздің әңгімеміз жараспады. Осы оқиға кезінде ауыл әкімі  Ә.Абдырайымов Ә. Құрбановпен бірге жүрген бе деген күдігім бар. Алайда әкім кейін бірде «Әлібек менің үйіме келіп, телефонын ұмытып кетті» деді, енді бірде «мен Әлібекті осы кезде кездесуге шақырған едім» дегенді айтады. Қысқасы әңгімесі қиыспайды, – дейді Талипов.

Әрине, бұл жерде Талиповтың айтып отырғаны күдік қана. Құрбановтың директорға жеңіл жарақат салуына ауыл әкімінің қатысы бар дегенді енді дәлелдеу қиын. Бірақ Талипов сол жолы ауыл әкімімен арада болған әңгімені толығымен таспаға басып алған. Осы айғақ бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті тексеру жұмыстарын жүргізеді. Тексеру барысында әкім Талиповпен арадағы әңгіме кезінде өзінің мас болғанын, әдепсіздік көрсеткенін мойындамаған. Дегенмен тексеру қорытындысында «ауыл әкімі А.Абдраиымовтың  арыз иесі Ш.Талиповпен ұялы телефон арқылы сөйлесу барысында мемлекеттік қызметшіге тән емес, яғни, «Не болды ей», «Не», «Сен ғой бәрін шулатып жүрген ауылдың», «Ей, не демекшісің сен ал» деген сөздер арқылы сыпайылық пен әдептілік танытпаған», деп жазылған.

Screenshot_6.jpg

Айбек Шілманов

Кешегі күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілмановтың төрағалығымен өткен Әдеп кеңесінің отырысында Ә.Абдрайымов кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Оған «сөгіс» жазасын беру туралы ұсыныс берілді.

Бір байқағанымыз сол баяғыша жік-жікке бөлінушілік. Оның бір ұшы рулық мәселеге де барып тірелетін сияқты. Бабайқорғандағы берекесіздіктер қашанға дейін жалғасады? 

Screenshot_7.jpg

Бабайқорғанның жуырда Кентау қаласынан бөлініп, жаңадан құрылған Сауран ауданының құрамына өткені белгілі. Ауылдағы осындай жөнсіз тірліктерге, халықтың талап-тілегіне Кентаудың әкімі Дәурен Махажановтың мойын бұруға мұршасы болмап еді. Енді халық Сауранның алғашқы әкімі Ғани Рысбековтен үміт күтеді.

«Халықты қанап бітті» Танымал заңгер премьер-министрді қатаң сынға алды
Ислам Әбішев бостандыққа шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу